Теміртаулық оқушылар энергияны үнемдеуге шақырады

№16 эко-мектебінің оқушылары жасаған зерттеулерін түсіндіріп тұр. Теміртау, 14 қараша 2017 жыл.

Теміртаулық бірнеше оқушы тұрмыста электр қуатын үнемдеуге көмектесетін экологиялық идеялар ұсынады. Олар балалар мен ересектерді балама энергия көздерін пайдалануға шақырады. Экология пәні мұғалімінің айтуынша, климатты сақтауға арналған жаңа білім беру жобасы құрастырылып жатыр.

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы №16 эко-мектептің бір топ оқушысы күн энергиясын қалай және қайда пайдалануға болады деген тақырыпты зерттеп, түрлі тәжірибелер өткізіп жүр. Оқушылардың бұл тақырыпқа деген ықыласы жақсы, қазір олар мектепте, үйде және сабақтан тыс уақытта түрлі экологиялық акциялар өткізеді. Электр қуатын үнемдеу идеясын насихаттап жүрген жас зерттеушілер өзге мектеп оқушыларына, олардың ата-аналары мен мұғалімдерге және достарының арасында балама қуат көздерін пайдалану жолдарын айтып береді. Жеткіншектер әлемде күн қуатын баяғыдан пайдаланады, енді бұл идеяны Қазақстан қалаларына жеткізу ғана қалды, сол кезде адамдар оны пайдаланғысы келетін болады дейді.

- Біз адамдар энергияны азырақ жұмсасын деп жүрміз. Мысалы, көмір, мұнай және газдан өндірілетін электр қуатын аз жұмсау үшін күн панельдерін орнатуға болады. Әлгі панельдер жылжыған күнмен бірге автоматты түрде бұрылады, оның түрлері көп. Мұндай панельде жиналған энергияны кейін, мысалы, ауа райы бұлыңғыр кезде де шам жағуға немесе техникалар үшін пайдалануға болады, - дейді 13 жастағы Андрей Ковылкин.

Әңгімеге араласқан 12 жастағы Юлия Малышенко үлгілерді көрсетіп «Мысалы, мына карусель күн сәулесі түскенінің арқасында айналады. Күннен қуат алатын қолшам да осы принциппен жұмыс істейді, егер оның панеліне күннен жарық түссе - шамы жанады, ол бойына қуат жинайды, сөйтіп жарық береді. Мына қолшамды тұрмыста - саяжайларда немесе жер үйлерде тұратын тұрғындар, табиғатқа шыққанда немесе демалысқа барғанда пайдалануға болады. Жарығы көпке дейін өшпейді» дейді.

Теміртаудағы №16 эко-мектептің зерттеуші оқушылары. 14 қараша 2017 жыл.

Экология пәні мұғалімі Елена Варганова әлгі қолшамды «көп функциялы» деп атайды – одан жарық алуға да, ұялы телефонды қуаттауға да болады. Балалар «бұл - балама қуат көзі қалай жұмыс істейтінін көрсететін мысал ғана, бірақ күн жоқ кезде ол жұмыс істемейді» дейді.

Экомектептің кей оқушылары шамдардың үш буынын – қыздыру тәсілімен жанатын кәдімгі шамдарды, қуат үнемдейтін шамдар мен жарық-диодты шамдарды зерттеп жүр. Олар шамдарды арнайы аспаптардың көмегімен қосып көреді, әр шамның энергия шығынын, жарық деңгейін өлшейді, қандай бөлмелерде пайдалану көбірек ыңғайлы екенін зерттейді.

Біз адамдарды жарықты азырақ жұмсауға шақырғымыз келеді. Олар энергияны аз жұмсаған тиімді екенін түсінуі тиіс, өйткені табиғи ресурстар таусылмайтын шексіз нәрсе емес қой.
Денис Филимонов

- Кәдімгі шамға қарағанда, қуат үнемдейтін шам энергияны азырақ жұмсайды, ол түтікшелерде түзілетін газ қоспасы есебінен жұмыс істейді. Энергияны әсіресе жарық-диодты шам аз жұмсайды, ол ұзаққа шыдайды әрі сәулесі өте жарық. Кез келген адамға үнемді болады. Біз адамдарды жарықты азырақ жұмсауға шақырғымыз келеді. Олар энергияны аз жұмсаған тиімді екенін түсінуі тиіс, өйткені табиғи ресурстар таусылмайтын шексіз нәрсе емес қой, - дейді 13 жастағы Денис Филимонов.

Жуырда олар өзге балалармен бірге бір тонна қалдық қағаз жинап, қайта өңдеу пунктіне өткізген, ал одан түскен 18 мың теңгені сабақтарына қажет заттар сатып алуға және ынталандыру жүлделеріне жұмсаған. Бұған қоса, оқушылар «Қоқыссыз мектеп» акциясын өткізіп тұрады.

- Біз қоқысты дұрыс қаттап жинауды, сұрыптауды үйрендік, бұл - бір жағынан, қоқыс жәшігіндегі орынды үнемдейді әрі экологиялық таза тәсіл. Үйренгенімізді оқушыларға, мұғалімдерге, техперсоналға көрсеттік. Оларға қоқыс контейнеріндегі орынды, уақытты және ақшаны қалай үнемдеуге болатынын көрсетеміз. Қазір қоқыс азайды, - дейді №16 экомектеп оқушысы Татьяна Щербакова.

Кей балалар болашақта эколог немесе нанотехнолог маман болғысы келеді. Олар егер бұл сала маманы бола алмасақ, үйде және жұмыста күн қуатын пайдалануға тырысатын боламыз дейді.

ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ

Бірнеше жыл бұрын экомектеп мәртебесін алған мектеп бағдарламасында климаттың өзгеруі, энергияны үнемдеу және жылу мәселелерін қарастыратын сабақтар қамтылған. Бұл тақырыптар экология пәні ғана емес, өзге сабақтарда да қозғалады. Мысалы, математика сабағында балалар электр қуаты мен отбасы бюджетін үнемдеуді үйрететін есептер шығарады, жылу сақтаудың ақша үнемдеуге көп көмегі барын түсіндіреді. Технология сабағында ғимараттар мен үй-жайларды жылыту жолдарымен, ең тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз материалдармен танысып, оларды практика жүзінде қолданып үйренеді. Әдебиет сабағында энергияны тиімді пайдалану әліппесін құрастырады. География және экология пәні мұғалімдері оқушыларға климаттың адамның тіршілік әрекетіне тәуелділігіне қатысты құпияларды ашады.

Теміртаудағы №16 эко-мектеп. 14 қараша 2017 жыл.

№ 16 мектепте экология пәнінен сабақ беретін мұғалім әрі бейіндік оқу меңгерушісі болып жұмыс істейтін, бұған қоса, «Отражение» экологиялық ұйымының жетекшісі Елена Варганова Азаттыққа:

өздері тәжірибе, эксперимент жасап, өздері өлшеп, есептеп, қолмен ұстап, көзбен көрсе, бұған қоса, өзгелерді, тіпті ересектерді үйретсе, балалардың оқуға деген көзқарасы мүлде басқа болады ғой.

- Экомектептің оқу бағдарламасы көптеген бағытты қамтиды. Олардың бірі - энергияны үнемдеу және климатты сақтау. Екінші бағыты – қоқыс қалдықтары, яғни қоқысты азайту, табиғи ресурстарды пайдалануды азайту, үнемдеп жұмсау сияқты мәселелер. Негізгі міндетіміз - балаларға түсінікті тілмен, қарапайым формада экологиялық білім беру. Өйткені өздері тәжірибе, эксперимент жасап, өздері өлшеп, есептеп, қолмен ұстап, көзбен көрсе, бұған қоса, өзгелерді, тіпті ересектерді үйретсе, балалардың оқуға деген көзқарасы мүлде басқа болады ғой. Олар энергия үнемдеудің өзге мүмкіндіктерін іздейді, тапсырмаларды да өздері ойластырады, - дейді.

Қазір 6-сынып оқушыларының бірі аулада тұрған көліктерден бөлінетін газдың халықтың денсаулығына зиянды әсерін, ауа сапасын жақсарту үшін қанша көшет, ағаш егу қажет деген мәселені зерттеп жүрген көрінеді. Тағы бір бала Қарағанды облысындағы экотуризмді дамыту мәселесін зерттеп көруді ұйғарып, балаларға арналған экотуризмді ұйымдастыру жолдарын іздестіруде. Эколог Елена Варганова қала билігі Теміртауда трамвай паркін сақтап қалу жағын ойлануы тиіс, өйткені трамвай экологиялық тұрғыдан таза көлік деп санайды.

- Ешқандай зиянды газ бөлмейді, адамның денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Бірақ «оны пайдалану қымбатқа түседі әрі трамвай жолдары [стандарт] талаптарына сай емес» деген уәждер айтылады. Бірақ трамвай жолдарын жөндеу мәселесін ешкім қозғамайды ғой. Бұған қоса, кейінгі кезде тұрғындар велосипедті көбірек пайдалана бастағанымен, бізде велосипед жолдары да жоқ. Қала билігі бұл жағын да ойластыруы тиіс. Бұған қоса, Теміртау көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуды көздейтін «Кө­міртегін аз шығаратын таза қалалар» жобасына (жобаның ресми атауы - «Тө­мен­ кө­міртекті дамуға арналған орнықты қалалар») кірген, - дейді Елена Варганова.

Оның сөзінше, қалада жылумен қамтуды да реттеу керек, үйлерді жылылап, жарықтандырудың тиімді тәсілдерін пайдалану керек, мысалы, бір рет шығынданып жарық-диодты шамдар сатып алса, кейін мектептер мен өзге мекемелерде көп ақша үнемдеуге болады.

БІЛІМ БЕРУ ЖОБАСЫ

Қазақстанда климатты сақтауға арналған білім беру жобасы іске қосылған. Оны Қарағанды облысының, көбінесе Шахтинск, Теміртау және Қарағанды қалаларының мұғалімдері «ЭкоОбраз» қоғамдық бірлестігімен қосылып құрастырып жатыр.

- Біз климаттың өзгерісі туралы мұғалімдер үшін бөлек, оқушылар үшін бөлек оқу құралдарын құрастырып жатырмыз. Қазір әлгі құралдарды пайдалану жолдарын үйрететін тренингтер өткізуге дайындалып жатырмыз, содан кейін оны мектептерге енгізе бастайды. Негізгі міндетіміз - мектеп оқушылары мен мұғалімдерге нанотехнологияларды түрлі пәндерде пайдалану идеясын жеткізу, мысалы, мұғалім кей тақырыптарды биология, география, химия, жаратылыстану пәні сабақтарында немесе сыныптан тыс жұмыс кезінде өтуіне болады, - дейді экология пәні мұғалімі Елена Варганова.

Мұғалімдерге арналған тренингтер қарашаның аяғында басталады, ал құралдарды мектептер 2018 жылғы қаңтардан бастап пайдалана бастайды деп жоспарланған.