«Аллажардың» авторы Шаңырақ оқиғасы жайлы фильм түсіруді мақсат етеді

«Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.

Режиссері Қалдыбай Әбенов Шаңырақ оқиғасы туралы фильмді түсіруді кейінге ысырып отыр. Ол жаңа жоба да түрлі тосқауылдарға ұшыраған «Аллажар» фильмінің тағдырын қайталамаса екен дейді.

«Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы жайында деректі фильм түсіру ойын іске асыра алмай келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, фильмнің сценарийі де дайын.

«ШАҢЫРАҚ МӘСЕЛЕСІН ҚАЗІР КӨТЕРТПЕЙДІ»

– Шаңырақ оқиғасы 2006 жылдың 14 шілдесінде болды ғой. Сол оқиға болған күні Арон Атабектің туыстары маған хабарласып, «досың ұсталып қалды, соған қорғаушы бол» деген болатын. Менен өтінгеннен кейін, сол күннен бастап Шаңырақ мәселесімен шұғылданғанмын. Сол кезден бастап, қазақтың әлеуметтік жағдайы, т.б. мәселелері туралы фильм түсіру жайында сол кезде ойластырғанмын. Сценарийі сол 2006-2007 жылдары Шаңырақтың сотында болған деректі материал бойынша жазылып, қазір қолымда дайын тұр, – дейді Қалдыбай Әбенов.

Режиссер фильмді түсіруге түрлі тосқауылдар бөгет болып отырғанын айтады.

– Біріншіден, қаражат жоқ. Қазір бәрі де қаражатқа кеп тіреледі. Екіншіден, Шаңырақтағы мәселені көтеру үшін басқа уақыт керек. Қазіргі уақытта мұны түсіру мүмкін емес. Оны қазір көтертпейді де, – деді Қалдыбай Әбенов.

Режиссер Азаттық тілшісіне бұл туралы сәуірдің 21-і күні Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясында «Аллажар» фильмін көрсетер кезде айтып берген еді.

СЕГІЗ ЖЫЛ ТҮСІРІЛГЕН «АЛЛАЖАР» АНДА-САНДА КӨРСЕТІЛЕДІ

Фильмнің режиссер Қалдыбай Әбеновтың айтуынша, «Желтоқсан ақиқатын ашқан бұл деректі фильмді көрсетуге қазіргі таңда жоғары оқу орындарында тыйым салынған».

– Әйтсе де Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай фильмді көрсетуге қорықпай рұқсат берген университет ректорына үлкен алғыс айтамыз, – деді режиссер.

Екі жарым сағаттық «Аллажар» – 1986 жылы алаңға шыққан қазақ жастары жайлы, олардың кейінгі тағдыры туралы деректі фильм. Онда 1986 жылғы оқиғаның ащы шындықтары туралы көріністер бар: жастардың наразылық
Студенттер "Аллажар" фильмін көруге келді. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.
танытып, алаңға шығуы, полицияның оларды жаншып-таптауы, ұрып-соғуы; көлікке тиеп, қыстың көзі қырауда жалаң аяқ, жалаң бас күйде қала сыртына апарып төгуі; алаңда ішімдік таратуы; жастарға сол кездегі билік өкілдерінің «нашақорлар», «маскүнемдер» деп айдар тағуы... Бұл жайттар қазір жиі айтыла қоймайды.

Режиссер Қалдыбай Әбеновтың айтуынша, бұл фильм де Желтоқсан ақиқатының ашылмауы сияқты қилы тағдырды бастан кешіріп келеді. Сонау 1988 жылдан бастап сегіз жыл бойы аса қиындықтармен түсірілген фильмнің презентациясы 1996 жылы Алматыда өткенімен, «фильмдегі кейбір жайттар билікке ұнамайды». Осының салдарынан көркем туындының жолы кесіледі. Әлі күнге дейін осылайша жекелеген орындарда ғана көрсетіліп жүр.

– 2006 жылы «Кино үйі» және «Целинный» кинотеатрында көрсетілді. Екі жыл бұрын Өнер академиясында көрсеттік. Екі жылдан кейін алғаш көрсетіп отырғанымыз осы, – дейді Қалдыбай Әбенов.

Оның айтуынша, «Аллажар» өз миссиясының бір бөлігін болашақта да атқармақ.

– Ақиқаттың жүгі қаншама ауыр болса, Желтоқсан көтерілісінің жүгі одан да ауыр, одан да қасіретті, құдіретті. Сол құдіретті жүкті көтеріп жүргеніме қазір 20 жылдан асып кетті. «Аллажар» фильмін халыққа әлі күнге дейін дұрыстап таратып, көрсете алмай жатырмыз. Бұл бүгінгі уақыттың келеңсіз көріністерінің бір жағы, – дейді Қалдыбай Әбенов.

ЖАСТАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ ФИЛЬМДІ ТОЛЫҚ КӨРМЕДІ

Халықаралық бизнес академиясында қойылған бұл фильмді көруге жастар көп жиналды. Бірақ фильмнің жартысына келгенде олардың тең жарымы кетіп қалды. Мұның себебін сұраған Азаттық тілшісіне академияның өкілі Болат Дүйсенбі «олар келесі болатын сабаққа асыққан ғой» деп жауап берді. Ал фильмді аяғына дейін көрген жастардың бірі Айбар Ермекқалиев:

– Тіпті көлеңкеден қорқатын заманда мыңдаған жастардың қорықпай алаңға
"Аллажар" фильмін көруге келген жастар. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.
шығып, ұлттық мүддені талап еткені өте әсерлі. Бұл бізге рух береді, – дейді.

– «Аллажар» фильмін көптен бері көруге ұмтылып жүр едім. Бүгін сәті түскен сияқты. Бұл фильмді жыламай көру мүмкін емес. Меніңше, Желтоқсан ақиқатын білгісі келетін кез-келген адам осы фильмді көруі тиіс. Оны көрсеңіз, шын мәнінде не болғанын түсінер едіңіздер. Ол кезде де, қазір де басшылықта отырған адамдардың сол кездері оқиғаға қалай баға беріп, әрекет еткендері ашық көрсетілген, – дейді блогшы Мейіргүл Оңғарова.