Батыс елдері Қазақстанның референдумнан бас тартуын оң бағалап жатса, бірқатар сарапшылар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында «жақсы ойнап шыққанын» айтып отыр. Олар референдум болсын, сайлау болсын, нәтижесінің бірдей болатынын біле тұра Назарбаевтың неліктен кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге құлшынғанын ұға алмай дал.
САЙЛАУ ӨТКІЗУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ БОЛДЫ?
Саясаттанушы Ғалым Әбілсейітовтің пікірінше, қазіргі жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте қалуына төніп тұрған қатер жоқ. Бұған заң да, елдегі саяси хал-ахуал да, тіпті халық та «мүмкіндік береді». Ол президенттің сайлауды өткізуге асығуының бір ғана себебі болуы мүмкін деп болжайды.
- Бұл ең бірінші кезекте оның денсаулығымен байланысты ма деймін. Қашықта отырған маған солай сияқты. Оны теледидардан көрген кезде жүзі сынық, дәрі-дәрмектің арқасында өмір сүріп жүргендей көрінді. Әдетте бұл жастағы адамдар аурудың қармағына тез ілінеді. Менің ойымша, онда осындай проблемалар бар сияқты. Одан басқа әзірше ешқандай болжам айта алмаймын, - дейді Ғалым Әбілсейітов.
Назарбаевты теледидардан көрген кезде жүзі сынық, дәрі-дәрмектің арқасында өмір сүріп жүргендей көрінді.
Оның пікірінше, Назарбаев бұдан артық ешнәрсеге алаңдап отырған жоқ. Себебі «Қазақстанда оппозиция жоқтың қасы. Тайталасатын ешкім де жоқ». Ал елде президентті ұнатпайтын адамдар көп болса да, олар Египеттегідей ашық наразылығын көрсете алмайды деп есептейді ол.
- Египетте кезінде президентті қолдаған адамдардың қысқа уақыт аралығында оны жек көретіні білініп қалды. Менің ойымша, Қазақстанда да президентті көп адамдар жек көреді. Бұған сенімдімін. Бірақ бұл жек көрушілік сезімін көрсету үшін алғышарттар керек. Ал қазіргі Қазақстан жағдайында бұл мүмкін емес, - дейді Ғалым Әбілсейітов.
ҚОРҚЫНЫШ
Қазақстан оппозициясы шетелдік бюросының жетекшісі Серік Медетбеков елде болып жатқан соңғы саяси оқиғалардың астарында қазіргі режимнің «билікті уысымнан шығарып алам ба» деген қорқынышы жатыр деп санайды.
- Айталық, не себепті референдум керек болды? 5 миллион қол жинап, Назарбаевтың билікте қалуын көпшілік қалайтындай қып көрсеткісі келді. Назарбаевтың ықпалы күшті, оны халықтың сөзсіз қолдайтынын көрсету үшін. Екіншіден, бұл саяси технологияның астарында батысқа президенттің әлі де болса қоғамды демократияландыруға ұмтылып отырғанын көрсету үшін керек болды, - деді Серік Медетбеков.
Оның ойынша, Қазақстан билігі Таяу Шығыста болып жатқан әлеуметтік жарылыстарды да жіті бақылап, сақ отыр. Саясаткердің пікірінше, бұл да елдегі саяси оқиғаларға әсер етуі мүмкін екен.
- Қазіргі таңда Қазақстанда болып жатқан жағдайлар, яғни барлық әлеуметтік топтардың (тіпті ауқатты деген отбасылардың өздері) барған сайын құлдилап кедейленуі елде әлеуметтік жарылыс болу қаупін тудырып отыр. Ел президенті қалай болған күнде уақыттың өтіп бара жатқанын ұмытпауы керек. Ол қартайып барады. Ол тек өзінің айналасын ғана емес, өзі белгілеген ортадағы жағдайды дұрыс бағалаудан қалды. Сондықтан менің ойымша, уақыты да аз қалды, - дейді Серік Медетбеков.
«ЭЛИТААРАЛЫҚ СОҒЫС КҮШЕЙДІ»
Оппозициялық «Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедовтың пікірінше, қазіргі таңда Назарбаевтың отбасында да, элита арасында да ықпалы әлсіреген. Мұны сезетін ол саясаттан кетудің неғұрлым жеңіл жолдарын іздестіріп жатыр.
- Қазірдің өзінде президент жағдайды басқарудан қалды. Елде болып жатқан барлық саяси процестер элиталардан туындап жатыр. Элитааралық келіссөздер, элитааралық жанжалдар. Өкінішке қарай, Назарбаев кезінде болған жасырын келіссөздердің арты бүгінгі таңда әр түрлі топтар арасындағы ашық жанжалдарға ұласып барады.
Ішкі элита барған сайын орталықтан алшақтап барады. Қолында билігі бар адамдар қазір Назарбаев кеткеннен кейінгі уақытқа дайындалып жатыр. Билік басындағы топтар өз ішінен бөлініп, Назарбаев кеткеннен кейін қалыптасатын ваккуумға әзірлік үстінде. Олар, әрине бұл кезеңді тек қалта толы байлықпен ғана емес, халықтың қолдауымен бірге қарсы алғысы келеді. Ал халықтың қолдауына олар тек жүз, топ, тектік беделін пайдалану арқылы ие бола алады, - дейді Ержан Досмұхамедов.
Ал оппозициялық саясаткер Лира Байсейітова мұның барлығы елде бір адамның мүддесі үшін жасалып отырғанын алға тартады. Оның пікірінше, алдағы сайлаудың бұрынғылардан ешқандай айырмашылығы болмайды.
- Оны (Нұрсұлтан Назарбаевты – ред.) қанша рет қайта сайлап, өкілетін ұзартты. Кезектен тыс сайлау өткізді. 2011 жылы да дәл осындай сипатта сайлау өтпек. Бірде-бір үміткер оған дайындалып үлгермейтіні анық. Сондықтан ештеңеге сенуге болмайды, таң қалуға да болмайды. Бәрі сол баяғы Қазақстандағыдай! – дейді Лира Байсейітова.