«Қазақстанда емделушілер құқығын қорғайтын заң жоқ»

Орын жетпей аурухана дәлізінде төсекте жатқан науқастар. Ақтөбе қаласы, қараша, 2008 жыл.

Орын жетпей аурухана дәлізінде төсекте жатқан науқастар. Ақтөбе қаласы, қараша, 2008 жыл.

Қазақстандағы «Аман-саулық» қоғамдық қоры өткізген «Науқас болғаны үшін кінәлі» деген қоғамдық тыңдауға қатысқан медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар басшылары және денсаулық сақтау басқармасы мен министрлік өкілдері пікірлерін ортаға салды.


Дәрігерлер біліксіздігінен ауруға тап болғандар жайлы тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Дәрігерлер біліксіздігінен ауруға тап болғандар жайлы тыңдаңыз




Қазіргі кезде науқастар дәрігерге тәуелді, сондықтан да біліксіз мамандардың құрбаны болып жататын жағдайлар да аз кездеспейді.

Әлия Серікбаеваның келіні Бақыткүл біліксіз мамандардың кесірінен көптеген қиыншылықтарды бастан өткеруге мәжбүр болғанын айтады. Бұл оқиға 2010 жылы мамырдың 17-сі күні Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр атындағы орталық ауруханасында басталған екен.

«Келінім ауруханаға түскенде құрсағындағы нәрестеге жеті жарым ай жүкті болатын. Алдымен түсе сала толғағын тоқтататын дәрі салған, сосын оны қайта шақыратын дәрі салған. Ақырында бала шетінеп кетті. Ал келінім қансырағандықтан, оның жатырын алып тастаған. Онысымен қоймай, зәр шығаратын мүшесін етіне үш жерден тігіп тастаған. Оны кейін томография жасау арқылы білдік. Бірден операция жасады. Екі мәрте болған операция мен басқа да шығындарға 300 000 теңге төледік. Әлгі дәрігердің кесірінен сонша шығындалдық», – дейді Әлия Серікбаева.

Оның айтуынша, қазір прокуратура осы істі тексеріп жатыр. Әлия Серікбаева мұндай келеңсіз жағдайларға кінәлілерге қатаң жаза қолдану керек деп есептейді.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың жылдан жылға ұлғаюына қарамастан, емделушілердің шағымдары азаймай отыр екен. Ал 2010 жылы осы салаға 400 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

«Аман-саулық» қоғамдық қорындағы жедел телефон желісіне үш жыл ішінде 11400-ге жуық шағым түсіпті.

Емделушілер көбінесе емханалар мен ауруханалардағы медициналық қызметкерлердің селқостығына, немқұрайлығына, парақорлықтың жайылуына шағымданады екен.

Қоңырау шалған адамдарға өз аты-жөнін, қандай мекемеде, кім емдегенін толық айту талабы қойылыпты. Дегенмен кейбіреулері барлығын оңаша отырып әңгімелегенді жөн санаған.

«Өйткені науқастар медицина қызметкерлерінен қорқып қалған. Соңғы үмітіміз дейтін дәрігерден қорықсақ, мұның арты жақсылыққа әкелмейді», – дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.

Шағымданушылардың 80 пайызы зейнеткерлер немесе зейнет жасына таяған азаматтар екен. Сондықтан да олардың сотқа шағымданып, оның шығындарын төлеуге мүмкіндіктері жоқ.

Алайда «Адвокаттар форумы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Таир Назханов әрбір болған нақты оқиғаға байланысты міндетті түрде сотқа шағымдануға кеңес береді.

«Себебі министрлік немесе басқармаға хабарласаңыздар, кейін сот барысында олардың қорытындылары біліксіз дәрігердің немесе аурухананың пайдасына қолданылуы мүмкін. Кез келген салада бірлескен тілектестік бар. Ал қызметінен босату туралы айтатын болсақ, әрине жапа шеккен жақ оны жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан қателік жіберген дәрігердің атына емес, аурухананың атына шағымданып сотқа хабарласу керек. Себебі аурухана заңды тұлға ретінде қызмет етеді, яғни ол өз қызметкерлерінің жұмысына жауап береді», – деді Таир Назханов.

«Здоровая Азия» қоғамдық қорының президенті Нағима Плохих емделушілердің құқын қорғайтын заң қажеттігін айтады.

«Қазақстанда емделушілердің құқын қорғайтын заң жоқ. ТМД елдері арасында мұндай заң тек Грузия мен Молдовада ғана бар. Ал осындай заңсыз ешбір науқас өз құқығын сотта қорғап шыға алмайды. Қазіргі кезде бар декларациялар мен кодекстер емделушілердің мұқтаж болып отырған құқықтарының бір бөлігі ғана», – дейді маман.