Азаматтық белсенді, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жасанды жолмен ұрықтандыруға қатысты жуықта шығарған, «ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болмаса, тыйым салу» жайлы пәтуасына наразы.
– Қазақстан – зайырлы қоғам. Зайырлы қоғамда олардың шығарған заңдары мемлекеттік болып саналмайды. Жасанды ұрықтандыруға қатысты мемлекеттік заңдар бар. Заң бойынша ерлі-зайыптылардың келісімі болып тұрса, оған ешқандай қарсылық жасалынбайды. Әрі-беріден соң бұл – жеке адамдардың құқығына қол сұғу, – дейді Бақыт Түменова.
«ЗИНА МЕН МОРАЛЬ»
ҚМДБ жасанды жолмен ұрықтандыруға қатысты пікірін қазанның 27-29-ы күндері аралығында өткен кеңесінде мәлім еткен еді.
Діни бірлестіктің muftyat.kz сайтында жариялаған ол пәтуада «ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе, шариғатта рұқсат етіледі; бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған» деп жазылған.
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Медет Құрмашұлы «мұндай пәтуа шығаруға Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандырудың ерекше дамып кеткені себеп болғанын» айтады.
– Біздің пәтуа бөліміне осы жөнінде сұрап келетіндер өте көп. Мәселен, жақында бізге бір ерлі-зайыпты адамдар келді. Күйеуі белсіз. Сол себепті «Басқа бір еркектің ұрығын салып ұрықтандырсақ, сол арқылы балалы болсақ қалай болады?» деген сауал қойды. Мұндай мәселе қазір көп таралып жатыр, – деді ҚМДБ өкілі Азаттыққа.
Медет Құрмашұлы діни ұйымының «ерлі-зайыптылар балалы болу үшін басқа бір донордың ұрығын қолдануға мүлдем тыйым салу керек» деген пікірін:
– Бұл, біріншіден, шариғатта зина болып есептелінеді. Екіншіден, адамға моральдық тұрғыдан да дұрыс емес, – деп түсіндірді.
«ДОНОР ҰРЫҒЫН 2-3 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ПАЙДАЛАНАДЫ»
Бірақ репродуктолог-эмбриолог ғалым, Қазақстанда алғаш 1995 жылы әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыру лабораториясын ашқан дәрігер Салтанат Байқошқарова ҚМДБ зина деп тапқан әдістің – үшінші бір адамның ұрығы арқылы сәбилі болу оқиғасының көп емес екенін айтады.
– Біздің орталыққа келген клиенттердің 97-98 пайызына жұбайының ұрығы салынады. Өйткені қазір осы деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Ал қалған 2-3 пайызына ғана донордың ұрығын пайдалануға тура келеді. Бірақ оны отбасының өзі шешеді, – дейді маман.
Қазір Қазақстанда бала көтере алмай жүрген әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыратын 10 орталық бар, оның жетеуі – жеке меншік. Бұл орталықтарыдң көмегімен 6 мыңдай бала өмірге келген. Бұл жолмен балалы болғысы келген отбасылар мемлекеттен бөлінген квота аясында тегін медициналық көмек ала алады. Ал коммерциялық орталықтарда бұл қызметтің жасалу құны мен дәрі-дәрмегіне 180-340 мың теңгедей қаржы жұмсалады.