Ғұн тайпасының ізімен Қазақстанды атпен аралап жүрген венгр қыпшақтары оңтүстікке келді

Питер Чепин (оң жақта ) мен Габор Жолнаи қазақ даласына тұлпар мініп, желе жортып жетті.Шымкент, мамыр, 2009 жыл.

Ата-баба жолымен жүріп өтіп, қазақ пен венгр халықтары арасындағы терең тамырларды іздеген шетелдік қонақтар – өздерін қыпшақпыз деп таныстарған венгр азаматтары – Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы ат басын бұрды.

БАҒЗЫ ЗАМАНДА ҒҰН ТАЙПАСЫ ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛДЫ ЕНДІ ОЛАРДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ҚАЙТАЛАУДА

Өз ұлтының тарихи түп-тамырын тануды мақсат еткен венгр азаматтары Иштван Бенце, Питер Чепин мен Габор Жолнаи арғы ата-бабалары Дунай жағалауына аттанған қазақ даласына, араға бірнеше ғасыр салып, арнайы келді. «Алтын адамнан Аттилаға дейін» деген атаумен жолға шыққан жиһанкездер 7 мың шақырымдай жерді ат үстінде жүріп аралап көрмек.

«Венгрлер мен қазақтар – қаны бір бауырлар» дейді венгрлік делегацияны бастап келген жоба жетекшісі Иштван Бенце. Қазақстанда өткен Қазақ құрылтайында екі рет құрметті қонақ болған азаматтың айтуынша, олардың көздегені – мың жарым жылдан астам уақыт бұрын ғұндардың ұлы көші бастау алған жермен жақынырақ танысу. Осы сапарда екі халықтың салт-дәстүрлерін, тарихи терең бауырластығын паш ететін кездесулер өткізбек болып келгендерін айтады асу асып келген саяхатшылар.

– Біз бен қазақ халқының «мадияр» руының арасындағы жақындастықты антропологтар, археологтар мен генетиктер зерттеп, дәлелдеп шыққан. Біздің салт-дәстүріміз де, тіліміз де, баға жетпес мұраға айналған аңыз-ертегілеріміз де бір. Түбіміз бір, қанымыз бір! Бүгінде Венгрияда жүз мыңға жуық қыпшақ өмір сүреді. Біз өз бауырластығымызды, қаншама қашықтықта жүрсек те сеземіз, – дейді мамандығы бойынша тіс дәрігері Иштван Бенце.

Венгр мадиярлары мен қазақ халқының генетикалық түбірін зерттеп жүрген әскери офицер әрі жазушы Питер Чепиннің айтуынша, экспедицияның басты мақсаты – шартарапқа тарыдай шашылған қаны бір ұлттардың байланысын нығайтып, түбі өздері мен қазақтың арасынан ағайын-туыстарын табу екен.
Түлкібас ауданында жергілікті жұрт қонақтардың алдынан бауырсақ пен қымыз алып шықты. мамыр, 2009 жыл.


– Ғұндардың ұлы қолбасшысы Атилла мен артынша Көтен ханның бастауымен біздің ата-бабаларымыз қазіргі Венгрия еліне қоныс аударғаны мәлім. Біз сол қазақтың ұрпағымыз. Халқымыз Еуропадағы басқа ұлттарға қарағанда, қазақтарға ерекше жақын екенін баса айтқым келеді. Бізді қоршаған әлеммен салыстырғанда, ойлауымыз да, тілміз де мүлдем бөлек. Менталитетіміз өзгеше. Ал Қазақстанға біздің жүрегіміз де, жанымыз да жақын. Бұл елде біз өзімізді үйде жүргендей, өте еркін сезінеміз, – дейді жазушы Питер Чепин.

ҚАЗАҚ ПЕН ВЕНГР – ТҮБІ БІР ТУЫСҚАН

Қазақстандық тарихшы Алексей Гончаров аталған екі халықтың қандас жақындығы жайлы кесіп айту қателік деп санайды. Әйтсе де, бұл мәселені талпынғандардың зерттеу еңбектері барын айтады.

Маман берген мәліметке сүйенсек, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, Мажарстан ғалымдарының Азияға қарай ынтасы ауа бастады. Себебі, тарихшыларға Еуропаға қарай ағылған халықтардың Ұлы көшімен ілесіп, ІХ ғасырдың соңында Карпат қойнауына жеткен ертедегі мадиярлар — сол кездегі далалық салт атты, көшпелі, мал өсіруші халықтың өкілі екені белгілі болатын. Археологиялық және басқа да айғақтар олардың мәдениетінде ирандық элемент басым болғанымен, түркілік сипат мол екендігін көрсеткен.

Ғылымдағы ғасырлар шаңымен біздің заманымызға жеткен осындай деректер негізінде өз халқының түп тұқиянын іздеуді парыз еткен венгр ғалымдары біраз еңбектенген. Зерттеуді 1960 жылы венгрдің антрополог ғалымы Тот Тибор бастайды. Бірақ, сол кездегі қызыл империяның қытымыр саясаты ғалымның адымын аштырмайды.

Араға уақыт салып мамандығы биолог-антрополог Бирө Андраш атты венгр азаматы осы тақырыпты антропологиялық және басқа да ғылымдар тұрғысынан терең әрі кешенді зерттеуді мақсат тұтады. Сегіз жыл бойы ізденген жұмыстары барысында 39 халық өкілінің ДНК-сын алып, алдымен Венгриядағы медициналық зерттеу орталығында зерттейді, сонымен қатар Америкадағы ДНК зерттеу-сараптау орталығына жібереді.

Оның ғылыми сараптау қорытындылары ежелгі мадиярлардың ДНК-сына әлгі 39 халықтың ішінде қазақтардың арғын тайпасының мадияр руынан алынған ДНК жақын болып шыққан. Бирө Андраш екі халықтың арасындағы генетикалық ұқсастықтар тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғайды.

Осыдан 15 ғасырдай бұрын ұлы көшпен Батысқа бағыт алған мажар халқы Еуропада қоныс тепкен. Содан бергі уақытта олар азаттық үшін, Отан үшін күрескен, қуғын-сүргінді де көрген. Ұлы даладан кеткен Дунай мадиярлары христиан дінін қабылдады, өздерін протестанттар деп біледі. Олардың тілін урал тобындағы тілге жатқызады.

– 1223 жылы моңғолдардан қашқан Көтен хан 150 мың қыпшақты қазіргі Венгрия еліне алып кеткен. Олар Венгр патшалығының жеке қарулы әскеріне айналады. Алайда, сол венгрлердің өзі қазақ ханының басын алған. Олардың қазіргі жалпы саны 5 пайыздан аспайды. Түсінікті болу үшін, оларды қазіргі біздің елде өмір сүріп жатқан «қожалармен» теңестірсек болады. Қазір сол венгр қыпшақтары қазақ даласын аралап, ата-баба жеріне аяқ басуда, – дейді тарихшы Алексей Гончаров.

КӨНЕ ТАРИХ СҮРЛЕУІНДЕ ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ІЗІ ЕУРОПАҒА БАРЫП ТІРЕЛЕДІ


Венгриядағы қыпшақтар қазақтардың бір тайпасы емес, жалпы түркі халқы деген мағынаны білдіреді дейді зерттеушілер.

Венгрияда Надкүнчак, Кичкүнчак деген аймақтар бар. Бұлар Үлкен қыпшақ, Кіші қыпшақ елі деген мағынаны білдіреді екен. Қыпшақтар Венгрияны жаудан қорғаған. Еуропаға барған қыпшақтар тілінен айырылып қалды, бірақ ежелгі көшпелі халықпен туыстығын аңғартатын белгілер ру аттары мен жер аттарында сақталып қалған.

Шымкенттегі жылы қабылдаудан кейін, венгерлік қыпшақтар қазаққа киелі саналатын Түркістан қаласына қарай бет алды. Қазақ даласын ат үстінде аралап, жусан иісі аңқыған даланың тазалығы мен сұлулығына тамсанумен болған қонақтарға қазақтың дәстүрі, тұрмыс-салты, өнері көрсетілді. Ауылдың алты ауызы айтылды. Қазақ ауылына түскен келіннің беташарын айтқан сері жігіт «алыстан іздеп келіп қосылған бір бауыр» деп мажарларға да сәлем салдырды.

Ата-баба сүрлеуімен Еуразиядан бастап, Еуропада аяқтауды жоспарлаған бұл сапарында шетелдік саяхатшылар 5 мемлекеттің үстін басып өтпек. Венгр азаматтары саяхаттың соңын Венгриядағы Сайла елдімекеніндегі ғұн тайпасының көсемі Атилланың қабірінің басында аяқтамақшы.