Қырдағы күн станциясы қараусыз қалған

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Сарыбұлақ ауылындағы гелиостанция. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Алматы облысындағы Сарыбұлақ ауылындағы күн станциясы жұмысының тоқтап қалғанына бір жылдан асқан. Бақылаушылар «мемлекетті басқаруға азаматтық қоғам араласқанда мұндай қырсыздық болмас еді» дейді.

2012 жылы күн станциясы кілтін Алматы облысындағы Сарыбұлақ ауылы тұрғындарына салтанатты түрде табыстаған болатын. Құрылғы үш жылдан кейін істен шығып, қазір мүлде қараусыз қалған. Бұған алаңдаған тұрғындар «әбден тозып, мүлде жарамсыз болып қалмай тұрғанда станцияны басқа жаққа көшіру керек» дейді.

САРЫБҰЛАҚТЫ ТАҒЫ ТҮНЕК БАСТЫ

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Рахым Ходжиев.

Ол гелиостанция салынғанға дейін Сарыбұлақ тұрғындары 20 жыл электр жарығынсыз тіршілік еткен. Үш жыл бұрын Оңтүстік Корея бизнесмендері кент тұрғындарына сый жасап, күннен қуат өндіретін станция құрылысы мен оны іске қосуға 600 мың доллар бөлген. Олар тіпті ауылдың екі тұрғынын станцияда жұмыс істеудің қыр-сырын да үйретіп кеткен. Бірақ ешкім жалақы төлемеген соң екеуі құрметті қызметтен көп ұзамай бас тартқан. Сөйтіп қараусыз қалған станция істен шыққан.

- Егер мемлекет қарауына алғысы келмесе, мұнда бұл станцияны не үшін салғанын әлі түсінбейміз. Аудан әкімдігі «оны өздерің қарап, жұмысын жүргізесіңдер» деп талай айтқан. Бірақ оны біз қалай қараймыз? Мұнда тұратын шала сауатты жұрттың қолынан мал бағу ғана келеді. Әлгі станцияның жұмысын жүргізуді үйренген жігіттер екі жыл тегін жұмыс істеді, бірақ күнкөріс қамымен қалаға кетіп қалды, - дейді Сарыбұлақ тұрғыны Рахым Ходжиев.

ОПЕРАТОР КӘУАП САТУҒА КЕТКЕН

Күннен қуат өндіретін станция үш рет сынған. Оңтүстік Кореядан мамандар арнайы келіп, оны екі рет жөндеп берген. Бірақ былтыр олар көмектесуден үзілді-кесілді бас тартып, 6 мың долларға жуық жол шығынын төлеп берсе ғана келетіндерін айтқан. Ал ауыл тұрғындарында мұндай ақша жоқ. Қазір қараусыз қалған станция бірте-бірте тозып барады. Оны шамасы келгенше Малисат Кунчиева қарайды.

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Малисат Кунчиева.

- Менің балам Руслан мұнда алғашқы оператор болған. Қазір аудан орталығында кәуап сатады. Бала-шағасын асырауы керек қой. Станцияның кілті менде тұр. Шамам келгенше қараған болып жүрмін. Ара-тұра шенеуніктер келіп қарап кетеді, бірақ әлі қайыр жоқ, - дейді ол.

Сарыбұлақ тұрғындарына күн станциясы қондырғысынан бөлек, су шығатын ұңғыма да қазып берген. Олар 130 метр тереңдіктен таза су ішіп отырған. Жұрт енді суды мал суаратын ашық-шашық бастаудан алып жүр.

- Бастаудың суы лас, бақа, балықтардың құрты қаптап жүреді. Оны қайнатып қана ішеміз, - дейді Милана Кунчиева.

Кербұлақ ауданы әкімшілігінің қараусыз қалған нысанды өз иелігіне алуға тырысқанына үшінші жылға айналған. Кербұлақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығы Медет Сопбеков:

- Әлгі станцияны салған фирма құжаттарды әзірлеп, облыстық тұрғын үй шаруашылығы басқармасына өткізуі тиіс болған. Ал олар кейін оны біздің балансқа беруі керек. Бірақ, өкінішке орай бұл процесс созылып кетті, - дейді.

ӨЗІН ӨЗІ БАСҚАРУ САБАҚТАРЫ

Талдықорған қаласы құрылысшылар қауымдастығы төрағасы Алексей Свиридовтың пікірінше, Сарыбұлақтағы гелиостанцияның тағдыры алдын ала болжанғандай болып шыққан. Белсенді «қараусыз қондырғы ерте ме, кеш пе, мүлде тозып бітеді» дейді.

Күн станциясы компьютерлендірілген. Алматы облысы Сарыбұлақ ауылы, 7 желтоқсан 2015 жыл.

- Мұндай нысандарды салмас бұрын алдын ала жоспарлап, бәрін есептеп алу керек еді. Халық аз тұратын елдімекенде салатын болған соң әуелі станцияны кім, қалай ұстайды деген мәселені шешіп алған жөн еді. Бүтіндей мемлекет қарауына өте ме, әлде коммуналдық қызмет ақысы есебінен тұрғындардың өздері ұстай ма? Ал енді, міне, қаншама ақша желге ұшты, - дейді Алексей Свиридов.

Талдықорғандағы адам құқықтары мен заңдылықты қорғау және демократияны қолдау қоғамы мүшесі Ғалия Орынбаева Сарыбұлақ ауылындағы күн станциясы төңірегінде қалыптасқан жағдайды мемлекеттік биліктің жүйелі проблемасы деп санайды. Азаматтық белсендінің пікірінше, егер ел басқаруға азаматтар мен азаматтық қоғам институттарын көбірек қатыстырғанда Қазақстан экономикалық проблемалардың көбінен құтылар ма еді.

- Бізде жергілікті өзін өзі басқару туралы заң бар, бірақ оны ешкім орындамайды. Егер шенеуніктер ауыл тұрғындарын өзін өзі басқаруға дұрыстап үйретсе, мына сияқты жағдайлар азаяр еді. Әлгі станцияны салмас бұрын оны кім қарап, қалай ұстайды деген мәселені жергілікті тұрғындармен келісіп шешу керек еді. Сарыбұлақ тұрғындары да өзін өзі басқару тетіктерін біраз үйреніп қалар еді. Тіпті бұл шаруаның маңыздылығын көрсету үшін ауыл тұрғындарымен келісім-шарт бекітіп қойса да артық етпес еді, - дейді Ғалия Орынбаева.

Гелиостанция «Жасыл ауыл» халықаралық жобасы аясында салынған. Бақылаушылар «егер станция жұмыс істесе, «Экспо-2017» экологиялық көрмесінде көрсетуге лайық экспонатқа айналар еді» дейді.