Accessibility links

Қазақстанда несие алу - "сәнге", қайтару проблемаға айналды


Алматыдағы екінші деңгейлі банктердің бірінің сыртқы көрінісі. 6 ақпан, 2013 жыл.
Алматыдағы екінші деңгейлі банктердің бірінің сыртқы көрінісі. 6 ақпан, 2013 жыл.

Қазақстанда қайтару мерзімі өткен және жұмыс істемейтін несиелердің үлесі артып келеді. Кейбір банктердің несие қоржынының 80 пайыздан көбін проблемалық несиелер құрайды.

Несие берушілер бұл тақырыпты қозғаудан қашқақтайды, ал борышкерлер банктер шарттарын жұмсартады деп үміттенеді.

Қостанай облысындағы жеке меншік фермер қожалығының иесі Болатбек Қарымсақов Азаттық тілшісіне банктен алған несиесін қайтара алмай жүргенін айтты.

— Былтыр ақпан айында банктен көктемгі егіске несие алғанмын. Түскен астықты нан зауыттарына сатып, ақшасын несиені жабуға жұмсаймын деп ойладым. Бірақ жазда құрғақшылық болып, астық шықпай қалды да, несиені қайтара алмадым. Астық шықпаған соң, несиені жабатын ақша да жоқ. Үш айдың қарызын төлеген жоқпын. Банктен хат келіп жатыр. Енді қожалығымдағы барлық техниканы сатуға тура келетін шығар. Көктемгі егіс те жақындап қалды, бірақ биыл ештеңе сеппеймін деп отырмын. Банктің пайызы тым жоғары. Жұрт банктер несиелендіру шарттарын жеңілдетеді деп күтеді. Негізгі қарызымның үстінен қосымша 350 мың теңге төлеуім керек, - дейді Болатбек Қарымсақов.

НЕСИЕЛЕНДІРУ СЕКТОРЫ 2012 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША

Ұлттық банктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сәйкес, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) несиелендіру көлемі 2009 жылы төмендеп, 8974,27 миллиард теңге болған. Одан кейінгі жылдары несиелендіру көлемі өсіп, берілген несиелердің сомасы былтыр рекордты деңгейге - 11 657,87 миллиард теңгеге жеткен.

Қазақстанның банк саласының несие қоржынының құрылымы әр текті.

2013 жылдың қаңтар айының 1-індегі есеп бойынша экономика салаларына берілген несиелердің құрылымы:
Салалар Барлығы, млрд теңге Банктік емес заңды тұлғаларға берілген несие Жеке тұлғаларға берілген несие
Қазақстан бойынша, оның ішінде: 9 958 040 7 102 691 2 855 349
Өнеркәсіп 1 193 727 1 184 390 9 337
Ауыл шаруашылығы 322 025 307 328 14 697
Құрылыс саласы 1 397 017 1 387 444 9 573
Транспорт 423 831 415 129 8 702
Байланыс 78 376 77 732 644
Сауда 1 998 683 1 883 800 114 883
Басқа салалар 4 544 381 1 846 868 2 697 513

Несиелердің жалпы сомасының 45,6 пайызы „Басқа салаларға” берілген. Жеке тұлғаларға берілген несиелердің 94,5 пайызы да „Басқа салаларға” кеткен.

Бір қызығы, барлық несиенің 63,2 пайызы Алматы қаласына, ал 10,1 пайызы Астана қаласына тиесілі екен. Яғни бұл екі қаланың несиелік үлесі 73,3 пайыз, тек 26,7 пайызы елдің қалған бөлігінің үлесіне тиеді.

НЕСИЕ АЛАДЫ, БІРАҚ ҚАЙТАРМАЙДЫ

Қазақстанда несие алу сәнге айналды. Бұл құбылыс, әсіресе, тұтынушылық несиелерге қатысты. Жұрт несиені баспана, автокөлік сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелде демалуға, тұрмыстық техника сатып салуға (жұрт арасында несиенің бұл түрі кең таралған) алады. Өткен жылы тұтынушылық несиелердің үлесі 3,1 пайызға артып, ЕДБ-дегі жалпы несие көлеміндегі оның үлесі 15,4 пайыз болды. Ал несиені қайтарудың жөні бөлек.

Қарызды қайтару проблемасы банк жүйесінің дағдарысы кезінде қатты ушықты. Қайтару мерзімі өтіп кеткен және жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 2008 жылдың басында жалпы несие сомасының тиісінше 12,25 және 7,53 пайызына тең болды. Кейін бұл көрсеткіштер барлық берілген несиенің үштен бір бөлігіне дейін көтеріліп барып, тұрақтады.

Автокөлік сатып алу үшін үш жылға төрт мың доллар алған алматылық тұрғын Нұрлыбек Бейсен енді несиені қайтара алмай жүр.

— Несиені тұрақты жұмысым болған кезде алғанмын. Бірақ бір жарым жылдан кейін жұмыстан қысқарып қалдым. Несиені төлемегеніме үш ай болды, оның үстіне айыппұлы да өсіп жатыр. Ал сатып алған көлігімді „ескі” деп, банк кепілге алмай отыр. Әкімдіктен „уақытша жұмыссыз” деген анықтама қағаз алып, банкке жібердім. Бірақ соттан хабарламалар келіп жатыр, енді маған қатысты іс қозғалатын шығар. Қарызымды қайтарудан бас тартпаймын. Бірақ қазір жұмыссызбын, әке-шешемнің де көмектесуге мүмкіндігі жоқ. Әйелім жақында босанған, қазір баламен үйде отыр. Көктем келді ғой, енді құрылысқа жұмысқа тұратын шығармын. Несиені жабу үшін ай сайын 45 мың теңге төлеуге тиіспін. Яғни айына, кем дегенде 90-100 мың теңге жалақы алатын жұмыс керек, - дейді Нұрлыбек Бейсен.

БАНКИРЛЕР ҮНСІЗ

Азаттық сауал қойған банкирлер жұмыс істемейтін несиелердің бар екенін, олардың көлемі, қайтарудағы қиындықтар жайлы ақпаратты растағысы немесе терістегісі келмейді. Халықтың несиені қайтармау жиілігі, себептері, несиені қайтаруға қатысты қолданылатын амал-шаралар туралы сұрақтар да жауапсыз қалды.

Кaspi bank-тің атқарушы директоры Александр Емешев Азаттық сауалына жазған жауабында „Банктер де бизнес саласына жатады. Демек, кез келген банкте тәуекелдерді басқару жөнінде жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда, біздің банкте риск-менеджментке үлкен көңіл бөлінеді” деген жалпылама сөздермен өз көзқарасын білдіріпті.

Қайтару мерзімі өтіп кеткен және жұмыс істемейтін несиелерге қарыз алушының дәрменсіздігі немесе табысының төмендігінен банкке мерзімінде қайтара алмайтын (немесе мүлде қайтара алмайтын) ақшалар жатады.

Қайтарылмаған несиелердің ең көп үлесі берешекті қайта құрылымдаған банктерге тиесілі. Мысалы, мемлекет меншігіне өткен БТА банктің несие қоржынының 87 пайызын проблемалық несие құрайды. 2013 жылдың қаңтарының 1-індегі есеп бойынша, жұмыс істемейтін несиелердің қомақты бөлігі мына банктердің үлесінде: Нұрбанк — 50,0 пайыз, Темірбанк — 46,76 пайыз, Альянс Банк — 44,53 пайыз, Қазкоммерцбанк — 40,43 пайыз. Қазақстан банктері соңғы жылдары берген несиелердің жалпы сомасының жартысына жуығы (47,1 пайыз) осы банктердің үлесіне тиеді.

Мақала материалын әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG