«Ауыл әкімі болғысы келетіндер аз емес»

Ауыл көшесі. Ақтөбе облысы, 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қызылорда облысының әкімі «ауыл әкімі қызметіне кандидаттар азайып кеткенін» мәлімдеді. Ал ауыл тұрғындары «әкім болғысы келетіндер аз емес, оларға ауыл әкімдерін сайлау қағидалары кедергі» дейді.

Қаңтардың 22-сі күні мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астанада өткізген, «Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері» аталған дөңгелек үстелде Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев «жалақысы аз болғандықтан, мемлекеттік қызметке конкурсқа түсушілер азайып кеткенін» мәлімдеген.

«Егер 2005-2007 жылдары бір орынға бес-алты үміткер болса, бүгінде екеуден аспайды. Тіпті, қатысушылар жоқ болған соң, конкурсты бірнеше рет жариялауға тура келеді. Ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығынан ауылдық округтер әкімдерін тағайындау кезінде амалсыздан мектеп директорын әкім қыламыз, белгілі бір уақыттан соң оны орнына қайта жібереміз» деген ол ынталандыру үшін «мемлекеттік қызметкерге әлеуметтік пакет әзірлеу керек екенін» айтқан.

Азаттық тілшісі Қырымбек Көшербаевтың бұл мәліметтерді қандай деректерге сүйеніп айтқанын облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бекзат Жүсіптен білуге тырысқан еді. Алайда әкімнің баспасөз хатшысы бұл туралы әкімнің өзінен "сұрап үлгермегенін", әкімнің ақпанның 11-і күні Астанадағы жиынға кеткенін айтты.

«САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС»

Ал Азаттық тілшісі хабарласқан ауылдардың тұрғындары «әкім болғысы келетін жергілікті азаматтар аз емес» екенін, бірақ оларға көбіне «ауылдық округтер әкімдерін сайлау қағидалары» кедергі болатынын айтады. Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Балтабек Жаңабековтің (өтініші бойынша, аты-жөні өзгертілді – ред.) әкімдік қызмет талаптарына сай келетін тәжірибесі - мемлекеттік басқару қызметінде үш жылдан артық жұмыс істеген. Балтабек Жаңабеков «өзі туып-өскен ауылына әкім болғысы келсе де, кандидатурасын ұсынудан бас тартқанын» айтады. Оның сөзінше, «әкім болғысы келетіндер аз емес, бірақ қарапайым ауыл тұрғындары әкімдік қызметтен күдер үзген. Ауыл әкімін ереже бойынша аудан мәслихаты сайлайды. Оған кандидаттарды ауыл тұрғындары қалауымен аудан әкімі ұсынады. Ал аудан әкіміне ұнамаған кандидатты [мәслихат] бәрібір сайламайды».

Бизнесте жүрген, бұрын мемлекеттік қызмет атқармаса да тағайындалып жатқандарды естиміз. Онда ауылдың іскер азаматтары неге әкім бола алмайды?

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны, 2011 жылға дейін аудандық мәслихат депутаты болған Ермағамбет Ибрагимов өзі тұратын, негізінен күріш өсірумен айналысатын Аққорған ауылдық округі тұрғындары үшін ауыл әкімі жалақысы (130 мың теңге – ред.) «жоғары айлық» саналатынын, яғни жұрттың қызығатынын айтады.

- 20-25 мың теңгеден артық жалақы жоқ. Күзде жұмысшылар 70-80 мың теңге айлық алатын шығар. Бірақ тұрғындарың көбі жұмыссыз, өз бетінше бақша егетіндері бар. Мәселе, әкім жалақысының тәуірлігінде ғана емес. Осы ауыл жағдайын білетін, тұрғындарға сөзі өтетін, адалдығы мойындалған адамдар бар. Оларды халық ұсынғанмен, әкім қаламаса, аудандық мәслихат өткізбейді, - дейді бұрынғы депутат.

Оқи отырыңыз: Ауыл әкімі сайлауына «Нұр Отан» ғана қатысты

Оның сөзіне қарағанда, «қағидадағы мемлекеттік басқару қызметінде үш жыл тәжірибесі болуы тиіс дейтін шарт та ауылдың қарапайым тұрғындарын әкімдік қызметке үміткерліктен айырған».

- Мысалы, бизнесте жүрген, бұрын мемлекеттік қызмет атқармаса да жоғары қызметке тағайындалып жатқандарды естиміз. Онда ауылдың іскер азаматтары неге әкім бола алмайды? Ауылдағы санаулы ғана басшылық қызмет кімге жетеді? Сосын амалсыз мектеп директоры мен орынбасарын қосып, сайлау өткізген болады. Ауыл әкімдігінде ілініп-салынып жүргендер қайта әкім болады. Көшербаев айтқандай [жалақысы аз] жұмыс болса, 20 жылдан бері әкім болып отырғандар қызметін баяғыда тастап кетпей ме? - дейді Ермағамбет Ибрагимов.

Қызылордалық белсенді Сағат Жүсіп те «халық қалауы, әкім ұсынысымен ауыл әкімін аудандық мәслихат сайлайды» деген ережеге наразы.

Егер расында үміткер табылмай жатса, онда ол үміткердің жоқтығынан емес, үміткер таңдау жүйесінің дұрыс еместігінен.

- Облыс әкімінің «ауыл әкімі қызметіне адам таба алмай қиналатыны» күлкілі. Ауылға әкім болғысы келетіндер жоқ дегенге кім сенеді? Егер расында үміткер табылмай жатса, онда ол үміткердің жоқтығынан емес, үміткер таңдау жүйесінің дұрыс еместігінен, - дейді Сағат Жүсіп.

Ал Жаңақорған аудандық мәслихат депутаты Талғат Мамуовтың айтуынша, «Ауыл әкімін сайлау кезінде аудан әкімі мәслихатқа қысым жасай алмайды. Депутаттар аудан әкімі ұсынған кандидатураның бірін өздері таңдайды».

«КАНДИДАТ ТАПШЫЛЫҒЫ БАЙҚАЛМАДЫ»

Азаттық тілшісі Қазақстанның бірнеше ауданына хабарласып, ауыл әкімі қызметіне кандидатура ұсынудың қаншалықты азайып кеткенін де сұрастырып көрді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы ұйымдастыру-бақылау бөлімі бастығы Кенжегүл Исатаеваның, Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігінің бас маманы Қарлығаш Есенованың айтуынша, «әзірге ауыл әкімі қызметіне кандидаттар тапшылығы байқалмаған».

Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған ауданының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшылары ауыл әкімі қызметіне емес, «кейде ауылдық жерлердегі мамандар қызметіне адам табылмай қалатынын» айтты.

Жалағаш ауданы әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің бастығы Марат Қалниязов «әкім болғысы келетіндер аз» деген пікірді бірінші рет естігенін айтса, Қазалы ауданы әкімдігі кадр бөлімі бастығы Қайрат Әбубәкірұлы «кандидат жетпейді деген қауесетті кім шығарып жүргенін» Азаттық тілшісінен сұрады.

Электр қуатының қымбаттауына наразы тұрғындар. Алматы облысы, Жалғамыс ауылы, 20 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда 2013 жылы сәуір айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу қағидалары бекітілген.

Осы қағида бойынша ауыл әкімдерін төрт жыл мерзімге аудандық мәслихат депутаттары сайлайды. Ережеде ауыл әкімдігіне кандидат ұсыну шарттары көрсетілген. Осы себепті кей ауыл әкімдігіне өзге елдімекен тұрғыны сайланып жатады.

Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Ербол Тақырбасовтың айтуынша, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес, ауыл әкімдіктерінің құзыры кеңейтіліп, ауыл клубтары мен балабақшалар әкімдік қарамағына өткен. Ауыл әкімдігінің дербес бюджеті жоқ. Бірақ әкім ауылда атқарылуы тиіс шаруаларға ауданнан қаржы сұрай алады. Сонымен қатар, өзі түрлі шара өткізіп, ауыл әкімдігі есеп-шотына қаржы түсіруге мүмкіндігі бар.