Қазақстандық мамандар «Уикиликске» қатысты дауды саяси ойын дейді

Марат Шибұтов, Шекаралық әріптестік қауымдастығының өкілі. Алматы, 14 желтоқсан 2010 жыл

Соңғы бірнеше апта бойы әлемдік ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатқан «Уикиликсті» Қазақстандағы кейбір мамандар АҚШ-тың өз ішінде жүріп жатқан саяси ойындардың көрінісі деп атайды.

Желтоқсанның 14-і Алматыдағы Саяси шешімдер институтында «Уикиликс» ақпараттық революция ма, әлде БАҚ үшін жасалған ақпараттық ілгек пе?» атты жиын өтті. Басқосуда көп күткендей жақында пайда болған ақпараттардың ішкі мазмұны талқыланған жоқ. Есесіне Уикиликстің құпия мәліметтерді қалайша қолға түсіргені туралы болжамдар айтылды.

УИКИЛИКС ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРА ТҮСЕДІ

Жиында негізінен екі модератор сөйледі. Алғашқы болып сөз кезегін алған Қазақстандағы Пираттық партияның жетекшісі Марат Мүлкібаев Уикиликстің пайда болу тарихына тоқтала келе, оның қазіргі кезде қоғамдағы ақпараттар ағынының еркін қозғалуына мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл барлық үкіметтердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түспек.
Егер мемлекет қандай да бір құжаттарды қазына есебінен жасатады екен, онда ол елдегі кез-келген азаматтың қолына еркін тиюі тиіс

- Барлық материалдар ашық болуы керек. Егер мемлекет қандай да бір құжаттарды қазына есебінен жасатады екен, онда ол елдегі кез-келген азаматтың қолына еркін тиюі тиіс, - деді Марат Мүлкібаев.

АҚШ ДИПЛОМАТТАРЫНЫҢ КӨРГЕН-БІЛГЕНІ

Мұнан кейін сөз алған Шекаралық әріптестік қауымдастығының өкілі Марат Шибұтов АҚШ-тың барлау тобы қауымдастығына ақпараттардың қалай түсіп, онда қалай сарапталатынына, шет мемлекеттердегі өкілдерінің жұмыс істеу механизміне тоқталды. Ол барлау тобына ресми түрде бес арна арқылы ақпарат түсіп отыратынын, сондай арналардың бірі АҚШ-тың мемлекеттік департаменті екенін де ескерте кетті.

Ондағы ақпараттардың өте мықты қорғалған желіде сақтаулы екенін алға тартқан Марат Шибұтов «Осындай қорғалған желіден осыншалықты көп, 250 мың құпия құжатты қалайша алуға болады?» деп көпке сұрақ қойды. Өз сұрағына өзі жауап беріп, Уикиликсте ақпараттардың жариялануы АҚШ-тың өз ішінде партия аралық «соғыстардың» кезекті көрінісі деді.
Марат Мүлкібаев, Қазақстандағы Пираттық партияның төрағасы. Алматы, 14 желтоқсан, 2010 жыл

Оның пікірінше, Уикиликсте таратылған ақпараттарда әлемге жар салатындай бәлендей құпия жайттар жоқ. Бұл ақпарат тек дүниенің әр бұрышында қызмет атқарып жүрген АҚШ дипломаттарының «көрген-білгендері» ғана деді Шибұтов.

- «Уикиликс» көпке американдық дипломаттардың көрген-білгендерін жария қылды. Айталық, солардың бірі астаналық «Шоколад» түнгі клубына барып, Мәсімовтың билеп жүргенін көрді. Ол оны түртіп қойды. Біздегі газеттерде жазылған қандай да бір ақпаратты көзі шалды. Онда жазылған жайттарға тағы да өз қиялын қосып жіберді. Сондықтан біз әлемді АҚШ дипломаттарының көзімен көріп отырмыз, - деді Марат Шибұтов.