Accessibility links

Металлургтер мен шахтерлер жұмыс берушімен келісе алмай жатыр


Теміртаудағы металлургтер ескерткіші. 1 қазан 2010 жыл.
Теміртаудағы металлургтер ескерткіші. 1 қазан 2010 жыл.

Теміртау металлургтері мен шахтерлерінің жалақыны 30 пайызға көбейтуді талап еткеніне бір айға жуықтады. Бірақ "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жалақыны жұмысшыларға әзірше түсініксіз өзге жүйе бойынша төлеуге көшуді ұсынады.

ШАҒЫМДАР

Тамыздың басында жұмыс беруші – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынан жалақыларын өсіруді талап етіп, проблемаларын ашық айтқан шахтерлер мен металлургтердің ашынған сөздерін олардың әріптестері, журналистер және сол күні еңбек ұжымдарының жиынына қатысқан жандардың бәрі көпке дейін ұмытпайды. Өйткені мұндай мәлімдемелер өте сирек жасалады, әдетте жұмысшылар ойларын ашық айтуға қорқады. Металлургтер мен шахтерлер жұмысшы адамның мәртебесін несиеге "малтықтырмай", бала-шағасын лайықты асырай алатындай дәрежеге көтеруді талап етеді. Металлургиялық комбинаттың слесары Брехов Теміртаудағы жиында:

Әдетте кәсіподақ жалақыны көбейтуді талап етсе болды, оны "популизммен" айналысты деп сөгеді. Бірақ бұл - уақыт талабы, сондықтан президентіміз айтқандай, түскен кірісті жұмысшылармен бөлісетін кез жетті.

- Әкімшілік жалақыны көбейту мәселесін "популизм" деп атай берсін. Әдетте кәсіподақ жалақыны көбейтуді талап етсе болды, оны "популизммен" айналысты деп сөгеді. Бірақ бұл - уақыт талабы, сондықтан президентіміз айтқандай, түскен кірісті жұмысшылармен бөлісетін кез жетті, - деген болатын.

Ал "Восточная" орталық байыту фабрикасының жұмысшысы Зарипов:

- Мүмкін, орташа жалақыны долларға "байлап" есептеу керек шығар. Бірақ әрине теңгемен төлеу керек. Жұрттың бәрінен бай болып кетсем ғой деген ойым жоқ. Бірақ мына өмірде қанша ақша табатынымды туып-өскен Абайдан Қарағандыға барып, ортанқол асханаға кірген кезде байқаймын, - дейді.

КӘСІПОДАҚ ҰСТАНЫМЫ

Кәсіподақ жетекшілері жалақыны көбейту мәселесі баяғыда пісіп-жетілді, бұған компания жұмысының нәтижесі де мүмкіндік береді деп санайды.

Еңбек ұжымдарының "АрселорМиттал Теміртау" жұмысшыларының жалақысын көбейту туралы конференциясын өткізіп жатқан шахтерлер мен металлургтер. 1 тамыз 2017 жыл.
Еңбек ұжымдарының "АрселорМиттал Теміртау" жұмысшыларының жалақысын көбейту туралы конференциясын өткізіп жатқан шахтерлер мен металлургтер. 1 тамыз 2017 жыл.

Көміршілер кәсіподағы төрағасы Марат Миргоязов "жұмыс күшінің мұндай құны, көмір өндіру мүлде тегінге түсіп жатқанда табыс түсетіні анық" дейді. Ертеректе металлургтер кәсіподағы төрағасы Виктор Щетинин қымбат болғандықтан, кей жағдайларда металлургтер емделудің ақшасын төлей алмайды деп мәлімдеген. Мысалы, ревматоидты артритқа операция жасату құны бір миллион 200 мың теңге, қатерлі ісікке шалдыққан балалар операциясы бір миллион теңге; көзге операция жасату – 400-600 мың теңге; есту аппаратын сатып алу бір миллион теңгеге жетуі мүмкін.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, басқарма еңбек ұжымының жалақыны көбейту талабымен келіспей отыр. Олар компания басқармасы "келіссөз жүргізуден қашқақтап, бітістіру комиссиясын құруды да созбақтап отыр" дейді.

Кәсіподақтардың еңбек дауындағы әрекеті жұмысшылардың жалақысын көбейтуге бағытталған, ал компания жалақыны көбейтумен ерікті түрде айналысуға әзір.

"Магнитка плюс" кәсіподақ газетінде металлургтер кәсіподағы төрағасы Виктор Щетинин қазіргі жағдайға "Біз еңбек ұжымының жалақыны көбейтуге қатысты шешімін орындатуға бекініп отырмыз. Қанша пайызға екенін әзірше айту қиын. Қазір бітістіру комиссиясы құрылып жатыр, бірақ біз конференция шешімін бәрібір орындатуға тырысамыз" деп комментарий береді.

Кәсіподақтар жұмысшыларға талаптарын жариялағаннан кейін қысым басталуы мүмкін екенін ескертіп, кез-келген факті жайлы хабарлауды сұрайды.

КОМПАНИЯ ҰСТАНЫМЫ

Азаттық тілшісінің сауалына компанияның баспасөз қызметінен "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясы жұмысшылардың жалақысын көбейту бастамасын үнемі көтеріп отырады деген жауап келді.

"Мұны әр жұмысшының біліктілігіне қарай ("грейд жүйесі" деп аталады - Азаттық) жалақы төлеу жүйесін құрастырып, оны енгізу жұмысына қатысуға кәсіподақтарды талай шақырғанымыз растайды. Амал не, бірақ кәсіподақтардан жалақы төлеудің осы жүйесін жақсарту туралы бір де өтініш немесе ұсыныс түскен жоқ. Компания басшылығы грейд жүйесін жетілдіру және оған көшу үшін бірлесіп жұмыс істеуге қайта оралуды өтініп, кәсіподақтарға жүгінген. Кәсіподақтардың еңбек дауындағы әрекеті жұмысшылардың жалақысын көбейтуге бағытталған, ал компания жалақыны көбейтумен ерікті түрде айналысуға әзір" делінген компания жауабында.

Бірақ мына өмірде қанша ақша табатынымды туып-өскен Абайдан Қарағандыға барып, ортанқол асханаға кірген кезде байқаймын.

Ертеректе, яғни тамыздың 1-інде еңбек ұжымдарының Теміртауда өткен конференциясында жалақыларын 30 пайызға көбейту мәселесін көтерген металлургтер мен шахтерлерге компания әкімшілігі жалақыны жұмысшының біліктілігіне қарай төлеу жүйесінің ерекшелігін түсіндіруге тырысқан. Бірақ жұмысшылар "грейд жүйесі жалақымызға қалай әсер ететінін онша түсінбедік" деп мәлімдеген.

Бұған қоса, ертеректе жалақы төлеудің грейд жүйесін биылғы жылдың соңына қарай іске қосып көріп, 2018 жылы бүкіл комбинат, шахтаға енгізіледі деп хабарланған болатын. Ертеректе бұл жүйенің мәнісін "қызмет орындарын саралау, яғни оларды бағалап, деңгейлеп орналастыру" деп түсіндірген. Яғни әр қызметтің деңгейі белгіленеді. АМТ әкімшілігінің мәлімдеуінше, әлемдік компаниялардың көбі грейд жүйесі бойынша жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG