ЕАЭО келісімі қазақша жарияланбады

Солдан оңға қарай: Беларусь, Қазақстан, Ресей президенттері Александр Лукашенко, Нұрсұлтан Назарбаев және Владимир Путин ЕАЭО келісіміне қол қою үшін кездесіп отыр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

ЕАЭО келісіміне қол қойған Қазақстан билігі "Одақта тең құқықтық сақталады, құжат қазақ және белорус тілдеріне аударылады" деген еді. Алайда оның әлі күнге мемлекеттік тілде жарияланбауы кейбір қазақстандықтарды наразы ете бастады.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Дәурен Құлымбетов мамырдың соңында Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері Астанада қол қойған Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құру туралы келісімді мемлекеттік тілде оқи алмай наразы болғандардың бірі. Ол мұндай маңызды құжаттың қазақша нұсқасы жарияланбағанына налиды.

«ЕАЭО туралы келісімге қол қойылады» дегенді естідік. Ақпарат құралдарында бірі мақтап, екіншісі даттап жатқанын да көрдік. Алайда келісімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасын еш жерден таба алмадық. Интернетте орысша нұсқасы бар дегенді естідік, бірақ ауылдық жерде интернет кейбір үйлерде ғана бар, оның өзінің жылдамдығы нашар. Биліктің өзі аса маңызды деп жатқан келісімді бізге неге мемлекеттік тілде таныстырмады?» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Дәурен Құлымбетовтің айтуынша, тұрғындарының 100 пайызға жуығы қазақтардан құралатын елдімекендерде орыс тілін білмейтіндер де көп.

«Ең бастысы орыс тілін білсе де, білмесе де Қазақстан президенті қол қойған халықаралық келісім мемлекеттік тілде жасалып, халыққа алдын-ала таныстырылуы тиіс еді ғой» деп санайды ол.

«ҚАТЕЛЕРІ ТЕКСЕРІЛІП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі мамырдың 29-ы күні Астанада Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері қол қойған келісімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасының бар-жоғын Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтан біліп көрді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, үш мемлекет басшысы қол қойған кезде ЕАЭО туралы келісімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасы да болған. Ал бірақ оның «не себептен жарияланбағаны белгісіз».

ЕАЭО келісіміне Беларусь, Қазақстан, Ресей президенттерінің қол қойып жатқан сәті. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Нүкежанов та ЕАЭО туралы келісімнің қазақшасы нұсқасын көрмеген.

«Қазақша нұсқасы бар екенін естідім. Бұл мәселеге жауапты орын қазақша нұсқасын да жариялауы қажет. Мысалы, Еуразия Одағына қол қойылған күннің ертеңіне Ресей үкіметі сайттарына келісімшартты іліп қойды» дейді ол Азаттыққа.

Нұржан Айтмаханов та, Ержан Нүкежанов та «ЕАЭО туралы келісімнің қазақша нұсқасы жариялануы тиіс» деген жеке азаматтық ойларын білдірді.

Ал құжатты әзірлеуге жауапты Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қарасты халықаралық интеграция департаменті директорының орынбасары Меруерт Әбдуәлиева келісімнің қазақша нұсқасы жарияланбағанын растады. Оның айтуынша, ЕАЭО туралы келісімнің қазақша нұсқасы қайта тексеріліп жатыр.

«Үш мемлекеттің басшысы қол қойғанда қателігі тексерілмеген бе?» деген сауалға Меруерт Әбдуәлиева: «Келісімді сайтқа жариялау үшін сканерледік, енді оның қатесін түзеп жатырмыз, алдағы аптаның ішінде министрліктің сайтына шығуы мүмкін» деп жауап берді.

Ал Азаттық тілшісінің «Бұрынғы электронды нұсқасы неге жарияланбады?» деген сұрағы жауапсыз қалды.

Меруерт Әбдуәлиеваның айтуынша, «ЕАЭО туралы келісімнің орысша нұсқасы да, қазақша нұсқасы да экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сайтында жарияланбаған». Бірақ Азаттық тілшісі ЕАЭО туралы келісімнің орысша нұсқасы Ресейдің экономика министрлігінің сайтында да, Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сайтында да жарияланғанын көрді.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ КӨЗҚАРАС»

Еуразия экономикалық одағын құру туралы ұсыныс 2000 жылдардың ортасынан бастап талқылана бастаса да, келісімінің орыс тіліндегі алғашқы нұсқасы интернетте тек биылғы көктемнің басында жарық көрді.

Полиция ұстаған ЕАЭО келісіміне наразы топ полиция бөлімшесінде отыр. Астана, 27 мамыр 2014 жыл.

Мамырдың 15-і күні бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев: «Еуразия экономикалық одағы туралы келісім дайын. Мамырдың 29-ына Астанада өтетін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мемлекет басшыларының бекітуіне ұсыну үшін енді шартты мемлекеттік тілге аудару қажет» деген болатын. Бірақ келісім сол күйінше қазақ тілінде БАҚ-та жарияланбай қалды.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев мемлекеттік маңызы бар келісімнің мемлекеттік тілде алдын-ала жарияланбағанын айтады.

«Кез-келген мемлекет халықаралық келісімшартты өзінің мемлекеттік тілінде жасайды және мемлекеттік тілде халыққа ұсынады. Мемлекеттік тілде сөйлейтін Қазақстан халқының басым көпшілігінің мемлекеттік тілде ақпарат алуға құқығы бар. Егер бұл құқық сақталмаса, онда мемлекеттік тіл туралы конституциялық заңды бұзу және мемлекеттік тілде ақпарат алушыларды кемсіту болып саналады» дейді құқық қорғаушы.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев та ЕАЭО туралы келісімнің қазақша нұсқасы әлі күнге жарияланбағанына таңырқайды. Ол халықаралық дипломатиялық тәртіп бойынша да келісім мемлекеттік тілде жасалып, алдын-ала талқылауға ұсынылуы тиіс деп санайды.

Қоғамдық белсенді Айдос Сарымның пікірінше, келісімнің қазақша нұсқасының жарияланбауының екі себебі болуы мүмкін.

«Менің естуімше, біріншіден үш мемлекет арасындағы келіссөздер келісімге қол қоятын күнге дейін жалғасып, түрліше өзгерген. Сол себепті қазақша аударып үлгермеген болуы да мүмкін. Бірақ оның бастапқы нұсқасының өзін де мемлекеттік тілде жариялаған жоқ. Екіншіден, мұндай халықаралық келісімдерді

Айдос Сарым.

былай қойғанда еліміздің заңдары, үкімет қаулыларының өзі әуелі орыс тілінде жасалып, қазақ тіліне аударылады. Сондықтан ЕАЭО туралы келісімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасын жариялауды ресми орындардың қажет етпеуі биліктің мемлекеттік тілге деген бұрыннан қалыптасқан көзқарасының тағы бір көрінісі» дейді Айдос Сарым.

Мамыр айының 29-ы күні Астанада Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері ЕАЭО туралы келісімге қол қойған еді. Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сайтында жарияланған құжаттың орысша нұсқасында «келісімнің қазақ, белорус және орыс тілдерінде жасалғаны, барлығының күші бірдей екені және келісімге байланысты дау туғанда орыс тіліндегі нұсқасы пайдаланылатыны» көрсетілген.