Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауына түсуге бірнеше үміткер ынта білдірді


Қазақстанда президент өкілетін ұзартатын референдум емес, әділетті сайлау өткізуге үндеген парақ ұстаған қоғамдық ұйым белсендісі.
Қазақстанда президент өкілетін ұзартатын референдум емес, әділетті сайлау өткізуге үндеген парақ ұстаған қоғамдық ұйым белсендісі.

Әзірге үш адам Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына қатысқысы келетіні туралы мәлімдеді. Оппозиция өкілдері ортақ кандидат шығару немесе сайлауға бойкот жариялау туралы да ұсыныс жасап отыр.


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күн жарияланысымен қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде сайлау додасына түсуге дайын екендерін кемінде үш адам айтып үлгерді.

Олар – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин және советтік Қазақстан диссиденті, композитор Хасен Қожахмет. Бұл үшеуі де ақпанның 4-і күні Азаттық радиосына өздерінің сайлауға түсуге дайын екендерін мәлімдеді.

Болат Әбілов, Азат ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл

Жұма күні ресми баспасөзде Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауын 2011 жылғы сәуірдің 3-іне тағайындау туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы жарияланған соң іле-шала «Халық билігі» оппозициялық саяси блогы осы сайлауға байланысты ортақ ұстанымды айқындау үшін талқылау өткізуді ұсынып «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен бірқатар қоғамдық бірлестіктердің атына үндеу таратты.

Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров пен тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру комитетінің төрағасы Владимир Козлов қол қойған үндеуде елде кезектен тыс президент сайлауына дейін тым қысқа мерзім белгілеген биліктің «оппозицияға сайлауға дайындалуға мүмкіндік бермей, президент Назарбаевты қызметінде қалдыруды мақсат тұтып отырғаны» айтылған.

Владимир Козлов, тіркелмеген Алға партиясының төрағасы АҚШ президенттері мен Қазақстан президентінің суреттерін ұстап тұр. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл

Үндеу авторлары «Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық қолайлы жағдай алдын ала жасалған» кезектен тыс сайлауға ортақ кандидат шығарғанда «сайлауда жеңіп шығу туралы утопиялық мақсат үшін емес, қоғамның парасатты, қазіргі билікке наразы барлық күшін біріктіруші» болғанын басшылыққа алуды атап айтқан.

«Ал егер ортақ кандидат туралы келісе алмаған жағдайда осы сайлауға бойкот жариялаған жөн сияқты. Таза сайлау болмайтындықтан осы жол ең дұрысы болар еді. Бұл жалғыз менің ғана емес, бұл қоғамда айтылып отырған негізгі ойдың бірі», – деді Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров жұма күні Азаттық радиосына.



Ал «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов партияның саяси басқару кеңесінің ұйғарымы бойынша кезектен тыс сайлауға өзінің түсетінін мәлімдеді:



«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов кезектен тыс сайлауға түскен жағдайда оған Нұрсұлтан Назарбаевпен ғана емес, бір кездері оған қарсы оппозиция қатарында тізе қосып күрескен кейбір бұрынғы серіктерімен де бәсекелесуге тура келмек.

Жасарал Қуанышәлин, "Жаса, Азаттық" қоғамдық ұйымының төрағасы. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл
Қазақстанда келесі президент сайлауына түсетінін былтыр күзде мәлімдеп жіберген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов бұл жолы мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатыспауға шешім қабылдағанын Азаттық радиосы хабарлаған. Оның айтуынша, бұған мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеріп үлгермейтіні себеп болған.

Ал Козловпен бірге «саяси тандемде» сайлауға түспекші Жасарал Қуанышәлин өз ниетінен қайтпағанын айтады. Ол Болат Әбіловті оппозициядан шыққан ортақ кандидат деп санамайды.



1991 жылы желтоқсанның 1-інде ең алғаш рет бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өткізілген Қазақ ССР президенті сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы жалғыз балама үміткер ретінде сайлауға түспек болған Хасен Қожахмет бұл жолы тағы онымен бәсекелесуге әрекет жасайтынын айтып отыр.
Хасен Қожахмет, советтік Қазақстанның диссиденті, 1986 жылғы желтоқсан қозғалысына қатысушы, композитор. Алматы, 1 желтоқсан 2009 жыл

– Мен ойлаймын, президенттің алатын дауысы 20 пайыздан аспайды. Біз халықтың арасында жүрміз ғой, бәрін көріп жүрміз. Сол 20 пайызды оған шенеуктері, өзінен жем жеп отырған әкімсымақтары ғана дауыс береді. Халық бермейді оған дауыс.

– Ал өз мүмкіндігіңізді қалай бағалайсыз?

– Егер дұрыс сайлау болса, мен 60-70 пайыз алуым мүмкін. Менің пікірім қазір толығымен халыққа жетпей жатыр. Халыққа Қазақстан қандай болуы керек деген өз идеяларымды жеткізе алмай отырмын. Егер (халық) барлығын түсінсе, әрине, 90 пайыз алар едім, – дейді Хасен Қожахмет



Ақпанның 4-і күні ҚазТАГ агенттігі «Руханият» жасылдар партиясы да президент сайлауына өз кандидатын қосқалы отырғаны туралы ақпарат таратты. Ал бұған дейін Қазақстанда өткен сайлауларға белсенді қатысып келген кейбір саяси партиялар бұл жолғы президент сайлауына өз қатарынан үміткер қоспайтындарын айтып отыр.

Әйткенмен Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына түсуге ниет білдірген үміткерлер саны осылармен шектелмеуі мүмкін. Бұл сайлауға батыс елдері алдында заңды реңк беру үшін жақын күндері билік саяси сахнаға қолдан жасаған қуыршақ кандидаттарды шығара бастайды дейді оппозиция өкілдері.

САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ақпанның 4-і күні Қазақстанның сайлау комиссиясы биылғы сәуірдің 3-іне белгіленген мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың шарттары туралы мәлімет берді. Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша кандидаттарды ұсыну ақпанның 5-і басталып, сол айдың 20-ы аяқталады. Үміткерлерді тіркеу рәсімі кандидаттар барлық қажетті құжаттарды тапсыра салысымен басталады да, ары кеткенде наурыздың 2-і бітеді.

Тіркелген үміткерлер наурыздың 3-і мен сәуірдің 1-і арасында (сәуірдің 2-іне қараған түнгі сағат 12-ге дейін) сайлауалды үгіт-насихат шараларын жүргізе алады. Президент сайлауына қатысатын кандидаттардың сайлау кампаниясына жұмсайтын жеке қоры, оған қоғамдық ұйымдардан бөлінетін қаражат және өзге де ұйымдар мен жеке адамдардың оған ерікті түрде беретін ақшасы 431 миллион 973 мың теңгеден аспауы тиіс. Яғни, үміткердің қаржы қоры шамамен 2 миллион 950 мың АҚШ долларынан артық болмауы тиіс.

Ақпанның 5-іПрезидент сайлауына үміткер ретінде өтініш беру басталады
Ақпанның 20-сыӨтініш беру аяқталады
Наурыздың 2-сіҮміткерлерді кандидат ретінде тіркеу мерзімі бітеді
Наурыздың 3-іПрезиденттік сайлау алдындағы үгіт-насихат шаралары басталады
Сәуірдің 1-і (2-сіне қараған түнгі 12-де)Үгіт-насихат шаралары тоқтатылады
Сәуірдің 3-і (07.00-20.00)Президент сайлауы өтеді
Сәуірдің 9-ына дейінСайлау қорытындысы жарияланады

Үміткерлер тіркелу үшін қазақ тілінен сынақ тапсырады, конституцияға лайық деп танылады және өздерін қолдайтын 14 облыстың кем дегенде тоғызында тұратын 91 мың сайлаушының қолын өткізеді.

Президент сайлауы сәуірдің 3-і күні жергілікті уақытпен таңғы жетіде басталып кешкі сегізде аяқталады.

Президент болуға кандидат атанудың шарттарына сәйкес келу үшін үміткер Қазақстанда туып өскен, соңғы 15 жыл осы елде тұрып келген, жасы қырыққа толған және мемлекеттік тілді жетік меңгерген азамат болуы тиіс.

Бір ерекшелігі - биылғы сайлауда жеңіске жеткен үміткер презденттік билікке бес жыл мерзімге сайланады.

Орталық сайлау комиссиясы сәуірдің 9-ынан қалдырмай сайлау қорытындысын шығарып, шешім қабылдауы тиіс.

Сайлау парақшаларында "үміткерлердің бәріне қарсымын" деген пункт болмайды. Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша сайлау туралы заңда мұндай жазу қарастырылмаған.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл жолы электрондық сайлау жүйесінің мүлдем қолданылмайтыны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша бұған дейінгі әртүрлі деңгейдегі сайлауларда дауыс берушілердің басым бөлігі қағаз бюллетенді жөн көрген.
XS
SM
MD
LG