Өнеркәсіп орындары көп шоғырланған Теміртау қаласында қардың қарайып кетуі қоғамдық резонанс тудырған. Бұл жағдайды билік пен қоғам дереу шешетін проблема деп атайды. Қаңтардың 16-сы күні ауаға зиянды заттардың 70 пайыздан көбін бөлетін "Арселор Миттал Теміртау" металлургиялық комбинатында жоспардан тыс тексеру басталған. Қаладағы экологиялық жағдайдың нашарлауына әсері етуі мүмкін басқа өнеркәсіп нысандарын да тексермек.
"ШІРІГЕН ЖҰМЫРТҚА ИІСІ"
Желтоқсанда қаладағы қар біраз уақытқа дейін қап-қара болып жатқан. Бұл кезде ауадағы күкіртті сутек мөлшері 11,2 есеге ұлғайғаны байқалып, оны "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы мен экология департаменті өкілдері «бір реттік» деп атаған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, сасық иіс жиі шығатындықтан терезелерді жауып жүруіне тура келеді.
Қаңтардың 24-і күні Теміртаудағы экологиялық жағдайға байланысты жиын өтті. Экологтар, кәсіпорын өкілдері, энергетика вице-министрі және Қарағанды облысы әкімі қатысқан жиналыста қала тұрғындарының бірі:
- Бұл жақта 1975 жылдан бері тұрамын. Шаң-тозаңнан көз ашпаймыз. Мұндай зиянды қалдықтар күндіз ғана емес, түнде де тарайды. Ал тексеруге күндіз келеді. Бұл бір рет қана тарап қоймайды. Кез-келген уақытта тарауы мүмкін. Оның [металлургиялық] комбинаттан тарап жатқаны анық, - деді.
Ашық дереккөздерде күкіртті сутек аса улы зат деп көрсетілген. Онымен уланған кезде ауыз темір татып тұрады. Ауада жағымсыз иіс сезіледі. Теміртаулықтар “шіріген жұмыртқа иісіне” жиі шағымданады. Ашық деректерде "құрамында күкіртті сутегі бар ауамен тыныстай берсе, адам жағымсыз иіске тез үйреніп, кейін оны сезбейтін болады" деп жазылған. Күкіртті сутегімен ұзақ уақыттан бері тыныстап, кейін уланса адамның жүйке, жүрек-қан тамырлар жүйесі, тамақ қорыту және тыныс алу органдарының қызметі бұзылатыны байқалады. Басы айналып, жүрегі айниды.
Денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, Теміртауда тыныс органдары, қан айналу жүйесі сырқатына, онкологиялық дертке шалдығу деңгейі облыс бойынша жоғары. Бірақ оның себептері айтылмайды. Дертке шалдығу себептерінің бірі "экологиялық фактор болуы мүмкін" деп қана көрсетіледі.
ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГТАРДЫҢ ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Қазақстанның кәсіби экологтары қауымдастығының өкілдері тәуелсіз зерттеу жүргізген.
- Ластау көзін анықтау үшін қар сынамасын алдық. Қарды қаланың үш тұсынан әкелдік. Қарды тексергенде оның қатпарлы екені анық көрінді. Бұған қоса, желтоқсан мен қараша айларынде жиналған лас қар қабаты көзге анық көрініп тұр. Біз құрғақ қарды да, ерітілген қарды да зерттедік. Ластану көздерінің бәрі - Теміртауда. Қара қардың құрамында көміртегі мен ыс тым көп болып шықты. Тозаңның құрамында отын-энергетикалық кешеннен бөлінген элементтер анық көрініп тұр. Сынамаларда темір мөлшері өте көп болып шықты. Демек, қарды ластауға өнеркәсіп орындары «үлес» қосқан. Қарды қарайтып жіберуге әсіресе қара металлургия мен жылу қазандықтар көп үлес қосқан. Ауа райының да әсері болған. Зиянды қалдықтардың құрамынан темір тозаңдары анықталды, - дейді "Экоэксперт" компаниясының өкілі Владимир Матонин.
Жұрт Теміртауда қазір де қар біраз жатқан соң қарайып кететініне назар аударып, бұған тымық ауа райының қатысы жоқ деген уәж айтады. Эколог маман әрі "Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар ауа райынан себеп іздемеу керек деп санайды.
- Желсіз, тымық ауа райы деген уәжбен мүлде келіспеймін. Бәрін тымық ауаға жаба салу көшедегі көктайғақта құлап қалуды гравитация заңы мен ауырлық күшінен көрумен бірдей. Бізде бұрыннан жел болмайды. Ластау көзі - өнеркәсіп орындары. Сондықтан оның таза жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Газдан тазарту жабдықтары нашар жұмыс істейді. Экологияны ластағаны үшін ақша төлеп жатыр. Бірақ қар бәрібір қап-қара болып кетеді. Заңдарды өзгерту керек. Кәсіпорындарға құр айыппұл төлей салудан гөрі таза жұмыс істеу тиімді болатындай стимулдар керек, - дейді эколог Дмитрий Калмыков.
ЗИЯНДЫ ЗАТТАР БӨЛУ БІР ЖЫЛДА БЕС ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Экология департаменті дерегінше, 2016 жылы Теміртауда жалпы көлемі 273 мың тоннадан көп зиянды қалдықтар бөлінген. 2017 жылы бұл көрсеткіш бес пайызға өсіп, 287 мың тоннадан асқан. Қаңтарда «Қазгидромет» кәсіпорны ауадағы күкірт диоксиді, көміртегі, күкіртті сутегі, фенол, аммиак оксиді және азот диоксиді мөлшерден асып кеткенін тіркеген. Теміртау ауасын негізгі ластаушы кәсіпорындар ретінде "Арселор Миттал Теміртау", ТЭМК (Теміртау электр-металлургиялық комбианты – ред.), «Bassel Group» ЖШС, "Қарцемент" кәсіпорны және тұрғын үйлердің пештері мен автокөліктер аталды. Экологиялық жиналыста "Арселор Миттал Теміртау" комбинатында зиянды қалдықтар бөлетін көздердің екі мыңнан асатыны жарияланды.
- Сыртқы әсер жоқ, ластау көздерінің бәрі Теміртаудың өз ішінде. Ең көп ластайтын "Арселор Миттал" екені түсінікті. Қазір тексеру жүріп жатыр. Тазартқыш жабдықтарда қандай ақаулар бар екенін тексеру нәтижелері анықтайды деп ойлаймын. Қардың қарайып кетуіне бірнеше фактор әсер еткен. Бірінші кезекте - ауа райының қолайсыздығы. Енді "Қазгидромет" қолайсыз ауа райы жайлы алдын ала ескертіп отыратын болады. Ауа райы нашарлаған кезде кәсіпорындар атмосфераға зиянды қалдықтардың тарауын азайтатын режимге көшеді. Мұның бәрі қадағаланатын болады, - деп уәде берді Қазақстан энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков.
Өнеркәсіп орындары, АМТ әлгі режим талаптарын бұлжытпай орындайтынына жұрт күмәнмен қарайды. Тұрғындар мен кей экологтар технологиялық процестер мен жабдықтардың ескіруі, агрегаттарды тазарту мен залалсыздандыру жүйелерімен жеткілікті деңгейде жабдықталмауы, қолданыстағы шаң-тозаң мен газдан тазарту қондырғылардың дұрыс жұмыс істемеуінен өнеркәсіп қалдықтары көбейіп жатыр деп есептейді. Бұған қоса, кәсіпорындардың тұрғын үй аудандарына тым жақын орналасуы мен қаладағы ағаштарды оңды-солды отау да зиянын тигізіп отыр.
АМТ: "БІЗДІ ДЕ АЛАҢДАТАДЫ"
Тұрғындар зиянды қалдықтарды көп бөледі деп жазғыратын "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының өкілдерінің айтуынша, металлургиялық комбинаттың жұмысы – экологияға әсер ететін көп факторлардың бірі ғана.
— Бұл бізді де алаңдатады. Қардың қап-қара болып кеткенін біз де қаламаймыз. Жұмыс жүргізетін әрі Теміртауда болып жатқан жайттар үшін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Шынымен АМТ зиянды қалдықтарды көп бөледі. Ал қара қарға келсек, өзіміз де оның себебін анықтағымыз келді. Ештеңені жасырып қалған жоқпыз. Бізде ТЭЦ ПСВ (АМТ-ға қарайтын жылу-энергия орталығы) кінәлі шығар деген бір болжам болған. Бірақ ол жақтан шекті нормадан ауытқыған, аномальды кемшілік тапқан жоқпыз. Бұрын мұндай болып көрмеген. Меніңше, бұл - тымық ауаның кесірі. Жел тыйылып, көп уақыт қар жаумай қойды. Әрине, кем-кетік тұстарымыз бар. Олар да түзетуіміз керек, - дейді "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин.
Компания дерегінше, экологиялық жобаларды іске қосу мен арнайы жабдықтарды орнатудың арқылы 2018 жылы эмиссияларды азайту жоспарланған. Бұған қоса, компания өкілдері эмиссия мөлшерін бақылау күшейтілді деп хабарлайды.
Бұған дейін Теміртау тұрғындарының бастамашыл тобы "қара түсті қарға қарсы" және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуды талап еткен петицияны Астанаға және "Экологиялық ұйымдар ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігіне жолданған. Петицияға бес мың адам қол қойған.
Оқи отырыңыз: Теміртаулықтар Назарбаевтың қызына петиция жазды
Тұрғындар Теміртау көшелерінде күн сайын химиялық жағымсыз иіс сезілетіні, көліктерді, үй терезелерінің алдын майлы қара тозаң басып қалатыны айтады. Қаланы металлургиялық комбинат жақтан тараған сұр немесе көкшіл түтін тұмшалап алатынын да айтып шағынады. Тұрғындар «үкімет металлургиялық комбинатты проблеманы жоюға мәжбүрлеудің орнына кәсіпорындарға зиянды қалдықтар бөлгені үшін айыппұл салуды тиімді көретін болар. Өйткені бюджетті толтыру керек қой» деп топшылайды.