ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ
Шымкент тұрғыны 45 жастағы Гүлжанның (аты-жөні өзгертілді – ред.) тұрмыс құрғанына 18 жыл болған. Бір ұл, бір қызы бар отбасында «күнделікті болатын ұрыс-жанжалға» әйел ішімдікке тәуелді күйеуін кінәлайды.
- Жұбайым күнде арақ ішеді. Айқай-шудан әбден шаршадық. Балаларға обал болды, әкелері ішіп келгенде кірерге тесік таппай қашады, - дейді Гүлжан.
Ол маскүнем күйеуінің әңгіртаяғынан моралдық-психологиялық тұрғыдан әбден шаршағанын айтып налиды.
- Ішіп келеді де, ұрады, жұлқылап, сүйрейді. Берген тамақты лақтырады. Соңымнан қалмай былапыт сөздер айтады. Жүйкем әбден жұқарды, - дейді әйел.
Ішіп келеді де, ұрады, жұлқылап, сүйрейді. Берген тамақты лақтырады. Соңымнан қалмай былапыт сөздер айтады. Жүйкем әбден жұқарды.
Гүлжанның сөзінше, ішімдік кесірінен жұмыссыз қалған күйеуінен туған-туысы да сырт айналған.
- Ажырасайын десем оған көнбейді. Емдету үшін наркологиялық диспансерге апарсам одан қашып шығады. Тәуіпке де сүйредім. Жасамаған амалым қалмады, - дейді келіншек.
Отбасындағы күнделікті ұрыс-керіс салдарынан әйелі жұбайына деген көңілі суып кеткенін айтады.
- Ең қиыны, ішіп алған кезде қайта-қайта мені төсекке сүйрейді. Ал мен одан жиіркенемін. Қашамын, - дейді Гүлжан.
Ол отбасындағы ұрыс-жанжал балаларының болашағына кері әсер ете ме деп алаңдайды. «Барлығы балаларымыздың көз алдында өтіп жатыр. Біздің күйіміз кейін олардың өмірінде қайталана ма деп қорқамын» дейді екі баланың анасы.
ӘЙЕЛГЕ ӘЛІМЖЕТТІК АЗАЙМАЙ ОТЫР
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ОҚО ІІД) жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Алма Серғазиева аймақта әйелдерге зорлық-зомбылық жасау көрсеткіші жоғары екенін айтады.
- Мысалы, өткен 3 ай ішінде облыста зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 4038 әйел шағым түсірген. Олардың 946-сына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал қалған 3 мыңнан астам шағымның иелері біраз уақыттан соң өз арыздарын кері қайтарып алған, - дейді Алма Серғазиева.
Мамандардың айтуынша, әйелге қатысты көп жайт отбасының айналасында қалып қоятындықтан, зорлық-зомбылық жайлы толық ақпарат жоқтың қасы. Гендерлік экономика мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Әлия Ілиясова жапа шеккен әйелдер көбіне «елден ұят болады» деп, болған оқиғаны жұрттан жасыруды жөн көретінін айтады.
Әдетте әйелдер өздеріне жасалған зорлық-зомбылық туралы шағымдануды ұят санайды. Бірақ мұның соңы кейін қайғылы оқиғаларға ұласуы да мүмкін. Жылдар бойы зәбір-жапа шегіп, ақыр соңында аса ауыр қылмыс жасаған әйелдер де бар.
- Әдетте әйелдер өздеріне жасалған зорлық-зомбылық туралы шағымдануды ұят санайды. Бірақ мұның соңы кейін қайғылы оқиғаларға ұласуы да мүмкін. Жылдар бойы зәбір-жапа шегіп, ақыр соңында аса ауыр қылмыс жасаған әйелдер де бар, - дейді сарапшы.
ОҚО ІІД аға инспекторы Алма Серғазиеваның айтуынша, полиция ерлі-зайыптылар ісіне өз бетінше кірісе алмайды.
- Тек әйелі шағым түсірсе ғана отбасының ішкі мәселесіне араласамыз. Күйеуімен сөйлесіп, түсіндіреміз. Егер нәтиже бермесе, оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, істі сотқа жібереміз, - дейді аға инспектор.
Алма Серғазиева бүгінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық әйелі еңбек етіп, күйеуі жұмыссыз отырған отбасыларда да жиі кездесетінін айтады. Жапа шеккен әйелдің шағымы бойынша сот оның жұмыссыз күйеуіне айыппұл салатын болса, екеуі де бір отбасы мүшелері болғандықтан, айыппұл әйелдің табысынан төленеді.
Полиция өкілінің сөзінше, биылғы үш айда облыста әйелдер берген шағым бойынша қозғалған 946 қылмыстық істің 83-і «әйел зорлау» оқиғасына қатысты. Алма Серғазиева күйеуінен жыныстық тұрғыда зәбір көретін әйелге оны дәлелдеу қиынға соғатынын айтады.
- Көп жағдайда күйеуі мәжбүрлемеу қажет екенін ескермей, әйелімен кез келген жағдайда жыныстық қатынасқа түсуге құқым бар деп ойлайды. Ал әйелдерге күйеуінің жыныстық зорлық көрсеткенін дәлелдеу өте қиын. Сол күні келіп сараптама жасалмаса, оны дәлелдеу мүмкін емес, - дейді аға инспектор.
Сарапшы Әлия Ілиясова әйелдерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге қатысты Қазақстан заңдарында айқын анықтама берілмегенін айтады. «Бұл - үлкен мәселе» дейді ол.
2015 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге жәрдем көрсетуге арналған 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ресми деректер бойынша, жыл сайын елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орташа есеппен 500-ден астам әйел көз жұмады.