Қазақстан байларының дәулеті арта түсті

Болат Өтемұратов, Forbes тізіміне енген қазақстандық миллионер, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы

Forbes журналы жариялаған әлемнің ең бай адамдарының тізіміндегі қазақстандық миллионерлердің барлығы рейтингте жоғары жылжыған.

Forbes журналының әлемдегі ең бай адамдарының жыл сайынғы тізімінде Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс биыл мексикалық бизнесмен Карлос Слимды басып озып, бірінші орынға шықты.

Журналдың есебінше, Гейтстің табысы үш миллиард АҚШ долларына артып, 79 миллиард долларға жеткен. Миллиардерлер былтырға қарағанда 181 адамға көбейіп, рекордтық көрсеткіш - 1 826 адамға жеткен. Олардың басым көпшілігі АҚШ азаматтары.

Forbes тізіміндегі 46 миллиардердің жасы 40-қа толмаған. 138 адам биылғы миллиардерлер тізімінен шығып қалған. Тізімнен шыққандардың арасында Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко да бар.

Журнал тізімінде ресейлік бизнесмен Владимир Потанин (60-орын), украиналық бизнесмен Ринат Ахметов (201-орын) және Грузияның экс-премьері Бидзина Иванишвили (291-орын) де бар.

Владимир Потанин, ресейлік миллионер, Норильск-Никель компаниясының құрылтайшысы

Қазақстаннан бұл тізімге 2,6 миллиард АҚШ долларына тең дәулетімен Болат Өтемұратов (714-орын); 2,2 миллиард долларлық байлығымен Алиджан Ибрагимов (847-орын); Қазақстан президентінің қызы мен күйеубаласы - Динара Құлыбаева (2,1 миллиард, 894-орын) және Тимур Құлыбаев (2,1 миллиард, 894-орын) кірген. Ал 2,2 миллиард долларлық дәулетке ие 847-орынға тұрақтаған Александр Машкевичтің елі Forbes-тің жаңа тізімінде Израиль деп көрсетілсе, байлығы 2 миллиард долларға тең Патох Шодиевтің (949-орын) елі ретінде Бельгия жазылған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МИЛЛИОНЕРЛЕР

Forbes журналының рейтингісіне сәйкес, Қазақстандағы ең бай адам - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы Болат Өтемұратов. Бір жыл ішінде 796-орыннан 714-ші орынға бірден көтерілген миллионердің байлығын журнал 2,5 миллиард АҚШ доллары деп бағалайды. Журнал Вена мен Мәскеудегі қымбат қонақ үйлердің иесі Өтемұратовтың Астанада зәулім Ritz қонақ үйін салып жатқанын да жазған.

Тізімдегі 894-орынды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, 48 жастағы Тимур Құлыбаев пен оның әйелі, Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева екеуі бөліскен. Журнал мәліметі бойынша, олардың байлығы бір жыл ішінде 300 миллионға артып, 2,1 миллиардқа дейін көбейген. Былтыр олардың байлығы 1 миллиард 800 миллион долларды құраған болатын.

Тимур Құлыбаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер

Forbes рейтингісінде 847-орынды 60 жастағы Алиджан Ибрагимов иеленген. 2014 жылы 1046-орында болған Ибрагимов бір жыл ішінде байлығын 2 миллиард 100 миллион долларға дейін арттырған.

Журнал оның қазір ұзақ жылғы әріптестері, миллиардерлер Александр Машкевич және Патох Шодиевпен бірігіп, Қазақстанда пайдалы қазба өндіруші алып компания Eurasian Natural Resources компаниясын жаңғыртуға күш салып жатқанын жазады. Бұған дейін нарықта шикізат бағасының түсуі мен алаяқтық туралы даулар компанияны тұйыққа тіреп, дамуын тежеген болатын.

Бір миллиард 800 миллион АҚШ долларыне тең байлықтың иесі мыс магнаты Владимир Ким Forbes рейтингінде 1054-орынды иеленген. 2014 жылғы рейтингте ол 1078-орында тұрған. Нарық тұрақсыздығы кезінде шамамен жарты миллиардт АҚШ долларынан астам қаржысын жоғалтқан Ким қазір аты өзгеріп, ықшамдалған KAZ Minerals (бұрынғы «Қазақмыс») компаниясының негізгі акционері.

Америкалық Forbes журналы 1987 жылдан бері миллиардерлер тізімін жариялап келеді.