Наурыздың 11-і күні Францияның апелляциялық соты қазақстандық оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың адвокаттарының оны Ресей немесе Украинаның біріне экстрадициялау ісі қаралатын қалған уақытқа қамаудан босату туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады деп хабарлайды Қазақстан мен Ресей ақпараттық агенттіктері. Оппозициялық «Республика» газетінің бас редакторы, қуғындағы Ирина Петрушова Facebook желісіндегі хабарламасында «Әблязовтың экстрадициялау ісі бойынша түрмеде отырғанына 2 жыл 7 ай болды» деп жазады.
Қазір Мұхтар Әблязов Париж іргесіндегі Флери-Мерожи түрмесінде отыр. Оны үй қамағына босату туралы өтінішті 2014 жылдың күзінде Ресей мен Украинаның қылмыстық сипаттағы айыптаулары бойынша экстрадициялау туралы өтініші бойынша оң шешім қабылдаған Лион қалалық соты қарады. Әблязовтың Франция түрмесінде қамауда отырғанына екі жыл жеті айдан асты.
Оның француз адвокаттары қамау мерзімі тым ұзаққа созылып кетті деп есептейді. Адвокат Питер Салас: «Францияда азаматтарды экстрадициялау туралы заң мұндай істер өте тез қаралатындай етіп жазылған, сондықтан ондай істер ешқашан жылдап қаралмайтын» дейді. Бірақ ол экстрадициялау істерін қарауға белгілі бір мерзімдік шек қойылмайды деп ескертеді. Прокурор сол себепті Мұхтар Әблязовты үйқамаққа босатуға қарсы шыққан. Ол Азаттыққа Мұхтар Әблязовті үй қамағына шығару жайлы өтініш беру себебін түсіндірді.
– Бірақ бұл адам құқығы жайлы халықаралық пактілерге қайшы. Біз Еуропадағы адам құқығы жөніндегі сот адамды қамауда ұзақ ұстағаны үшін Еуропаның кей елдері билігін, оның ішінде Франция билігін айыптайтыны жайлы Лион сотына ақпарат бердік. Кезінде Францияда ұсталған бір адам Швейцарияға экстрадициялау шешімі шыққанын күтіп, осындай жағдай болған, ол кезде Еуропадағы адам құқығы жөніндегі сот адамды 22 ай қамауда ұстау тым көп деп мәлімдеп, Францияны айыптаған. Ал мына жағдайда оның қамауда отырғанына 30 айдан асып кетті, – дейді ол.
Мұхтар Әблязовты үй қамағына ауыстыруды «денсаулығында кейбір кінәрат бар» деген уәжбен ең әуелі оның туыстары талап етеді.
– Оны емдету үшін түрмеден шығарып алғымыз келеді. Жалпы, денсаулығы жақсы, бірақ ұсақ-түйек сырқаттары көбейіп барады. Тісін емдету қажет, бірақ түрме әкімшілігі мүмкіндік беруі тиіс болғанымен, ол сегіз айдан бері тіс дәрігеріне қарала алмай жүр, – дейді оның қызы Мәдина Әблязова Азаттыққа.
Мұхтар Әблязов пен оның адвокаттары соттың Франциядан экстрадициялау шешіміне қатысты апелляциялық шағым қаралып біткенше оны үй қамағына босатуды сұрап, сотқа талай мәрте жүгінген. Ресей мен Украина оны қаржылық алаяқтық жасады деген айыппен беруді талап еткенімен, өз өтініштерінің саяси астары барын теріске шығарады. Франциямен арада экстрадиция жайлы келісімі жоқ Қазақстан билігі Әблязовты 2009 жылдың ақпанында Қазақстан үкіметі қарауына өткен БТА Банктен 6 миллиард доллар жымқырды деп айыптайды. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынағаным үшін қудалайды деп мәлімдеп, бұл айыптауды жоққа шығарады.
2015 жылдың күзінде Франция үкіметі француз соттарының Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешімін құптаған. Оның бұл шешімге қатысты шағымын қарап жатқан Францияның мемлекеттік кеңесі әлі өз үкімін шығарған жоқ. Адвокат Питер Саластың айтуынша, бұл іс бойынша тыңдау өтетін күн әлі белгіленбеген. Ол Әблязовтің апелляциясын қарау мерзімі тағы созылып кетуі мүмкін деп есептейді.
Ал Франция баспасөзі Леон қалалық прокуратурасы «ресми процедураларды айналып өтіп ресейлік және украиналық әріптестерімен, сондай-ақ қазақстандық БТА Банк адвокаттарымен күдікті байланысы болған деген болжаммен француз прокуроры Соланж Легрдің үстінен ішкі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр деп хабарлайды.
Бұл істің артында Қазақстан тұр деп айтып келеміз. Әблязовтың ісі бойынша жапа шеккендер Қазақстанда тұратыны тіпті Ресей мен Украина өкілдерінің құжаттарында да көрсетілген.Адвокат Питер Салас
– Бұл – біз үшін өте маңызды іс, өйткені соттарда бұл істің артында Қазақстан тұр деп айтып келеміз. Әблязовтың ісі бойынша жапа шеккендер Қазақстанда тұратыны тіпті Ресей мен Украина өкілдерінің құжаттарында да көрсетілген. Енді Қазақстан құжаттардың көбін сотқа құпия берген деген күдік туып отыр, – дейді адвокат Питер Салас.
Ресей билігі «Әблязовты экстрадицияласа, оны Астанаға бермейміз» деп мәлімдейді. Ақпан айының басында Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды экстрадициялау жайлы Франциямен екі жақты келісімге қол қою жөнінде келісеміз деп мәлімдеген. Қазақстанда «Әблязов ісін» тергеу амалдары Әблязов басқарған БТА Банк үкімет қарауына өтіп, ал өзі елден кетіп, біраз уақыттан кейін Ұлыбританияда саяси баспана алған 2009 жылдың наурызында басталған. Кейін Әблязов «сотты құрметтемеді» деп айыппен бірнеше айға сотталған Ұлыбританиядан қашып кеткен. Әблязовты Францияда тауып, ұстаған. Ол қашу себебін Ұлыбритания түрмесінде өміріне қауіп төнуі мүмкін деген қорқынышымен түсіндірген, ал сот біржақты шешім шығарды деп мәлімдеген.
Мұхтар Әблязов Франция түрмесінде отырған кезде оның кейбір серіктері мен туыстарына Еуропа елдері баспана беріп, оларды экстрадициялаудан бас тартқан. Ертеректе Ұлыбритания мен Чехия Әблязов ісі бойынша айыпталатын Игорь Кононко мен Татьяна Параскевичті Украинаға экстрадициялаудан бас тартқан. Ал балдызы Сырым Шалабаевқа Литва баспана берген. БТА Банктің бұрынғы басшысының күзет қызметінің бастығы Александр Павлов Испаниядан баспана алған. Кеше Лондон соты БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченконы қаржылық қылмыстар мен қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыптайтын Украинаға беруден бас тартқан.