ОСК сайлаудың түпкілікті қорытындысын жариялады

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 4 ақпан 2011 жыл.

Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын сейсенбіде жариялаған ОСК сайлаушылардың 95,55 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді деп хабарлады.

Сәуірдің 5-і күні сағат 15-те басталған Орталық сайлау комиссиясының отырысында «2011 жылғы 3 сәуірде болған Қазақстан республикасы президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау туралы» жалғыз мәселе қаралды.

Бұл мәселеге байланысты ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның сайланған президенті деп санау және сайлаудың түпкілікті қортындысын БАҚ-та жариялау туралы ОСК қаулысының жобасымен таныстырды.

Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов барлық облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 2011 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауының түпкілікті нәтижелерін жария етті.

Қуандық Тұрғанқұлов, Астана, 5 сәуір 2011 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Қуандық Тұрғанқұлов, Астана, 5 сәуір 2011 жыл.



Оның айтуынша, тізімге енгізілген 9 миллион 200 мың 298 сайлаушының 8 миллион 279 мың 676-сы сайлау бюллетенін алған. Яғни, сайлаушылардың дауыс беруге келуі 89,99% құраған.

- Сайлаудың тікелей нәтижелеріне келетін болсақ, жалпы республика бойынша сайлаушылар дауысы келесідей бөлінген: Жамбыл Аужанұлы Ахметбековке 111 мың 924 сайлаушы дауыс берген, бұл - 1,36 пайызын құрайды; Мэлс Хамзаұлы Елеусізовке 94 мың 452 сайлаушы дауыс берген, бұл сайлаушылардың 1,15% құрайды; Ғани Есенгелдіұлы Қасымовқа 159 мың 036 сайлаушы дауыс берген, бұл - 1,94% құрайды; Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – 7 миллион 850 мың 958 сайлаушы дауыс берген, бұл - 95,55% құрайды, – деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Сонымен бірге ол сайлау учаскелеріндегі дауыс беру мен дауыстарды санау барысын байқауды барлығы 30 мың 266 адам жүргізгенін хабарлады.

Соның ішінде 9417-сі - кандидаттардың сенім білдірген адамдары, 1212-сі - шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік БАҚ өкілдері екенін айтты. "Бұларға қоса, саяси партиялардан 12 мың 828 мың, ал қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардан – 6212 бақылаушы және республикалық БАҚ өкілдері ретінде 597 адам қатысты" деді ОСК төрағасы.

- Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен шағымдар жоқ, ал облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына барлығы 8 шағым түсіп, олардың барлығы да жедел түрде қаралған, - деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Ол Қазақстанның әрбір өңірінде кандидаттарға берілген дауыстар жөніндегі мәліметтер баспасөзде жарияланып, бұл мәліметтер Орталық сайлау комиссиясының интернет ресурсында қойылатынын айтты.