Жексенбіде Қазақстанда сайлаушылар кезектен тыс президент сайлауына дауыс берді. ОСК дауыс беруге хақы бар жұрттың 89,9 пайызы сайлауға қатысқанын айтады. Алайда қанша адам дауыс берсе де, заң бойынша сайлау өткен болып саналады.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру сәуірдің 3-і күні Астана уақытымен таңертеңгі сағат жетіде басталды. Дауыс беру сайлау учаскелерінде кешкі сағат сегізге дейін жалғасты.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, ел аумағында 9 700 және Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері жанында 35 сайлау учаскесі құрылған. Елдегі сайлаушылар тізіміне 9 миллион 180 мың адам тіркелсе, Қазақстаннан тыс жерде 14 мың сайлаушы есепте тұрғаны хабарланды.
Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына төрт кандидат түсті. Олар - Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясынан елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, «Қазақстан патриоттары партиясынан» парламент депутаты Ғани Қасымов және «Табиғат» экологиялық одағынан Мэлс Елеусізов.
Ахметбеков алғаш рет саяси додаға түсіп отырса, Қасымов пен Елеусізов осыған дейін бір-бір рет президенттіке кандидат ретінде бақ сынап көрген. Ал, Қазақстанды соңғы жиырма жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып отырған Назарбаев үшін бұл - төртінші сайлау.
ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов биылғы кезектен тыс президент сайлауына 4,7 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл осының алдында - 2005 жылы өткен президент сайлауына жұмсалған қаржы мөлшерінен 1,7 миллиард теңгеге артық.
Қолданыстағы сайлау заңына сәйкес, Қазақстанда дауыс беруге қанша сайлаушының қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Қаңтардың соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев елде сәуірдің 3-і күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Биліктің сайлауға дайындалуға тым қысқа уақыт бөлгенімен келіспеген Қазақстандағы оппозициялық партиялар сайлауға қатыспауды жөн деп тапты. Қоғамда осы сайлауға жаппай бойкот жариялау туралы бастама көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына келген 1059 халықаралық бақылаушының тіркелгенін хабарлаған. Олардың қатарында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының, сондай-ақ өзге де халықаралық ұйымдар мен шетелдердің өкілдері бар.
МЭЛС ЕЛЕУСІЗОВ НАЗАРБАЕВҚА ДАУЫС БЕРДІ
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос Астана уақытымен таңертеңгі сағат он кезіндегі мәлімет бойынша, тізімдегі сайлаушылардың 18,16%, яғни 1 миллион 666 мың 955 адам дауыс берді деп хабарлады.
«Сайлаушылар дауыс беруге белсенділікпен қатысып жатыр», - деді Владимир Фоос брифингте.
Тіркелмеген «Алға» партиясының белсендісі Салтанат Қалмұратова президент сайлауына қарсылық акциясын өткізді. Ақтөбе, 1 сәуір 2011 жыл.
Осы уақыттың ішінде президентікке түскен төрт кандидаттың бәрі дауыс беріп үлгергені хабарланды.Солардың бірі Мэлс Елеусізов Алматыда сайлау учаскесінде дауыс беріп шыққан соң өз дауысын бәсекелесіне – Нұрсұлтан Назарбаевқа бергенін мәлімдеген.
«Мен қазіргі президенттің жеңіп шығатынына кәміл сенемін, сондықтан оған өз дауысымды бердім», – деген Мэлс Елеусізов.
МӘЛІМЕТТЕГІ САН МИЛЛИОНДАП КӨБЕЙДІ
Жексенбідегі күндізгі сағат 12-дегі мәліметтер бойынша Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы барысында тізімге алынған сайлаушылардың 3,7 миллионға жуығы түске дейін дауыс бергені жайында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен жұртшылықты хабардар етті. Оның айтуынша, бұл жалпы сайлаушы санының 40,3 пайызын құрайды.
Арада екі сағат өткенде, яғни сағат 14.00-ге дейін 66 пайыздан астам сайлаушы дауыс беруге қатысқаны туралы журналистер Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостан естіді.
Ол осы уақытқа дейін 6 миллион 94 мың сайлаушы дауыс берді деп хабарлады.
АЛДЫҢҒЫ САЙЛАУДЫ АРТТА ҚАЛДЫРДЫ
Астана уақытымен 22 сағат 30 минутта Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов брифинг өткізді.
«Бізге еліміздің шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарында орналасқан, сондай-ақ Қазақстанның шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінде құрылған учаскелерден мәліметтер кейінірек келіп түседі. Олардың есебінсіз сайлаушылардың келуі туралы алдын-ала мәліметті сіздерге ұсынуға әзірміз», - деді ОСК төрағасы.
Тұрғанқұловтың айтуынша, облыстық, Алматы және Астана қалалық сайлау комиссияларынан түскен мәліметтерге қарағанда, жалпы республика бойынша сайлаушылардың дауыс беруге келуі 89,9 пайыз болған.
Ресми деректер бойынша, 2005 жылы Қазақстанда өткен президент сайлауына тізімге алынған сайлаушылардың 76,78 пайызы қатысқан еді.
Осылайша, Қазақстанда сәуірдің 3-інде өткен кезектен тыс президент сайлауына келушілер саны бұның алдындағы президенттік сайлау көрсеткіштерінен де асып кетті.
Қазір сайлау учаскелерінің барлығында дауыс саналып жатыр. Сайлау заңнамасына сәйкес, дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екі сағаттан аспауы тиіс.
«Ертең сіздерді Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс берудің алдын-ала қорытындыларымен таныстыра алатын боламыз деп ойлаймын»,- дейді ОСК төрағасы Тұрғанқұлов.
Ал ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары кеңсесінің басшысы Янез Ленарчичтің бұл сайлауға қатысты көзқарасы мынандай:
- Билік орындарының демократиялық реформалар саласында алға басу үшін әрекет етіп жатқаны анық көрінеді. Бірақ бұл әрекет Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының соңында қалып келеді. Біздің ойымызша, әсіресе сөз еркіндігі мен жиын өткізу еркіндігі сияқты бостандықтың іргетасы болып саналатын салаларда реформалар жасау үшін саяси ерік-жігерді арттыра түсу қажет.