Accessibility links

Оқушылардың айтысында тәуелсіздіктен гөрі Назарбаев көп айтылды


Жас ақындарды марапаттап тұрған "Астана дарын" өңірлік ғылыми практикалық орталық директоры Майра Құрманбаева, Астана 20 наурыз 2011 жыл
Жас ақындарды марапаттап тұрған "Астана дарын" өңірлік ғылыми практикалық орталық директоры Майра Құрманбаева, Астана 20 наурыз 2011 жыл

Астанада тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында өткен айтыста қатысушылар кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа президент сайлауында сәттілік тіледі. Тақырыптан ауытқып кеткендерге төрешілер ескерту айтып жатпады.


«Астана дарыны» өңірлік ғылыми практикалық орталығы тұңғыш рет оқушылар арасында айтыс ұйымдастырды. «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында өткен оқушылар айтысына Астанадағы қазақ мектептерінен 16 оқушы қатысты.

Наурыздың 20-сында өткен айтыстың мақсаты «қазақ халқының шешендік өнерін насихаттау, туған елін, жерін құрметтеуге деген қызығушылығын арттыру, оқушыларға айтыс дәстүрін жан-жақты насихаттап, талантты жас ақындардың ақындық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау» деп хабарланды.

САЯСИ САУАТЫ БАСҚА САУАТЫНАН БАСЫМ

Әйткенмен оқушы ақындар негізгі тақырыптан ауытқып, президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі саяси билікті мадақтай кетіп отырды. Бұған қазылар тарапынан ешқандай ескерту де жасалмады. Мектеп оқушылары арасындағы әлеуметтік мәселелер (өзіне-өзі қол жұмсау, әлімжеттік, т.б.) туралы бір ауыз сөз айтылмады.

Алғашқы болып сахнаға шыққан ақынның бірі - 10 сынып оқушысы Мақсат Аманжол:
Оқушылар айтысында бас қазы болған айтыс ақыны Балғынбек Имашев "оқушыларды айтысқа дайындаған ұстаздарының оларға не айту керек туралы нұсқау бергені көрініп тұр" дейді.

- Тәуелсіздік тұғыры берік болғай,
Жар болып жүрсінші Алла өзі қолдай.
Нұрағаңның бастаған нұрлы жолын,
Жиырма том қып жазатын кезі келді-ай.
Сайлауда жеңіп шығып елбасымыз,
Естілсін бар әлемге мәңгі атымыз.
Ақ көңілді дүйім қазақ аман болғын,
Доғарайын кезегімді саған беріп, - деп «төгілтті».

Сахнаға шыққан оқушылардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаев пен Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитін және Азиаданы тілге тиек етпей кетпеді. Оқушылар Қазақстан тәуелсіздігін қазіргі президентпен сабақтастыратындарын да өз жырларында жасырып қалмады. Оқушылар айтысында бас қазы болған айтыс ақыны Балғынбек Имашев "оқушыларды айтысқа дайындаған ұстаздарының оларға не айту керек туралы нұсқау бергені көрініп тұр" дейді. Жастары кәмелетке толмаған жасөпірімдердің сайлау туралы айтқанын артық деп санайды ақын.

Ал оқушылардың Қазақстан тәуелсіздігін тек қазіргі президентпен сабақтастыратынын мектеп бағдарламасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының кінәсі деп түсінеді Балғынбек Имашев.

- Тәуелсіздік тағылымы деген соңғы жиырма жыл емес, осы ұлан-байтақ жерді, мемлекетті ұрпағына аманат етіп кеткен сонау бабаларымыздан бастап айтылса, әрине, болар еді. Бұл жерде тағы да сол балалар бұрынғыдай кітап оқымайды деп ойлаймын. Жастардың әңгімесінің өзі «майл.ру, агент, түгілен-пүгілен» деген әзілдерден шығып жатыр ғой. Бұл жастар оқыса, тек мектеп бағдарламасындағы пәндерді оқиды. Қосымша онша кітап оқи бермейді. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдарында не айтылып жатыр, соны бұлар сіңіріп алып айтып отыр. Яғни біздің бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіздікті тек осы тұлғамен ғана байланыстырып отыр деген сөз, - дейді айтыскер ақын Балғынбек Имашев.

Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылатын клишелерді "сіңіріп алуға бейім" тек оқушы айтыскерлер ғана емес екені анық. Өйткені биыл қаңтардың 21-інде дәл осындай "Тәуелсіздік тағылымы" деген айтыста Балғынбек Имашевтің өзі де "жемқорлыққа қарсы күрес ашқан елбасының ниеті шынайы еді" деген шумақтарды аз айтпаған. Аманжол Әлтаевпен айтысында:
Соңғы ханның арманын сөніп қалған
Тұңғыш патшам қайтадан тұтатқан жер!

- Елбасы Астананы көшіргенде,
Есілден ырыс пенен құт аққан жер.
Баянды бостандықтың орнағанын,
Бәйтеректе бүр жарған бұтақтан көр.
Соңғы ханның арманын сөніп қалған
Тұңғыш патшам қайтадан тұтатқан жер, - деп тастағаны бар.

Ал наурыздың 20-сында өткен оқушылар айтысында ұстаздар өздерінің ешқандай да нұсқау тапсырма бермегенін алға тартса, шәкіртін айтысқа дайындаған мұғалімнің бірі Орынбасар Болатбекұлы оқушылар айтысында саясаттың айтылуы заңды құбылыс деп ойлайды.

- Менің ойымша заңды. Өйткені бүгінгі ұрпақ бүгінгі оқушы, ертеңгі елдің бір тетігі, болмаса бір бөлшегі деп айтуға болады. Сондықтан қазірден бастап өздерінің ойларын білдіріп, қандай ортада өсіп келе жатқандығынан хабардар болғандығының ешқандай сөкеттігі жоқ дейді, - №54 мектеп мұғалімі Орынбасар Болатбекұлы.

«АҚЫЛДЫ БАЛА АҚЫНДАР»

Айтысты ұйымдастырған «Астана дарын» орталығы оқушылар айтысының ережесін өздері шығаратын журналға да басып шығарыпты. Алайда ұйымдастырушылар оқушы ақындардың айтыс барысында тақырыптан ауытқып кеткеніне еш реніш білдірмейді. Керісінше сайлаудың айтылғаны дұрыс деп санайды.
Сайлау да үлкен мереке. Сол сайлаудың қарсаңында осындай іс-шара жүргізіліп жатса, оны неге байланыстырмасқа?

- Қазіргі біздің балалар өте ақылды. Сондай бір жан жағынан хабардар. Біз балаларға ондай тапсырма берген жоқпыз. «Тәуелсіздік тағылымы» деген жалпы тақырыпты бердік. Ал, «ананы айт мынаны айт» деген тапсырма берген жоқпыз. Ретіп келіп жатса, егер біздің жетістігіміз бар болса, мақтанатын дүниеміз бар болса неге айтпасқа, Сайлау да үлкен мереке. Сол сайлаудың қарсаңында осындай іс-шара жүргізіліп жатса, оны неге байланыстырмасқа? Меніңше онда тұрған ештеме жоқ сияқты, - дейді «Астана дарыны» өңірлік ғылыми практикалық орталығының директоры Майра Құрманбаева.

«Астана дарын» орталығы алдағы уақытта оқушы ақындардың мектебін ашпақ ниеттері бар екенін айтады. Ал тұңғыш рет өткізілген оқушылар айтысына демеушілік танытудан ұлттық компаниялар мен министрліктердің бас тартқанына қатысты орталық басшысы ренішті екенін білдірді.
XS
SM
MD
LG