Наурыздың 30-ы күні орталық сайлау комиссиясы Қазақстандағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бойынша бюросының Сайлауды бақылау миссиясының аралық есебіне қатысты жауап берді.
Естеріңізде болса, наурыздың 24-і күні жарияланған есепте оннан аса ескерту айтылған. Оның алғашқыларының бірі – сайлау учаскелерінің деңгейінде дауыс беру нәтижелері немесе хаттамалары ОСК вебсайтында жарияланбайтындығы еді. «Бұл сайлау процесінің маңызды бөлігінің жария болуын төмендетуі мүмкін» делінген есепте.
САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢДА ЖОҚ «ЖАЙТ»
Алайда наурыздың 30-ы күні Азаттыққа түсініктеме берген орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен «бұл жайт Сайлау туралы заңда көрсетілмегенін» айтты.
– Сайлау туралы заңның 62-бабының 1-тармағына сәйкес президент сайлауында дауыстарды санау нәтижелерi аумақтық сайлау комиссияларының отырысында белгiленедi және ОСК-ға жолданатын хаттамаға енгiзiледi. Ал ол Заңның 65-бабының 1-тармағына сай осы хаттамалардың негізінде президент сайлауының қорытындыларын белгiлейдi. Осы аумақтық сайлау комиссияларынан ОСК-ға келіп түскен хаттаманы қабылдап, оны жария етеді. Ал сайлау учаскелерінің деңгейінде дауыс беру нәтижелері мен хаттамаларды ОСК веб-сайтында жариялау көзделмеген. Мұндай шешім өткен сайлауда қабылданған, – деді орталық сайлау комиссиясы мүшесі.
«БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТСІЗ ОРТА»
Қазақстандағы Демократиялық институттың адам құқықтары жөніндегі бюросының есебінде «Жалпы сайлау алдындағы жағдайға тән сипат - оппозициялық партиялардың жеткіліксіз дәрежеде қатысуы» екендігі айтылған. Сайлауды бақылау миссиясының пікірінше, бұл «бәсекеге қабілетсіз ортаның қалыптасуына душар етеді». Алайда сайлау комиссиясының пікірі – бұған қарсы.
Партиялардың бәрі тең, ал оларды оппозициялық деп атау орынсыз.
НАЗАРБАЕВ ПРЕЗИДЕНТ ПЕ, ҮМІТКЕР МЕ?
Азатыққа түсініктеме берген Ләззат Сүлеймен президент Назарбаевтың кандидат ретіндегі және қазіргі президент ретіндегі қызметі арасында нақты айырмашылық бар екендігін атап өтті.
– Үгіт-насихат науқаны басталғалы бері ОСК арнайы мониторинг жүргізіп келеді. Мұнда [Назарбаевтың] президенттікке кандидат ретінде жұмысы және оның президенттік міндеттеріне байланысты жұмысы бақылануда. Сондықтан оның (Назарбаевтың - ред.) президент және кандидат ретіндегі жұмыстарының шегі анықталған, – деді сұхбаттасымыз.
Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында осыған қатысты «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қазіргі Президент мәртебесінің оның кандидат ретіндегі мәртебесінен айырмашылығы жоқтығын емес, қазіргі президенттің сайлау алдындағы үгітке жеке өзі қатыспай, қалған президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт науқанын өз пайдасына жүргізуі үшін қосымша мүмкіндіктер жасап отырғанын атап көрсетсе, орынды және қисынды болар еді» деген ұсыныс айтыпты.
БАҚЫЛАУШЫ МЫҢНАН АСАДЫ
Орталық сайлау комиссиясының жауаптарына қатысты Қазақстандағы демократиялық институттар және адам құқықтары бойынша бюросының Сайлауды бақылау миссиясына хабраласқан едік. Олар сайлау аяқталғанша қандай да бір түсініктеме беруге құқықтары жоқтығын айтып, кез-келген мәлімдемені 3 сәуірден кейін беруге уәде етті.
Бүгінгі мәлімет бойынша, мерзімінен бұрын сәуірдің 3-інде өтетін президент сайлауын бақылайтын мыңнан астам бақылаушы тіркелген. Олардың арасында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан – 357, ТМД бақылаушылар миссиясынан – 425, ШЫҰ бақылаушылар миссиясынан – 12, халықаралық ұйымдардан – 99, шет мемлекеттерден – 162 бақылаушы тіркелді.
Оған қоса, Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Қазақстанда тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да өзгелермен тең дәрежеде бақылаушы ретінде қатыса алады.