Қисайған үйдің жайы парламентте де сөз болды

Апатты жағдайдағы көпқабатты үйдің алдында тұрған адамдар. "Алғабас" ықшам ауданы, Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасына наразылық парламент мәжілісіндегі дөңгелек үстелде де айтылды. Жиынға келген үкімет өкілі «талапты күшейтіп жатқандарын» мәлімдеді.

Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері, екі балалы Ерғали Әбенов бес жыл бойы жатақхана бөлмесін жалдап, баспанадан әбден қиындық көргенін айтады. Тек былтыр күзде ғана мемлекеттік бағдарлама бойынша жалпы ауданы 51 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерге қолы жеткен соң көңілі жайланған.

Your browser doesn’t support HTML5

Қисайған үйдің жайы. Аудиоподкаст.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 3 жыл 8 ай ақша жинадым. Банктен кредит алған жоқпын. Есеп-шоттағы ақша жеткілікті болды. Баспананың шаршы метрі 120 мың теңгеге түсті. Биыл бірінші рет қыстап шықтық. Жылы. Баспанаға көңілім толады, – дейді Ерғали Әбенов.

«БАСПАНАНЫҢ САПАСЫНА КЕПІЛ БАР МА?»

Ерғали Әбенов сияқты азаматтардың мемлекеттік бағдарлама бойынша алған баспаналарының сапасы бүгін парламент мәжілісінде өткен «Жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту шаралары» атты дөңгелек үстелде де сөз болды.

Алматының Алғабас ықшам ауданындағы апатты жағдайдағы тұрғын үй:

Your browser doesn’t support HTML5

Апатты үйден тұрғындар көшірілді

Ондаған депутат, ұлттық экономика министрлігі мен ұлттық компаниялар өкілдері қатысқан жиында бұл мәселені депутат Артур Платонов қозғады. Ол маусымның 1-і күні Алматының Алатау ауданы Алғабас ықшам ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің қисайып, апатты жағдайға жеткенін сөз етті.

– Алматыда болған жағдайдың қайталанбауына, азаматтардың мемлекеттік бағдарламалармен алған баспаналарының сапалы болуына кепіл бар ма? Салынған әр үй үшін сұрау салатын нақты жауапты адамдар бар ма? – деді депутат.

Бұл сауалға ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр жауап беріп, «үйдің сапасыздығына бірінші кезекте тапсырыс беруші, техникалық бақылау, авторлық бақылау және мердігер жауап беруі тиіс» екенін мәлімдеді.

Ұлттық экономика вице-министріне баспана сапасы жайлы сауалды депутат Снежанна Имашева да қойды.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Астана, 9 маусым 2016 жыл.

– Тұрғындардың кірген пәтерлерінің сапасына көңілі толмай жатқандарын талай көрдік. Жел соқса шатыры ұшып, сатысы тұрған жерінен тайып, бір жылда қабырғалары жарылып кетіп жатады. Құрылыс компаниялары қалай таңдалады? Әлдебір техникасы жоқ, ұжымында үш-ақ қызметкері бар компания тендер ұтып, қосалқы мердігер компания жалдап жатады. Бұлай салынған үйлердің нәтижесі қайғылы болып жатады, – деді Снежанна Имашева.

Ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр ақыры баспана сапасына көңіл толмайтын мұндай пікірлер «орынды» екенін мойындады.

– Қазіргі кезде техникалық, авторлық бақылау, тапсырыс беруші және жобалық ұйымдастыру талаптарын күшейтіп жатырмыз, – деді ол.

«600 МЫҢ АДАМНЫҢ ЖИНАҚ ҚОРЫ БАР»

Ұлттық экономика вице-министрі «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жалға берілетін баспана салу мен қаржыландыруға Қазақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша ұлттық қордан 115 миллиард теңге бөлінгенін айтты.

– Сонымен бірге «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы арқылы баспана салуға 29 миллиард теңге бөлінген. Мұның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған 13 мың 700 адам жалға берілетін баспана алады. 2015 жылдың өзінде 7 мың 234 отбасы баспанаға кіріп үлгерді, – дейді Роман Скляр.

Ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр мәжіліс депутаттары алдында сөйлеп тұр. Астана, 9 маусым 2016 жыл.

Жиында мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана салу ісін жүзеге асырып отырған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ләззәт Ибрагимова да сөйледі. Оның сөзінше, «ипотека нарығының 70 пайызы бұл холдингке қарасты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тиесілі.

– Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 600 мың адамның жинақ қоры бар. Былтыр ипотека бойынша 36 мың несие бөлінсе, оның 26,5 мыңы «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы берілген, – дейді Ләззәт Ибрагимова.

Парламент мәжілісінде бір сағаттан аса уақытқа созылған жиында үлескерлік баспана, бөлінетін қаражат айқындығы, баспана салудағы инженерлік-коммуникациялық жүйелер шығыны, мемлекеттік баспананы субарендаға беру жайттары да сөз болды.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша құжат өткізу үшін кезекке тұрған азаматтар. Алматы, 10 шілде 2013 жыл.

Ресми дерекке қарағанда, Қазақстанда 2015 жылы 401 мың шаршы метр тұрғын үй (6 мың 700 пәтер) салынған. Ал 2016 жылы 326 мың шаршы метр тұрғын үй (5 мың 400 пәтер) тапсырылмақ. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 1 миллион 400 мың шаршы метр тұрғын үй (23 мың 300 пәтер) салу жоспарланған.