Бес жыл өтсе де Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінің құпиясы ашылған жоқ

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының соңғы суреті. Алматы, 8 ақпан 2006 жыл.

Өмірінің соңғы жылдары Қазақстандағы оппозиция жетекшілерінің біріне айналған саясаткер туралы естеліктерінде жергілікті азаматтық қоғам өкілдері оның бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі саяси кезеңнен өткенін айтады.

Осыдан бес жыл бұрын белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев кісі қолынан қаза тапты. Олардың денелері Алматы облысының Талғар ауданы аумағынан табылған еді.

2006 жылғы ақпанның 13-і күні жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 35 минутта Алматы облыстық ішкі істер басқармасының басқару пультіне «жол жағасынан зорлықпен өлтірілген үш адамның мәйіті табылды» деген хабар келіп түскен. Үш адамның үшеуі де желкесінен тиген оқтан өлген.
Кісі қолынан өлген белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің денелері. Алматы маңы, 13 ақпан 2006 жыл. (Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды).
Бұл қылмыс ешкімді бей-жай қалдырмады. Біреулер оны ескерту деп, ендігілері билік өзіне қауіпті қарсыласының көзін жойды деп бағалады.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылды. Билік жария түрде өткізген сот процесі арқылы «кінәлілерді жазалағанымен», саясаттанушылар мен жекелеген қайраткерлер бұл өлім Қазақстан оппозициясының жүрегін шайлықтырып тастады деген пікірде.


«НАЗАРБАЕВ ОНЫ САТҚЫН ДЕП ЕСЕПТЕДІ»

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері жақсы танитын саясаткер, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлиннің пікірінше, Сәрсенбайұлы «жеке билік режиміне және оның басшысы Назарбаевқа қарсы шыққан» адам. Ал оның өлімі – өзгелерге сес көрсетудің бір жолы деген пікір айтады ол:

– Билік Алтынбекті өз ішінен шыққан адам ретінде, басқаларға сабақ болсын
Алтынбек Сарсенбайұлы мен жары Салтанат Атушева балалары Шолпан және Бекжанмен. Алматы, 2004 жыл.
деп, адамгершіліктен жат, жабайы әрекетпен өлтірді. Әр нәрсе кездейсоқ болмайды. Сондықтан билікте әлі де басқаша ойлайтын адам болса, олар да Алтынбек не Заманбек сияқты жасамас үшін соларға сес көрсетіп, қорқыту үшін жасалған іс еді.

Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша «оппозицияға сес көрсету» әсерлі болып шыққан.

– Ол үлкен есеппен жасалған әрекет еді. Алтынбек «Нағыз Ақ жол» партиясының идеологиялық басшысы, көсемі еді. Ал ол қаза болғаннан кейін «Нағыз Ақ жолды» кім ұстап келгендігі бірден байқалды. Алтынбексіз Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосовтар бірден қаусап қалды ғой. Қолдарынан түк келмей қалды. Алтынбек тірі болғанда қазіргідей Болат Әбіловтердің Ақордамен байланыста жұмыс істеуі болмас еді. Партияның атын өзгертіп, өзара быт-шыт болып, қайдағы жоқ әрекеттерге бармай, халықпен жұмыс істеуші еді. Әрине, билік осы тұрғыдан алғанда мақсатына жетті.

– Алтынбекті өлтіру себебі – Назарбаев оны сатқын деп есептеді. Кешірмеді оны. «Мен оны өзім өсірдім, көтердім» деген сенімде болды да, Алтынбектің оппозицияға кетуін сатқындық деп бағалады. Дегенмен, Алтынбекке алғашында оппозицияның да сенімсіздікпен қарағаны жасырын емес. Бірақ кейін оның қандай адам екендігін түсіне бастады, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

Қуанышәлин мырза Алтынбек Сәрсенбайұлының Қазақстанның саяси өмірінде ерекше орын иеленгеніне шәк келтірмейді:

– Мен оның орнын жоғары бағалаймын. Бұл сөзімді оның осы өмірде
Алтынбек Сарсенбайұлы «Ақ жол» партиясының үшінші съезінде. Алматы, 2004 жыл.
атқарған істері мен тірліктері дәлелдейді. Мен оны жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болғандығымен өлшемеймін. Оны жас кезінен, сонау 90-жылдары «Арай» - «Заря» журналында істеп жүргенінен бері білемін. Кейін «Өркенде» бас редактор болғанда менің мақалаларымды басып тұрды. Ол нағыз интеллектуал, өте сауатты, жас болса да көп нәрсені білетін, қабілетті еді. Кейін ол билікке кеткенде де араласып жүрдім. Ол менен мүшел жас кіші еді. Қай кезде де маған «сіз» деп тұратын. Кейде кездесіп, «айтысатынбыз». Дарақы айтыс емес, мәдениетті айтыс болатын. Ол Назарбаев режимін жақтайды, мен өз көзқарасымды айтамын. Кейін сол пікірі біртіндеп өзгеріп, аяғында оппозицияға келді.


ӨЗІ ҚҰРҒАН САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ҚҰРБАНЫ

Азаттыққа берген сұхбат барысында Жасарал Қуанышәлин кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлымен болған әңгімені еске алды. Саясаткер өзінің үлкен қателік жасағанын айтқан екен.

– Ең үлкен қателігі – өз қолымен Назарбаевқа қазіргі режимді құруға көмектескені. Бұл туралы өзінің мойындап айтқаны бар. Арада болған әңгімеде ол «тағы бір өкінетінім – мына сіз басқарған азаматтық «Азат» қозғалысын тұншықтыру үшін біз бәрін жасап едік» деді. Меніңше, қателікті мойындау да – ерлік. Сондықтан, ол өз қатесін түземек болып, қалыптасуына көмектескен режимге қарсы күрес бастады. Алайда сол күрес ұзаққа созылған жоқ, қайғылы аяқталды, – дейді Қуанышәлин.

Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға өткеннен кейін, билік басында
Алтынбек Сарсенбайұлы өзіне қарсы «Хабар» агенттігінің талап-арызы бойынша өткен сотта сөйлеп тұр. Алматы, мамыр, 2005 жыл.
жүргенде өзі қысым жасап, аяқтан шалған азаматтармен ашық диолог орнатты деген тұрғыда пікір айтады Азаттықа сұхбат берген бірқатар саяси қайраткерлер.

Серікболсын Әбілдиннің айтуынша, Сәрсенбайұлы Назарбаевтың адамы болғандықтан алғашқы күннен-ақ «оған сенімсіздікпен» қараған.

– Алғаш Сәрсенбайұлы туралы 1993 жылы, сол кездегі ақпарат және байланыс министрі қызметіне «үміткер» деп Назарбаев айтты. Мен оның тым жас екендігін ескерттім. Сәрсенбайұлы ол кезде небәрі 31 жаста еді. Бірақ ол (Назарбаев – ред.) «Сәке, бұл біздің адамымыз» деді. Сондықтан да онымен аса сақ болуға тырыстым. Шынын айту керек, біз аса қатты араласқан да емеспіз, – дейді Әбділдин мырза.

Алайда Сәрсенбайұлы биліктен кеткен соң кезінде Әбділдин қатысқан президент сайлауының астарын ашқан.

– 1999 жылғы президент сайлауында менің әжептеуір дауыс жинағандығымды, ол бойынша екінші кезең өткізуге болатындығы жайлы айтты. Менің жинаған дауыстарымның жартысын Қасымовқа бөліп берген екен. Сол кездегі хаттамалар қайта жазылып, бюллетеньдер жойылған. Мұның барлығын ол маған ертегі айтқандай айтып берді. Сөзінің соңында дәл сол кезде оның Назарбаевтың айтқанын орындаудан өзге амалының болмағандығын және қазір сол ісі үшін өкінетіндігін айтқан еді. Егер тағы Назарбаев президент болса, ешқандай жақсылық болмайды деген, – деп еске алады Серікболсын Әбділдин.

1999 жылғы сайлауда Әбділдин штабының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров
Қазақ оппозициясы қайраткерлері «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жиынында отыр. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
болған еді. Алдамжаровтың сөзінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы оған сол кезде Әбділдиннің 34 пайыз дауыс жинағандығын айтқан көрінеді.

Оған қоса Сәрсенбайұлы сол 1999 жылы өткен парламент сайлауында да билікке «бөтен» үміткерлердің өтпей қалуын ұйымдастырған. Бұл туралы Азаттыққа сол жылы парламент сайлауына қатысқан Ғазиз Алдамжаров мәлімдеді.

– Мен ол кезде Атырау облысы атынан үміткер едім. Алғашқы кезеңде 80 пайыздан аса дауыспен өттім. Екінші кезеңде бюллетеньдер салынатын жәшік «кенеттен» құлап, оны заңбұзушылақ деп танып, ақыры өткізбей қойды. Сәрсенбайұлының сөзінше, сол кезде бұл әрекеттердің барлығы алдын-ала ойластырылған екен. Бірінші кезеңнен кейін сол кездегі облыс әкімі Тасмағамбетов Астанаға шақырылып, тапсырма алған. Кейін әйтеуір өтірік дау шығарып, «мақсаттары орындалған» екен. Бұл – Сәрсенбайұлының өз сөзі, – дейді Ғазиз Алдамжаров.


ТӘУЕЛДІ ИДЕОЛОГТЫҢ ТӘУЕЛСІЗ САЯСАТКЕР БОЛУҒА ҰМТЫЛУЫ

Журналист Сергей Дувановтың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлының
Алтынбек Сәрсенбайұлы марқұм Заманбек Нұрқаділовті ақтық сапарға шығарған күні сұхбат беріп тұр. Үш айдан соң Сәрсенбайұлының өзі де қастандық құрбаны болды. Алматы, 15 қараша, 2005 жыл.
қызметін екі кезеңге бөліп қарау керек.

– Алғашқысы – интеллектуал әрі өте сауатты саясаткер Сәрсенбайұлының режимге қызмет еткен кезі. Меніңше, осы кезде ол режим үшін елеулі еңбек сіңірді. Назарбаев әрдайым оның пікіріне құлақ асатын. Сондықтан дәл Сәрсенбайұлының көптеген кеңесі Назарбаевтың авторитарлық режимінің негізгі темірқазығына айналды. Мәселен, елдегі ақпараттық кеңістікті бақылауға мүмкіндік беретін радио мен телевизия толқындарына жарияланған тендер – Сәрсенбайұлының ісі екендігіне күмәнім жоқ.

Шыны керек, сол кезде дәл сол себепті мен радио және телеарнадан айырылдым. Сүйікті жұмысымнан, телеарнада жүргізген сүйікті бағдарламамнан айырылып қалдым. Осы тұрғыдан алғанда, меніңше, Назарбаев Сәрсенбайұлының бұл еңбегіне риза болуы керек.

Бұдан бөлек, оның БАҚ-қа жауап беретін министр болып отырғанда ел үшін жасаған істерін де атап өту керек. Бұл тек шенеуніктік қызмет қана емес, үлкен идеологиялық қызмет болды. Бұл қызметте де ол өзгелерден ерекше көзге түсе білді. Оның сол кездегі саяси қабілеті демократияға қарсы қызмет етті, – дейді Сергей Дуванов.

Ал екінші кезеңді Дуванов өте позитивті деп бағалайды. Ол – Сәрсенбайұлының оппозицияға өткен кезі. Оның бұл қадамына не түрткі болғандығын білмейтінін айтқан журналист дәл сол оппозицияда жүргенде Алтынбек Сәрсенбайұлының мінезі мен қасиеттері көріне бастады деп санайды.

«Бірақ ол бұл жолы режимге қарсы қызмет етті. Билік мұны түсінді. Бәлкім
Алтынбек Сәрсенбайұлының бейітінің басындағы таста оның айтып кеткен сөзі қашалып жазылған.
дәл осы жағдай оның өліміне себеп болған шығар» дегенді айтады Сергей Дуванов.

Сәрсенбайұлының қаншалықты тәуелсіз саясаткер болғанына қатысты журналист Сергей Дуванов мынадай пікір білдірді:

– Менің ойымша, ол (Алтынбек Сәрсенбайұлы – ред.) саяси алаңда тәуелсіз ойыншы болды. Бірақ ол да, оның төңірегіндегі басқалар да Назарбаевқа қатты тәуелді еді. Сол бір координаттар жүйесінде қанша жерден өзіне тиімді ойын жасағысы келгенімен, мұның бәрі екінші дәрежелі ойын болып көрінді. Өйткені сол кезде де, қазір де ойын ережелерін ойлап тауып отыратын адам – президент. Назарбаевтың айналасы екінші деңгейлі саясаткерлер болып қалды.

Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы Азаттық радиосы сайтында жарияланған мақалаларды арнайы парақшамыздан табасыз.