Үкіметке қарсы жүргізілген бас көтерулер нәтижесінде Тунис президенті Зин әл-Әбидин Бен Әлидің тақтан тайдырылғанын бақылап отырған Орталық Азия, Әзірбайжан және Иран халқы Тунистегі оқиғаларды өз елдеріндегі жағдаймен салыстырады.
Тунистегі оқиғаның ең қатты әсер еткен елі – көршілес Мысыр болды. Онда азаматтық белсенділер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Тунисте болған істі қайталауға шақырып жатыр.
Тунис билігіне 1987 жылы келген Бен Әлидің режимімен рухтас Орталық Азия елдері де бұдан сырт қалмады. Азат Еуропа/Азаттық радиосының редакцияларына өз елдеріндегі авторитарлық режимнің де күні бітер уақыты таяу деп үміттенетін оқырмандардан көп пікір келді.
«Бізде де дәл осы жағдай! Тунистіктер дәл біздің, әзірбайжандардың жағдайын бастан кешіріп жатыр!» – дейді Баку тұрғыны Натик Кавадли Әзірбайжан редакциясының azadliq.org сайтында.
«Тунис сценариі Түркіменстанда да қайталануы мүмкін, – деп жазады «Махмал» деген оқырман Түркімен редакциясының azathabar.com сайтында.
Тунистің бұрынғы басшысы Зин әл-Әбидин Бен Әли мен жұбайы Лейла президенттік сайлау кампаниясы басталар кезде. Тунис, 11 қазан 2009 жыл.
– Егер Түркіменстан билігі Тунис оқиғаларының өз елімізде қайталанбауын қаласа, жағдайды түзеу үшін жедел шаралар қабылдаулары қажет».Өзге де орталықазиялық елдердегі көршілері сияқты Әзірбайжан мен Түркіменстанның авторитарлық президенттері де елге белгілі. Олар талай жылдан бері билікте отыр, ал отбасы мүшелері ел байлығын толықтай бақылауларына алған.
ӨЗГЕЛЕРГЕ САБАҚ БОЛСЫН
Душанбелік «Джоми» есімді оқырман халық қарсылығының Бен Әлиді тақтан тайдыруы Азия мен Африка елдеріне үлгі болып, «ешкімнің де билікте мәңгілік отыра алмайтынынан» хабар берді дейді.
«Алдымен бұл Қырғызстанда болды. Одан кейін Тунисте жалғасты. Келесі кезек кімдікі екендігін уақыт көрсетеді, – деп жазады «Джоми» Тәжік редакциясының ozodi.org сайтында. – Өкінішке қарай, Азия мен Африкадағы билеушілердің көпшілігі өз билігін ұзартудың әділетсіз тәсілдерін қолданғанды тәуір көреді... (Тунис) оларға сабақ болар».
«Оян, Орталық Азия!» – дейді Бішкектен «Қанатбек» қырғыз тіліндегі azattyk.kg сайтында.
Өзін Ресейде тұратын өзбекпін деп таныстырған «Абдулло» Өзбек редакциясының ozodlik.org сайтында «билікте 1989 жылдан бері отырған Өзбекстан президенті Ислам Каримов те Бен Әлидің кебін киеді» деп жазады: «Құдай көріп тұр, Өзбекстанды заңсыз, қатыгездікпен билеп-төстеп отырған диктатор Каримовтың да ақыры дәл осылай болады. Халыққа көрсеткен әділетсіздіктері үшін оның да жауап беретін кезі келеді».
КӨКТЕН КЕЛГЕН НЫШАН БА?
Тунис президенті Бен Әли елінен қашқан күні Қазақстан парламенті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту үшін Конституцияға өзгерістер енгізуді сөз қылып жатты.
Бұрынғы тунистік әріптесі сияқты қолпаштаушылары арқылы баламасы жоқ ұлт көсеміне айналған президент Назарбаев та 1980 жылдардың соңынан бері билікте отыр. Бен Әли сияқты, Назарбаев отбасының мүшелері де ысырапшылдығымен, өз ықпалдарын жеке бас пайдалары үшін пайдалануымен белгілі.
Қазақ редакциясы azattyq.org сайтының көптеген оқырмандары Тунистегі оқиғалар Қазақстан үшін үлгі болуы керек, тіпті «өте кеш болмай тұрып өз қателерін түзеу үшін Назарбаевқа көктен келген нышан сияқты» деп есептейді.
Азаттық сайтының енді бір оқырманы: «Тунистің президенті 23 жылдық биліктен соң елден масқаралықпен қашты. Ұзаққа созылған билігі кезінде ол да Назарбаев сияқты өзгелер үшін титтей де мүмкіндік қалдырған жоқ. Барлығы халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсылығы кезінде болды. Ұқсастық байқалып тұрған жоқ па?» – деп жазады.
«Сіздерге тағы бір ұқсастықты айтайын: Тунис Африкадағы барынша дамыған ел деп есептелсе, оның президенті елдің ауыспайтын ұлт көсемі деп жарияланған еді» – дейді Азаттық сайтының оқырманы.
«БҰЛ БІЗГЕ ТАНЫС»
Өткен жылы үкіметке қарсы әрекеттер барысында сыбайлас жемқорлығы, непотизмі үшін үнемі сынға алынып жүрген Қырғызстанның авторитарлық президенті Құрманбек Бакиев тақтан тайдырылған.
azattyk.org сайтының Бішкектік оқырманы «Қырғыз»: «Біздің революциямыз бүкіл әлемді шарпыды. Әділдік салтанат құрады. Сыбайластық жойылсын! Біз өз ісімізді ақырына дейін жеткіземіз!» деп мақтанышпен жазады.
Бішкектік «Мекенташтың» пікірінше, тунистіктер дәл осы кезде қырағы болулары керек. «Режимді құлату – бастамасы ғана. Ең бастысы – тұрақты және гүлденген ұлтты құру. Егер қырағылықты жоғалтар болсаң, бірінші сайлауда-ақ жеңіліске ұшырап, бұрынғы президенттің айналасындағы адамдардың билікті қалай басып алғанын бір-ақ көресің. 2010 жылғы біздің қателіктерімізді қайталамаңдар» дейді.
Тунистегі оқиғаларға Иран да құлақ түріп отыр. 2009 жылдың маусым айында президенттің күмәнді сайлауы өткен соң онда да жаппай наразылық болды. Жер-жерлердегі қарсылықтарға, сайлау кезіндегі кемшіліктер туралы мәлімдемелерге қарамастан, президент Махмуд Ахмадинеджад билікте қалды.
Өзін «зид-е Ислам» деп таныстырған оқырман Иран редакциясының radiofarda.com сайтында тунистіктердің ісі нәтижелі болар деген үмітін жазады. «Мен Тунис халқын шын жүректен құттықтаймын. Осы бір араб елінде демократия салтанат құрып, біз үшін араб әлеміндегі нағыз құқықтық мемлекеттің бірінші үлгісі пайда болады деп үміттенемін» деп жазады оқырман.