Алматы қаласының тұрғыны Сәрсен Байғабылов дүкендерде Украина, Беларусь және Ресейден келетін азық-түлік пен кондитер өнімдерінің қазақстандық дәл сондай тауарларға қарағанда арзандау болатынына таңырқайды.
«Мәселен, Беларусьтен әкелінетін қою сүт қазақстандық тауардан арзанырақ. Ал дүкендегі сырдың көбі – Украинанікі, жергілікті өнім жоқ деуге де болады. Осының себебін түсінбей-ақ қойдым. Қайта Қазақстанның тауарлары арзан, әрі көп болуы тиіс емес пе?» дейді ол.
«ҚАЗАҚСТАН ӨЗ РЫНОГЫН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ»
Барлығы 180-ге жуық азық-түлік өнімдерінің түрлерін шығаратын «Алматы азық-түлік» компаниясының сауда директоры Арман Медеулов отандық өнімдердің қымбат, әрі бәсекеге қабілетсіз болатынын ауылшаруашылық саласындағы шикізат бағасының өсуінен көреді.
«Мәселен, биыл ақпан айында бізге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер қант пен ұнды күтпеген жерден 7 пайызға қымбаттатты. Біздің ойымызша қымбаттатындай себеп жоқ еді. Бірақ бізге оны түсіндірген де ешкім болмады. Өйткені ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер аз, бәсеке жоқ. Осыдан кейін біздің тауарларымыз қымбаттамағанда қайтеді?» дейді ол.
Арман Медеуловтің сөзіне қарағанда Ресейде сатылатын кондитерлік өнімдеріне шектеу қойылған соң Украина Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы тауар белсенділігін күрт күшейткен.
Арман Медеуловтің пікірін ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеумен шұғылданатын «Арома» компаниясының жетекшісі Елена Райхова да қолдайды.
«Украинаның тауары неге арзан? Өйткені ол елде ауыл шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Біздің ауыл шаруашылығымыз олардан еш кем емес еді. Біресе қаржы державасы болғымыз келді, біресе елімізді туризм асырайды дедік, сөйтіп совет өкіметінен қалған ауыл шаруашылығын қираттық. Қазір ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығымен шұғылдану тиімді емес» дейді ол Азаттық тілшісіне.
Елена Райхованың айтуынша, Қазақстан өз рыногын шетелдік ауыл шаруашылығы өнімдерінен қорғай алмай отыр. Ол отандық агроөнімдері көптеп сатылуы үшін импорт өнімдерге кедендік алым салатын кейбір елдерді үлгі етеді. Кәсіпкер жемқорлық факторының да өзіне көп жағдайда кедергі екенін айтады.
«Қазақстанда қарыштап дамыған сала – жемқорлық. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен шұғлданатын біздің кәсіпонымыз соңғы үш жылда шенеуніктердің рейдерлігінен көз ашқан жоқ. Жұмыс істеудің орнына тексерушілерді күтіп алудан, я сотқа барудан көз ашпаймыз» дейді Елена Райхова.
РЕСЕЙГЕ ЭКСПОРТТАУҒА ҮНДЕУ
Кәсіпкерлер мұндай шағымдарды ресми жиындарда емес, журналистермен жеке жағдайда әңгімелесу кезінде көбірек ашылып айтады. «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының Алматы қалалық бөлімі қыркүйектің 6-сы күні жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, бірқатар Батыс елдерінің азық-түлік өнімдерін сатып алудан бас тартып отырған Ресей рыногындағы экспорт мүмкіндігін пайдалануға шақырғанда олар көбіне үнсіз ғана тыңдап отырды.
«Атамекеннің» Алматы қалалық бөлімі директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, «Кеден Одағы келісімдері Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымындағы кедергілердің көпшілігін алып тастаған».
Мұндай жағдайда Ресей рыногына азық-түлік өнімдерін көбірек экспорттау туралы идеяны қолдайтын кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – «Алтын диірмен» корпорациясының президенті Манап Изатов. Ауыл шаруашылығын өңдеумен ғана емес, өндірумен де шұғылданатын бұл компания келер жылдан бастап шошқа өсіруді қолға алып, Ресейге ет экспорттамақшы.
Бірақ Манап Изатов қазіргі жағдайда өз компаниясының өнімдеріне Қазақстанның ішінде сұраныс жеткілікті екенін, сондықтан Ресейге дәл қазір өнім экспорттауға әзірше мұқтаждығы жоқ екенін айтады.
«Бәлкім Ресейдің Батыс мемлекеттерінің азық-түлік тауарларын импорттаудан бас тартуы біздің экспортымызды ұлғайтуымызға пайдасын тигізетін шығар» дейді ол сақтықпен Азаттық тілшісіне.
Ауыл шаруашылық министрлігінің азық-түлік нарықтарына мониторинг жүргізу басқармасының жетекшісі Әбдел Балтатегі қазір 200-ге жуық кәсіпорын барлығы 400 мың тоннаға жуық азық-түлік, бау-бақша өнімдерін экспорттауға дайын отырғанын айтады. Дегенмен ол да Кеден Одағындағы Беларусь пен Ресей өндірген ауыл шаруашылық өнімдерімен қазақстандық тауарлардың ішкі рынокта баға жағынан бәсекелесуі қиын екенін растайды. Бірақ министрлік өкілінің сөзінше, ішкі рынокты қорғау шаралары ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына кірмейді.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы мал шаруашылығына анализ жасау және мониторингілеу басқармасының жетекшісі Берік Нигмашевтың сөзіне қарағанда ауыл шаруашылығын Беларусь – 18 пайызға, Ресей – 10 пайызға, Қазақстан – 6 пайызға субсидиялайды. Беларусь пен Ресей кәсіпорындары өз шығындарын субсидия арқылы жауап, тауар бағасын Казақстан кәсіпорындары белгілеген бағадан төмен қойып отыр.
Биыл тамыздың 7-сінде Ресей президенті Владимир Путин Ресейге қарсы санкция салған Батыс елдерінен азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін 1 жылға дейін импорттауға тыйым салатын жарлық шығарған. Бұған дейін Еуропа Одағы мен АҚШ Мәскеу Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдайды деп Ресейдің энергетика және банк секторына қарсы бірқатар санкциялар енгізген болатын.
Ресей Батыстың кейбір елдерінен азық-түлік импорттауға тыйым салған соң Қазақстанда «бұл жергілікті нарық үшін ұтымды» деген сөздер айтыла бастады. Астанадағы ұлттық кәсіпкерлер палатасы: «Ресей мен Батыстың бір-біріне салған санкциясынан Қазақстан ұтуы мүмкін, біз үшін тыйым салынған позициялардың орнын басу мүмкіндігі бар» деп мәлімдеген еді.