Accessibility links

Бай мен кедей арасындағы алшақтық ұлғая түсті


Қайыр сұраған әйелге көлікте отырған адам садақа беріп жатыр. Алматы, 31 наурыз 2012 жыл.
Қайыр сұраған әйелге көлікте отырған адам садақа беріп жатыр. Алматы, 31 наурыз 2012 жыл.

Зерттеушілер Қазақстанның ең дәулетті 50 адамының байлығын үш облыстың (Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан) ішкі өнімімен теңестірді. Бұл елде жарты миллионнан астам адам өлместің күнін кешіп отыр.

Forbes басылымының болжамынша, әлемдегі миллиардерлер тізіміне былтыр 210 адам қосылған. Байлығы 1 миллиард доллардан асатындар саны 1 мың 426 адамға жетті. Әлемдік капиталдың жартысына жуығы (46 пайызы), яғни шамамен 1 триллион 700 миллиард доллар осы тізімдегі 85 адамға тиесілі.

Ал дүниежүзілік капиталдың қалғанының «иесі» - Жер халқының ең кедей бөлігі (3 миллиард 600 миллион адам - ред.). Oxfam халықаралық қайырымдылық ұйымының 2014 жылы қаңтар айында жариялаған зерттеу қорытындысы осындай.

Әлемдегі байлар мен кедейлер тұрмысы арасындағы алшақтық тереңдей түскені басқа халықаралық ұйымдардың зерттеулерінен де байқалады. Ең бай 50 қазақстандықтың капиталын бағалаған Forbеs.kz журналының зерттеуі де халықтың бай және кедей бөліктері арасындағы алшақтық өскенін көрсетеді.

ӘЛЕМДЕГІ КЕДЕЙЛІКПЕН КҮРЕС

Дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толық жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз ету мақсатын белгілеген. Былтыр қараша айында банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде осындай мәлімдеме жасады.

Тегін тамақ тарату акциясына келген адамдар. Прага, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Тегін тамақ тарату акциясына келген адамдар. Прага, 4 желтоқсан 2013 жыл.
- 2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек, - дейді Бертран Барде.

Халықаралық стандартқа сәйкес, күндік табысы 1,25 доллардан аспаса, ол адам кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүреді деген сөз. Тұрмыс деңгейін әр ел өз «стандарты» бойынша бағалайтындықтан, Норвегия тұрғыны мен Чад азаматының кедейлік шегін салыстыруға болмайды.

ҚАЗАҚСТАН: БАЙЛАР МЕН КЕДЕЙЛЕР

Миллиардерлер Қазақстанда да бар. Forbеs журналының қазақстандық нұсқасының есебінше, 2013 жылы елдің ең бай 50 адамының байлығы 24,6 миллиард доллар болған.

Қазақ байлары қаншалықты дәулетті әрі олардың байлығын қалай бағалауға болады?

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Ең бай 50 қазақстандықтың капиталы елдің 2012 жылғы ішкі жалпы өнімінің 12,1 пайызын құраған. Бұл - Астана қаласының 2012 жылғы жалпы аймақтық өнімінен 1,4 есе көп. Бұл сома үш облыстың - Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының ішкі жалпы өнімінен (ІЖӨ) де көп.

Егер ресми статистика мен Forbеs журналының зерттеу нәтижелерін салыстырсақ, халқы 2 миллион 100 мың адам болатын үш облыста өндірілген бүкіл өнім Қазақстанның ең бай 50 адамының байлығына жетпейді.

2013 жылы жергілікті миллиардерлер тізімін бастап тұрған ең ауқатты қазақстандықтың байлығын Forbеs.kz сайты 2 миллиард 300 миллион доллар деп бағалайды. Журналдың зерттеу тобының мәлімдеуінше, бұл тізімдегі ең «кедей» адамның 80 миллион доллары бар.

Кедей отбасыларға арналған жәрмеңке. Теміртау, 29 мамыр 2013 жыл.
Кедей отбасыларға арналған жәрмеңке. Теміртау, 29 мамыр 2013 жыл.
Ресми дерекке жүгінсек, 2014 жылдың қаңтарында ең төменгі күнкөріс деңгейі 19 мың 996 теңге (122,6 доллар) көлемінде бекітілді. Ал жарты миллионнан аса қазақстандық бұл деңгейден де төмен тұрмыс кешіп жатыр.

2013 жылдың үшінші тоқсанында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы шамасында белгіледі.

Ал 49 доллар болатын бұл соманы ай күндеріне шақсақ, күніне 1 доллар 60 центтен шығады. Бұл халықаралық стандарт бойынша кедейліктің ең төменгі шегі саналатын 1 доллар 25 центтен сәл ғана көп.
XS
SM
MD
LG