Экономиканың құлдырауы және оған қарсы амал іздеу

Хорасан-1 кәсіпорыны жұмысшылары уран оксиді тиелген контейнерді жауып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 24 сәуір 2009 жыл.

Кейбір сарапшылар энергия көздеріне әлемдік сұраныстың азаюы Қазақстанның экономикасына кері әсерін тигізеді дейді. Ал Астананың мәлімдемелері көңіл тоғайтады.
Қазақстанның негізгі сауда әріптестері – Еуроодақ елдері (тауар айналымының 40 пайызы), Ресей және Қытай. Бұл елдердің экономикасында өсім байқалмайды. Барлық елдерде байқалып отырған құлдырау Қазақстанға да ықпалын тигізеді. Қазақстан экономикасына қатысты жұрттың сан-саққа жүгірткен болжамдары кереғар: біреулер экономика құлдырайды десе, енді біреулер керісінше ел экономикасы көтеріліп келеді дейді.

Ғаламдық дағдарыс жайлы пікірлерде де қайшылық бар. Оптимистер дағдарыс аяқталып қалды десе, пессимистердің пікірі тығырыққа тірелдік дегенге саяды.
Азаттықтың экономикалық шолуы оқырмандар назарына әлемнің жетекші елдерінің ішкі жалпы өнімі жөніндегі негізгі көрсеткіштерді ұсынады.

КӨШ БАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ

PricewaterhouseСoopers консалтинг тобы жақында жариялаған «Әлем 2050 жылы» деп аталатын баяндамасында әлем экономикасы жылына орта есеппен үш пайызға өсіп, 2032 жылға қарай екі, ал 2050 жылға қарай тағы екі есеге өседі деген оптимистік болжам берілген.

Консалтинг тобы сарапшыларының пікірінше, төрт жылдан кейін Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемнің экономикасында көш бастайды. Ресей экономикасы 2020 жылы неміс, француз, ағылшын экономикасын артқа тастайды. 2050 жылы Үндістан экономикасының дамуы жағынан Жапонияны артқа тастап, үшінші орынға шығады-мыс.

Әлемнің жетекші және тез дамып келе жатқан елдерінің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ-нің) соңғы алты жылдағы өсу деңгейін (миллиард АҚШ долларымен есептегенде) төмендегі кестеден бақылауға болады. Азаттықтың экономикалық сарапшысы бұл кестелерді ОББ-ның (ЦРУ) World Factbook деректері негізінде құрастырды.

2012 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік ЖІӨ 83 230 миллиард долларға тең болды. Кестеге кірген елдер мен Еуропа Одағының мұндағы үлесі –70,6 пайыз.

Бірақ жетекші және тез дамып келе жатқан елдердің ЖІӨ-і (абсолютті цифрлар) әлемдік дағдарыстың қаншалықты ауқымды екенін көрсетпейді. Нақтырақ айтсақ, жоғарыда көрсетілген елдердің барлығында ЖІӨ-нің жылдық өсімі баяулап қана қоймай, кей жылдары теріс көрсеткіш берген. Мұны келесі кестеден көруге болады.

ЖІӨ-нің пайызға шаққандағы өсу қарқыны Кестеден көріп отырғанымыздай, бұл елдердің ЖІӨ өсімі біркелкі емес. Бұл мемлекеттердің 2009 жылы өз экономикасына құйған қаржысы 2010 жылы аз уақытқа сәл серпіліс бергенімен, соңынан қайта құлдырау басталды.

Әсіресе Еуропа Одағының жағдайы мүшкіл. Бұл жерде тағы бір тенденция байқалады. Дағдарыс жоғары технологиялы АҚШ, Еуропа Одағы, Жапония сияқты елдерге, экономикасы шикізат көздеріне тәуелді Ресей және Қазақстан сияқты елдерге қатты тиді. Ал экономикасының өсімі ішкі тұтыну деңгейіне тәуелді Қытай мен Үндістан тұрақты дамып келеді.

ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ЖІӨ

Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің соңғы жылдағы секірмелі өсімі жоғарыда аталған барлық елде байқалды. Алты жылдағы жалпы жағдай халықтың тұрмыс деңгейінің төмендегенін байқатты. Көп елдердегі, әсіресе Еуропа Одағындағы өндірістің тұралауы, жұмыссыздық, бағаның өсуі, әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруы халық наразылығының өршуіне ұласты. Бұл құбылысты Қазақстан да айналып өте алмады.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ (доллармен)