Кәсіпкерлер «құнсызданған теңге» шығынға батырды дейді

Қырмандағы фермер. (Көрнекі сурет)

Мемлекеттің көмегімен лизингке доллармен техника алуды жоспарлаған кәсіпкерлер девальвациядан соң тауары бірден қымбаттап, жоспарлары бұзылды. Құрылысы тоқтап қалғандар да бар.
Оңтүстік Қазақстан облысында егін салатын жеке кәсіпкер Мұрат Жақан (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) теңгенің девальвациясына дейін несиеге «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамының көмегімен жеңілдетілген бағамен шетелден 5 миллион теңгеге трактор сатып алмақ болған.

Келісім-шарт жасасып, алдын-ала 25 пайыз үстемақысын да өтеп қойған ол тракторын ақпанның 11-і күні алуы тиіс еді. Алайда сол күні доллар бағамы күрт шарықтап кетіп, «Қазагрофинанс» өкілдері «трактордың құнын қайта есептейтіндерін» айтқан.

«Келісім-шарт девальвацияға дейін жасалды емес пе? Онда неге маған доллардың өсуі әсер етуі тиіс? Түсінбеймін. Қазір «Қазагрофинанс» қайта есептеу жүріп жатқанын айтты» дейді Мұрат Жақан.

«ТЕХНИКАНЫ ДОЛЛАРҒА АЛАМЫЗ»

Бұл өңірде Мұрат Жақан сияқты қиындыққа ұшыраған ондаған кәсіпкер бар. Бірақ олардың көпшілігі тікелей сұхбат беруден бас тартып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көмек көрсететін «Қазагрофинанс» компаниясының өкілдері теңгенің құлдырауы шаруаларға қиын тимес үшін бар амал-тәсілдерді қарастырып отырғанын мәлімдейді.

Бұл мәселеге қатысты Азаттық тілшісі «Қазагрофинанстың» Астанадағы бас кеңсесіне хабарласты. Компанияның баспасөз хатшысы Әлия Есенова:

Қазақстандық фермер ескірген тракторының қасында тұр. (Көрнекі сурет)

«Егер кәсіпкер алатын техниканың құны техника жеткізушілерге төленіп қойылған болса, онда бұрынғы бағамен төленеді. Ал егер ақша девальвацияға дейін техника жеткізушіге берілмеген болса, онда қайта есептелуі мүмкін. Тіпті техника құнының 25 пайызы алдын-ала төленсе де. Себебі біз техниканы доллармен сатып аламыз. Біз оларды қайта санап, несиені теңгемен береміз ғой» деді.

«Қазагрофинанс» өкілдері техниканың барлығы шетелден әкелінгендіктен, олардың құнын қайта есептеуге мәжбүр екендерін айтады.

Ал Мұрат Жақан өзі алмақшы болған трактор құнының техника жеткізушілерге төленген-төленбегенінен бейхабар.

Шымкент қаласындағы «Қазагрофинанс» өкілдерінің айтуынша, егер жеткізуші компанияларға ақы төленбеген болса, кәсіпкер ақшасын кері қайтарып алуға құқылы.

«Шетелдік тракторлардың бағасы әлі белгісіз. Қаралып жатыр. Жеткізуші компаниялар өз қызметінің ақысын айтқан жоқ» деді Азаттыққа өзін Ермек деп таныстырған «Қазагрофинанстың» Шымкенттегі өкілі.

Компания өкілі девальвацияның клиенттеріне қиын тимеуі үшін түрлі шаралар қолданып отырғанын, мысалы, ауыл шаруашылығы техникасының құнын мемлекеттік субсидиямен қоса есептеген кезде бұрынғыдай 12,8 емес, 5,8 пайыз сыйақы мөлшермен несиеге беріп отырғанын айтты.

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ

Теңгенің күрт құнсыздануы құрылыс саласына да әсер еткен. Аты-жөнін атамауды өтінген жезқазғандық кәсіпкер қазір девальвация кесірінен Жезқазған қаласында ондаған ғимараттың құрылысы тоқтап қалғанын айтады.

Көрнекі сурет.

​Кәсіпкердің сөзінше, 2013 жылдың көктемінде «Базис» құрылыс компаниясына тиесілі фирмалардың бірі мектеп пен балабақша және 40 шақты үй салу бойынша тендер ұтып алып, қосалқы мердігер ретінде өздерін жалдаған. Үйлерді көтеріп, шатырларын жауып, есіктерін орнатып, ішкі жұмыстарына келгенде «девальвацияға байланысты» жұмыс тоқтаған.

«Ақша жетпей қалғанға ұқсайды. Енді басшыларымыз «Алматыдағы басшыларға кіреміз, солар шешеді» деп отыр. Жалғыз біз ғана емес, 12 фирманың бәрі де тоқтап тұр» деді кәсіпкер.

Азаттық тілшісінің «Базис» құрылыс компаниясының басшылығына хабарласу әрекеті нәтижесіз аяқталды.

Жезқазған қаласындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығының өкілі Думан Жамановтың айтуынша, «онсыз да шығынға батып жүрген» өңірдегі кәсіпкерлер наурызда басталатын тендерге қатысуға жүрексініп отыр.

«Өйткені әуел баста бюджетпен есептегенде бұрынғы бағамен есептелген ғой. Қазір құрылыс материалдарының бағасы өзгеріп кеткен. Оның үстіне мемлекеттік бюджет максималды түрде үнемделе береді. Жезқазғанда үкіметтің белгілеген тұрғын үй бағасы бір шаршы метрге 80 мың теңге. Қазақстан бойынша ең төменгі баға. Бірақ та оны ешкім есептемейді. Жезқазғанда құрылыспен айналысу өте тиімсіз екенін кәсіпкерлердің барлығы біледі» дейді Думан Жаманов.

Алдағы тендерге қатысуға «тәуекел» еткенін айтқан кәсіпкер Айдос Нұрымов (өз өтініші бойынша аты өзгертілді - ред) «жұмыстың түріне қарай» шешім қабылдайтынын айтады. Өйткені девальвациядан кейін импорт құрылыс тауарларын пайдалану қымбатқа түседі.

Девальвация жасалған күнгі валюта бағамы. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

«Егер жұмысы көп, материалдар аз кетсе, онда тәуекелге баруға болады. Ал шеттен әкелінетіні көп болса, онда қауіп те көп болады. Онда қатысу қиынға түспек. Жезқазғанның өзінде көп нәрселер шығарылмайды ғой. Негізінен цемент, металлопрокат, өңдеу материалдарының кейбір түрлері ғана шығады. Ал қалғанын сырттан тасуға тура келеді. Тасудың өзі қиын. Жезқазғанға жеткенше құны да бірнеше есе өсіп кетеді» дейді Айдос Нұрымов.

Девальвациядан кейін кәсіпкерлердің басына түскен қиындықты шешу туралы билік мәлімдеме жасады. Ақпанның 14-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін ұлттық қордан бір триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді.

Ақпанның 20-сы күні өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның барлық аудандарында кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беретін 160 орталық ашылатынын айтты. Вице-министрдің сөзінше, мұндай орталықтарда кәсіпкерлер бизнес ашу мен мемлекеттік көмекке қатысты кеңестер алады.

Ақпанның 11-і күні Қазақстан ұлттық валютасы – теңге девальвациясын жасаған. Содан бері үкімет «әлеуметтік маңызы бар» тауарлардың бағасын өсірмеу туралы бірқатар іс-шара жоспарласа да, баға біртіндеп өсіп барады. Елдің ірі қалаларында теңгенің құнсыздануына байланысты наразылық шаралары өтті.