Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Қайсарды президенттікке үміткерге қойылатын талапқа сай емес деп таныды. Ал сәрсенбі күні мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырған үміткер Мұсағали Дуамбеков президент Назарбаевтың саясатын қолдайтынын айтады.
Ақпанның 9-ы күні Астанада Орталық сайлау комиссиясы елдегі кезектен тыс президент сайлауына өзін өзі ұсынғандардың бірі – парламент сенатының экс-депутаты, бүгінде «Кенесары хан» ұлттық тарихи-мәдени қорының президенті Уәлихан Қайсардың кандидатқа қойылатын талапқа сай келмейтіні туралы қаулы қабылдады.
– Қаулы қабылданды. Уәлихан Әбішұлы Кайсар Конституцияның қазақ тілін еркін меңгеруге қатысты бөлігіндегі талапқа сай келмейді деп танылды», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сәрсенбі күні.
Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков өзі жетекшілік ететін комиссия шығарған шешімнің саяси астары жоқ екендігіне сендіруге тырысты.
– Бұл жерде тек кандидаттың мемлекеттік тіл бойынша білімі және тілді қандай дәрежеде меңгеретіні ғана маңызды болды, – деді ол.
Осыдан бір күні бұрын Уәлихан Қайсардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін тексерген лингвистикалық комиссия оның сынақтан өтпей қалғанын хабарлаған. Ал Уәлихан Қайсар лингвистикалық комиссия Ақорданың тапсырмасын орындады деп санайды.
Ақпанның 9-ы лингвистикалық комиссия екінші үміткердің қазақ тілінен білімін тексерді. Бұл күні «Жасыл ғаламшар үшін» экологиялық бірлестігінің төрағасы Мұсағали Дуамбеков Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына қатысуға тілек білдірушілерге қойылған талапқа сәйкес мемлекеттік тілден емтихан тапсырды.
Емтиханға кірер алдында журналистерге «өзін оппозиционер деп есептемейтінін, сондықтан, егер комиссия құлатса, бұл – саяси тапсырма емес» деп санайтынын ескерткен Мұсағали Дуамбеков бір сағат бойы жабық есіктің ар жағында сыннан өтті.
Одан емтихан алған лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков журналистерге бұл сында Мұсағали Дуамбеков өзін қазақ тілін жетік меңгерген адам ретінде көрсеткенін айтты.
– Тыныс белгілері мен орфографияға қатысты қателер болды. Бірақ соған қарамастан ол жазбаша жұмысты жақсы жазды деп бағаланды. Ал екінші кезеңде Дуамбеков Мағжан Жұмабаевтың үш өлеңін жақсы оқып берді. Өз ойын анық жеткізе алды. Әрине, мұнда да аздаған кемшіліктер болды. Соған қарамастан ол өзінің мемлекеттік тілді жетік меңгергендігін көрсетті, – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Емтиханнан соң журналистерге берген сұқбатында Мұсағали Дуамбеков қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын мәлімдеді.
– Мен бірінші болуға дәмеленбеймін, олай болуы мүмкін де емес, құр қиял болады. Мен оппозиция өкілі емеспін, ғылым адамымын. Біз бейтарап ұстанымда екендігімізді, президентті қолдайтынымызды барлығы біледі, – деді Мұсағали Дуамбеков.
Ол бұл жолы кандидат ретінде тіркелсе, сайлау кезінде экологтар мен жастар өзін жақтап дауыс береді деп сенетінін айтады.
Мұсағали Дуамбеков 2004 жылы сәуірде әділет министрлігінде ресми тіркелген «Жасыл ғаламшар үшін» экологиялық бірлестігінің төрағасы. Бірлестік кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды басқаратын «Ақ орда» қоғамдық қозғалысының бір қанатына айналды.
Қайрат Сатыбалды мен Мұсағали Дуамбеков «Ақ орда», «Жасыл ғаламшар үшін» республикалық бірлестіктерін және Қазақстандағы өзге де қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп жасылдар партиясын құрмақшы ойлары барын да мәлімдеген еді.
Ал президенттікке кандидат болуға өзін өзі ұсынып Орталық сайлау комиссиясына ең бірінші болып өтініш берген Сәлім Өтен мемлекеттік тіл жөнінде сынақты тапсыруға әлі келген жоқ.
Ақпанның 4-і президент Назарбаев биылғы сәуірдің 3-інде Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Содан бері Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президент сайлауына өзін-өзі ұсынған үш адам – парламент сенатының экс-депутаты, бүгінде «Кенесары хан» ұлттық тарихи-мәдени қорының президенті Уәлихан Қайсар, кәсіпкер Сәлім Өтен және «Жасыл әлем үшін» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбеков өз өтініштерін тапсырды.
59 жастағы Сәлім Өтен мен 45 жастағы Уәлихан Қайсар осыған дейін 2005 жылы да президенттікке өздерін-өздері ұсынып, өтініш берген болатын. Бірақ, ол жолы орталық сайлау комиссиясы екеуін де түрлі себептермен тіркемей қойған еді.
Қазақстан оппозицияның бір бөлігі мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатысуға ниет білдірсе, өзгелері бұл сайлауға бойкот жариялауды жөн көріп отыр.
Азаттық радиосының президент болуға үміткер Мұсағали Дуамбековтен алған сұқбаты бүгін сәлден кейін вебсайтымызда жарияланады.