Accessibility links

«Шаңырақ көтерілісінен» бері төрт жыл өтсе де, баспананы қирату үшін күш қолдану тиылған жоқ


Бақай ықшамауданындағы баспананы бульдозермен бұзып тастады. 7 шілде 2009 жыл.
Бақай ықшамауданындағы баспананы бульдозермен бұзып тастады. 7 шілде 2009 жыл.

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың қоғамдық қорғаушысы болған оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Азаттық радиосына берген сұқбатында биліктегілердің үйлерді әлі де қиратып жатқандығын айтты.Енді олар жаппай емес, жекелеп қиратуға көшкен.

Қазақстаннның жаңа тарихына «Шаңырақ көтерілісі» деген атпен енген оқиғаларға төрт жыл болды. 2006 жылдың 14 шілдесінде қаруланған бір жарым мың полицей Алматы маңындағы Шаңырақ ауданына сау етіп келе қалды.

Бұл ауданда «заңсыз» деп саналған жүздеген үй бар еді. Полиция заңсыз үйлерге лап бергенде, үй иелері қарсылық білдірді. Осының салдарынан көптеген бейбіт тұрғын жарақат алды. Жүз қаралы полицей жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алса, ел бір полицейді тірідей өртеп жіберді.

Шаңырақтағы қайғылы оқиғаның төрт жылдығы қарсаңында Азаттық радиосы оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинмен сұқбат жүргізді. «Шаңырақ көтерілісі» ісі бойынша жүрген сот процесінде ол Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және полицейді өлтірді деп айыпталғандардың мүддесін қорғаған. Төрт адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды.

БАСПАНАНЫ БЫТ-ШЫТ ҚЫЛҒАН БИЛІКТІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

– Жасарал мырза, Шаңырақтағы қайғылы оқиғаларға төрт жыл толды. Бұл оқиғадан билік пен қоғам қандай сабақ алды?

– Биліктегілер жүздеген полицей мен бульдозерлердің көмегімен халықтың баспанасына шабуыл жасаудың қауіптілігін, халықтың көтеріліп кетуі мүмкін екендігін түсінді. Сондықтан ол енді тактикасын өзгертіп, үйлерді жаппай емес, жекелеп қирата бастады. Үйлерді
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
жаппай қиратар болса, онда көптеген адамдар бірден көтерілуі мүмкін. Ал жекелеп қиратар болса, бұл онша байқалмайды. Өйткені адамдар не болып жатқанын білмей қалады. Осындай қулық ойлап тапқан билік бүгінге дейін осы тәсілді қолдануда.

– Сонда қала маңындағы кенттерде үйлерді қирату әлі жалғасып отырғаны ма?

– Иә, Алматының Алатау ауданында, өзге де қоныстарда үйлерді қирату жалғасуда.

– Үйлерді қирату барысында биліктегілер күш қолданбайтын болды ма?

– Олар күш қолданады. Күтпеген жерден келіп, үйді қиратып, кетіп қалады. Ал адамдар болса, баспанасынан айрылып, ары қарай не істерлерін білмей отырады. Қирататындар бұрынғыдай жабылып емес, жеке-жеке келіп, осылай әрекет етіп отыр. Осылайша халық бөлшектеліп, бір-біріне көмектесе алмай қалып жатыр. Ал осыдан төрт жыл бұрынғы оқиға халықты біріктірген болатын.

Үйді бұзу – нағыз зорлық-зомбылық. Қазақтарда баспананы қирату ежелден жаман ырым саналатын. Біздің ата-бабаларымыз шаңыраққа қарлығаш ұя салса, ондай үйді жықпай, көшпей, қарлығаш балапандарының ұшып кетуін күтіп отыратын.

Шаңырақта өзіміз куә болған оқиғалар, және осы күнге дейін созылып келе жатқан осы тектес жағдайлар біздің салт-дәстүрімізге қайшы келетін әрекет екенін айтпасқа болмайды . Түптеп келгенде, бұл – демократияға жат қылық. Бір ғана нәрсені айта аламын. Ерте ме, кеш пе бұның ақыры жақсылыққа әкелмейді.

Айналамызда болып жатқан оқиғалардың өзі биліктегілердің қарапайым адамдардың үйін бұз райынан қайтпағандығын көрсетіп отыр. Иә, Шаңырақ оқиғаларына дейін олар жүздеген полицейлерді, бульдозерлерді жұмылдыра отырып өзінің күшін көрсеткісі келсе, бүгінде биліктегілер аяғын аңдап басатын болды.

– Ал үйлері бұзылған адамдардың жағдайлары қалай болып жатыр?

– Олардың жайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір итшілеп күндерін көруде. Әркім қолынан келген амалын жасауда: біреулері туыстарын паналауда, екіншілері жұмыс тауып, жұмыс істеуде, үшіншілері баспанасыз қаңғыбасқа айналды. Ең қорқыныштысы, мемлекеттің өз азаматтарының баспанасын тартып алу оқиғасы қалыпты жағдайға айналып кетті.

Бүгінде биліктегілер тактикасын өзгерткенімен бұл мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр.

Бұл оқиға 2006 жылдың 7 шілдесінде басталды. Алдымен Бақайда жүздеген үйлер қиратылды. Содан соң билік Шаңыраққа лап қойды. Бірақ бұл жерде тұрғындардың қарсылығына тап болды. Мыңдаған адамдар далада қаңғып қалды. Олардың жағдайларының не болғаны осы күнге дейін белгісіз.

Мен үйлер қиратылған жерлерде болдым. Адамдарға сот арқылы әділеттілікке қол жеткізуге, үйлерін қалпына келтіруді талап етулеріне кеңес бердім. Өйткені оларға үйлерді бұзу жөніндегі тиісті сот шешімдерін де көрсетпеген болып шықты.

Бірақ олар енді ешқандай да сотқа сенбейді. Мұндай заңсыздықпен күресерге дәрменіміз жоқ дейді. Өйткені соттар бәрібір қарапайым халықтың сөзін сөйлемейді деп есептейді олар.

Содан соң олардың адвокат жалдайтындай да ақшалары жоқ. Биліктегілер бұл қарапайым адамдардың үйлерін тартып алып, бір сәтте оларды қаңғыбасқа айналдырып жіберді.

– Сіз сонда жаппай шабуылдау мен үйлерді қирату оқиғалары кім Алматының әкімі болса да орын алатын еді деп есептейсіз бе?

– Иә, әлдебір жерлерге көздері түсіп, тапсырма беретіндер жоғарыда отырады ғой. Жергілікті әкімдер олардың айтқандарын орындайды. Бәрін шешетін жергілікті әкім деп айтуға болмайды. Кейбір мәселелерді әкімнің шешуі мүмкін, бірақ жерге қатысты мәселелердің барлығы жоғарыда шешіледі. Оның үстіне халықтың толқуына алып келуі мүмкін мұндай даулы мәселелерді тек жоғарыдағылар шешеді.

Ал жергілікті шенеуніктер жоғарыдан түсірілген бұйрыққа қарсылық білдіре алмайды. Бұл дегеніңіз иерархия ғой. Әрине, әлдебір мәселеде әркім өзінше әрекет жасауы мүмкін. Ал жалпы алғанда бұл биліктің барлық сатысына бірдей тән ортақ қолтаңбасы болып табылады.

"ЖЕРДІ БАСЫП АЛУ ЖАЛҒАСЫП ОТЫР"

– Жасарал мырза, бүгінде мұндай оқиғалардың қайталану қаупі бар ма?

– Ешкім бұл оқиғаның қайталанбауына кепілдік бере алмайды. Өйткені жағдай күннен күнге жақсарып емес, қайта нашарлап бара жатыр. Шаңырақты айтпасақ, елдің өзге аймақтарында, әсіресе мұнай өндіретін өңірлерде халықтың толқуы күшейе түсуде. Адамдар аса ызалы. Олар болып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізуде. Жалпы алғанда жағдай қиындай түсуде. Ал бұның арты жақсылыққа әкелмеуі мүмкін.

Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздіктердің орын алуына кедейшілік себеп болды десе, біздің алаңдауымызға не себеп болады деген сұрақтың туындауы мүмкін. Бізде байлар мен кедейлердің ара жігі ажырап кетуімен қоймай, Қазақстан сияқты бай елде өзінің не үшін
Полицейлер шабуылы. Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.
мұндай қайыршы жағдайға түскенін халық түсіне бастағандай. Шаңырақтағы, Жаңаөзендегі адамдар еріккеннен бас көтеріп жатыр деп ойлайсыз ба?

Ел байлығының басым бөлігі ат төбеліндей аз ғана топтың қолында. Ал халықтың басым көпшілігі шықпа жаным шықпамен күн көруде. Халық пен биліктің арасында үлкен айырмашылық пайда болған. Мемлекет оларды тығырыққа тіреп тастады. Еңбегі үшін арзымайтын тиын төлейді, әйтеуір адамдар аштан өліп қалмаса болды деп есептейді. Сондықтан, жерге байланысты ма, әлде бізде толып жатқан өзге де бір проблемаларға байланысты ма, әйтеуір бір толқудың боларын жоққа шығаруға болмайды.

– Алматының маңында халықтың шоғырлану процесі қаншалықты қарқынды жүруде? Жерді басып алу оқиғалары жалғасып отыр ма?

– Әрине, жалғасуда. Бірақ қазір жер басып алу бұрынғы қарқынмен жүруде деп айтпас едім. Себебі ауылдағы тіршілік көзінен айрылғандар бұған дейін қала маңына жақындап орнығып үлгерді десек болады.

Елдің қалаға қарай ағылу процесі аяқталуда. Бұл үнемі бірдей қарқынмен жүре бермейді. Адамдардың көпшілігі ауыл шаруашылығы жаппай құлдырап жатқан кезеңде қалаларға қоныс аударып алды.

– Жасарал мырза, жерді басып алушылардың жақтастарының айтуларынша билік алдымен жерді басып алуға мүмкіндік беретін көрінеді. Содан соң әлдебір мақсатқа жету үшін оларды жазалауға кіріседі. Сіздіңше не үшін биліктегілер Шаңыраққа көз жұма қарады, бұның мақсаты не еді?

– Шенеуніктер баспанасыздарға осы жерлерді сата отырып байыды. Осының салдарынан қарапайым азаматтар екі рет ұтылды. Алдымен олар алаяқ шенеуніктерге жем болды. Содан соң билік бұл жерлерді қайтадан тартып алды. Байқап отырсыз ба, адамдардың қолында дәл сол шенеуніктерден алынған заңсыз құжаттар болған.

Жерге қатысты айла-шарғылардың басым көпшілігі осы күнге дейін ашылған жоқ. Ал құқық органдарына келер болсақ, олар көп жағдайда шенеуніктердің қылмыстарын ашып жатқандай әсер қалдырады.

Демек, билік оқиғаның қалай өрбитінін біле тұра бұл жерлерді өзінің баюы үшін пайдаланған болып шығады. Биліктегілер осы жерлерде заңсыз тұрып жатқандарды жазалау үшін қолындағы билігін пайдалана қойды.

Ал жалпы алғанда бәленің бәрі Жер кодексіне байланысты. Осы бір халыққа қарсы, қылмыстық заң жерге жекеменшік құқын орнатып, оны сатып алатын, сататын нысанға айналдырды. Шамасы, бұл қалтасы қалың байлар мен биліктегі шенеуніктердің жерді өзара бөлісіп алулары үшін әдейі жасалғандай.

Қарапайым азаматтардың өз отанында үй салатын ұлтарақтай жері болмаса да жекелеген адамдардың жүздеген мың гектар жерге ие болып қалғандығы ешкім үшін құпия емес.

"ҚЫЛМЫСКЕР ХАЛЫҚ ЕМЕС – БИЛІК"

– Жасарал мырза, солай бола тұра заң тұрғысынан келгенде жерді басып алушылар қылмыскерлер емес пе?

– Шаңырақтықтарды мұндай әрекетке баруға итермелегені үшін билік өкілдерінің өздерін қылмыскерлер деп атаған орынды болар. Билік оларды жұмыссыз қалдырды, жерін алып қойды. Сөйтіп, жаппай қалаға қарай шұбыруға мәжбүрледі. Сол адамдар осы жаққа келіп ақырындап жайғаса бастаған кезде дәл сол билік өкілдері алаяқтықпен жер сатып, артынан сол жерге салып алған елдің үйлеріне шабуылдап, қирата бастады.

Осы бір бейшара, қорғансыз адамдарды қалай ғана қылмыскер деп айтуға болады? Бұл жерде ойына не келсе соны істеп отырған биліктегілер барып тұрған қылмыскер емес пе. Шаңырақта болған оқиғаны мен жалпыұлттық трагедия, бүкіл қазақ халқының қасіреті деп айтар едім.

Қорықпастан осы үйлерді қорғағандар – батырлар. Олар тұрғын үйге деген өз құқықтарын қорғады. Билік осы құқықтарын тартып алмақшы болғанда олардың қорғануы – батырлық. Өйткені олар үйлерін қиратуға келе жатқан бульдозерлерге жалаңаш қолдарымен қарсы шықты.

Мен жағдайды әсірелеп отырған жоқпын. Өйткені болған оқиғаға сырттай бақылаушының емес, осы істің бүге-шігесін білетін адамның көзімен қарап отырмын. Жер мәселесімен мен жиырма жылдан бері айналысып келемін.

Ал енді тікелей Шаңырақ оқиғасы туралы айтар болсақ, мен сот процестеріне айыпталушылардың қоғамдық қорғаушысы ретінде қатыстым. Осының нәтижесінде биліктің нағыз қылмыскер екендігіне, ал сотталғандардың батыр екендігіне көз жеткіздім.

Арон Атабекті, Ерқанат Тараншиевті, Құрманғазы Өтегенов пен Рүстем Тұяқовтарды ұлт батыры дәрежесіне дейін көтеру керек. Олар өз халқы үшін жапа шекті. Енді олардың әрқайсысына өз халқын қорғағаны үшін 14 жылдан 18 жылға дейін жаза кесіп, әр жақтағы түрмелерге тентіретіп жіберді.

«ШАҢЫРАҚ ҚҰРБАНДАРЫН ТҮРМЕДЕ ДЕ АЗАПТАЙДЫ»

– Шаңырақ ісі бойынша сотталған төрт адамның жағдайы туралы не білесіз?

– Жеткен хабар-ошардан белгілісі – олардың жағдайлары нашар. Олардың барлығы бірдей денсаулықтарынан айрылған. Оларды азаптауда. Осыдан бір жарым ай бұрын Арон Атабекті Қарағанды облысындағы Қаражал кентіндегі түрмеден Қазақстандағы ең нашар Арқалық түрмесіне ауыстырды.

Ерқанат Тараншиев Петропавл түрмесінде отыр. Бізге келіп түскен деректерге қарағанда оның зәр шығару, жыныстық жүйесін қатты зақымдаған. Оның өзі де «ұзаққа бармайтын шығармын» депті. Ол деген жап-жас жайнап тұрған жігіт болатын. Оның нағыз жарқылдап
Арон Атабек (оң жақтан екінші) пен Құрманғазы Өтегенов (оң жақта) сот үкімі шығатын күні. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
өмір сүретін шағы ғой қазір. Оны ұзақ уақыт бойы карцерде ұстаған. Оны түрме тілімен айтқанда зорламақ болған. Көнбегені үшін ол осындай жағдайға тап болған.

Құрманғазы Өтегенов Павлодар түрмесінде отыр. Оның жағдайы да мәз емес. Рүстем Тұяқов Қызылорда түрмесінде. Әрине, түрменің өмірі бал татымасы онсыз да белгілі. Бұған қоса осы тұтқындардың ерекше назарда тұруына байланысты оларға айрықша қысым жасалады, оларға қатысты ойларына не келсе, соны істейді.

Менің ойымша, биліктегілер осынша үлкен мерзім беруі себепті әуел бастан-ақ олардың көздерін жоюды мақсат қылған. Бұлар - режим құрбандары. Сондықтан тек осы режим құлаған кезде ғана бостандыққа шығады. Ал әзірге оларға түрме жағдайында да қалыпты өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр.

Мүлдем кінәсіз деп айтуға болатын адамдарды жарты ғасырға түрмеге жабу дегеніңіз айуандық, адамгершілікке жат дүние. Ерте ме, кеш пе халық барлығын түсінеді. Болашақ ұрпақ оларды халық батырлары деп айтатын болады. Мен бұған еш күмәнданбаймын.

Назарбаев басқарып отырған қазіргі билік келмеске кеткен кезде бұл адамдар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары сияқты өз халқының батырлары деп мойындалады. Сөйтіп барлығы өз орнына келеді.

ШАҢЫРАҚ ІСІНІҢ «ТАЙҒАҚТАРЫ»

– Жасарал мырза, сіздіңше кінәсіз сотталғандарды шығарып алу жөнінде жаппай шаралар неге болмай отыр?

– Өйткені, өкінішке қарай, осы шаруамен айналысуы тиіс ұйымдар бөлшектеліп кеткен. Бізде көптеген ұйымдар өздерін оппозициямыз деп атайды. Бұлар – сайып келгенде, қазіргі биліктің оппозициясы бар дегенді көрсетіп қана қоятын жалған оппозиция өкілдері.

Ал шынайы оппозицияны билік басып тастаған. Мысалы «Алға» партиясын алсақ, билік оларды үш жылдан бері тіркеуден өткізбей келеді. Билік бұл партияның өздері үшін қауіпті екендігін билік жақсы түсінеді.

«Алға» – шаңырақтақтарға қол ұшын созған бірден бір партия. Тек осы партия ғана сот процесін өткізу жөнінде өзіне жауапкершілік алды, қорғауды ұйымдастырды, сонымен бірге биліктен жапа шеккендерге материалдық көмек көрсетіп, түрмеде жатқандарға сәлем-сауқат жіберуді ұйымдастырды және т.б. игілікті шаралар атқарды

Қазір бұл партияның аяқ-қолын байлап, матап тастаған деуге болады. Қазіргі уақытта олар Шаңырақ тұрғындарына, ар-ождан тұтқындарына жәрдемдесу мүмкіндігінен айрылып отыр.

Халық оппозиция, тәуелсіз партия ретіндегі нағыз қорғаушыларынан айрылған соң не істерін білмей сасқалақтап қалды. Халықтың өзін-өзі қорғауға қабілеті жетпей қалды.

Қазір билік жекелеген адамдарға соққы беруде. Ол өзімен ымыраға келмейтіндерге қысым жасауда. Яғни, басқарылатын демократияға кірмейтіндерге, алдын ала жазылып қойған сценарий бойынша ойнамайтындарға, биліктің бишігіне көнбейтіндерге қысым жасауда.

– Бірақ партиядан бөлек шаңырақтықтардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары болды ғой. Олар өздерінің бұрынғы ұстанымдарында тұр ма, олар болашақта құқыққорғаушы бола алады ма?

– Шаңырақ оқиғасынан соң олардың көпшілігі шетке ығысып, қалғаны енжарлық танытып алды. Бұған мысал ретінде Асылбек Қожахметовті алуға болады. Ол Шаңырақ оқиғасын өзі үшін барынша пайдаланды десе болады. Ол «Шаңырақ» қоғамдық ұйымын құрды. Бұл ұйымды құру арқылы ол өзіне үлкен міндет алуы керек еді. Шын мәнінде ол Шаңырақ ісінен де, оның батырларынан да сырт қалды. Мен осы ұйымның басқарма мүшелігіне кіргенмін. Бірақ Шаңырақ проблемасын шешу үшін ешнәрсе жасалып жатпағандықтан бұл ұйымнан шығып кеттім.

Өкінішке қарай, Шаңырақ ісінде «тайғақтар» өте көп болды. Бұл ащы шындық болғандықтан айтуға мәжбүрмін. Шаңырақ жайында ұмытып кеткендер бар. Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын. Ал енді Асылбекті айтып отырған себебім, ол «Шаңырақ» деген брендпен жұмыс істеді. Сол себепті осы адамдарға, зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесу үшін барлығын жасауы керек болатын.

ҚЫРҒЫЗСТАНМЕН ҚАТАР ПАРАЛЛЕЛЬ

– Көрші Қырғызстанда да бірінші және екінші революциядан соң Бішкектің айналасындағы жерлерді басып алу оқиғалары болды. Бұның өзі ұлтаралық қақтығыстарға алып келді. Бұл оқиғалардың Шаңырақтағы көтерілістерден қандай да бір айырмашылықтары бар ма? Осы екі оқиғаны салыстырып қарауға бола ма?

– Салыстыруға болады және бұлар ұқсас оқиғалар. Біздің халықтарымыздың ұқсас тұстары көп. Қазақтар мен қырғыздар патша тұсында да, совет өкіметі кезінде де жерлерінен айрылып келген. Жер мәселесі бүгін де өте өткір күйінде тұр. Кезінде переселендерге ең шұрайлы жерлерді беріп, ал жергілікті тұрғындарды шөлейт, жартылай шөлейтті аймақтарға қуғандығы ешкімнен жасырын емес.
«Шаңырақ-1» елдімекенінің кішкентай тұрғындары. Бұнда негізінен ауылды жерден көшіп келген көпбалалы отбасылар тұрады. Алматы, 28 наурыз 2009 жыл.
Әрине, переселендер бұл үшін кінәлі емес. Бұған отарлау саясатын жүргізген Кремль кінәлі.

Енді, міне, тәуелсіздік алған соң жер мәселесі жергілікті тұрғындардың пайдасына шешілуі керек болатын. Бірақ олай болмай шықты. Қазақстандағы Назарбаев, Қырғызстандағы Ақаев, Бакиев басқарған басшылық халыққа қарсы билік болып шықты. Ақаев басында ондай емес болатын, бірақ Назарбаевпен жақындауы оған зиянын тигізді.

Не себепті қырғыздар биліктің дегеніне көнбейді? Өйткені олардың бойына Асқар Ақаевтың кезінде басталған демократия өскіндері қалып қойды. Ақаев номенклатурадан келген жоқ, ол ғалым болатын. Тіпті оның кезінде Қырғызстанды демократия аралы деп атайтын.

Өзінің құқын қорғау тұрғысынан келгенде біздің халқымыз барынша енжар, жасқаншақ болып қалған. Бұған қазіргі биліктің қатаң тәртібі себепкер болып отыр. Назарбаев әуел бастан-ақ отбасылық билік саясатын жүргізді, ол демократиялық принциптерді дамытқан жоқ.

– Жасарал мырза, сұқбатыңыз үшін рақмет.
XS
SM
MD
LG