Борышкерлер акциясының 10-күні төбелес шықты

Қоғамдық белсенді, кәсіпкер әйел Қанағат Такеева.

Ондаған проблемалық борышкер Астана орталығында акция өткізіп жатқан 10-күні олар мен алматылық бір топ белсенді арасында төбелес болды. Екі жақ бір-бірін «арандатты» деп айыптайды.

Қазақстанның бірнеше аймағынан келген 100 шақты борышкер ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп, Астананың іскерлік орталығына сәуірдің 7-сінен бері келіп жүр. Олар алдағы президент сайлауына түсетін негізгі фаворит кандидаттың сайлауалды бағдарламасына проблемалық несиелерге қатысты жағдайды реттеу тетіктерін енгізуді талап етеді.

Борышкерлердің көпшілігі «негізгі қарызымды баяғыда төлеп қойғанмын» деген уәжбен екінші деңгейлі банктердің несиені кешіктіргені үшін салған айыппұлын төлеуден бас тартқан. Банктер қарызданып қалған борышкерлердің баспанасын сот арқылы тартып алып жатыр. Борышкерлер президент резиденциясына өтуге күнде тырысқанымен, олардың бұл әрекетін полиция тоқтатып тұр. Оларды Астана орталығындағы Водно-зеленый бульвардан ары өткізбейді.

БУЛЬВАРДАҒЫ ТӨБЕЛЕС

Борышкерлердің «Халыққа баспанасын қалдырайық» бастамашы тобының жетекшісі Есенбек Өктешбаевтың айтуынша, бүгін таңертең бульварда отырған борышкерлерге алматылық бірнеше азаматтық белсенді келіп жолыққан.

— Әуелі олар «мұнда не үшін келдіңдер, тараңдар» деп айғайға басты. Бірақ олардың арандатуына ешкім ермейтінін түсінеген соң ашық төбелес бастады, - дейді Есенбек Өктешбаев.

Оқиғаға куә болған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Астана филиалының басшысы Асхат Рахымжановтың айтуынша, Алматыдан келген белсенділер борышкерлерге «бульварда отыруға хақыларың жоқ» деп айғайлаған.

Наразы борышкерлердің Астанадағы акциясы. 14 сәуір 2015 жыл.

Екеуінің айтуынша, алматылық белсенділердің арасында «Халықты медициналық-әлеуметтік қорғау» ұйымының жетекшісі Қанағат Такеева болған.

— Бір топ адамды ертіп Қанағат Такеева келді. Олар бірден ұрыс шығарып, жұртты тілдей жөнелді. «Борышкерлер қоғамдық тәртіпті бұзды» деп полицейлерді шақырып, қолдарына кісен салып әкетуін сұрады. Қазір ол полиция көлігінде борышкерлердің үстінен арыз жазып отыр, - деді Асхат Рахымжанов.

Борышкерлер акциясын бірінші күннен бері бақылап жүрген ЖСДП өкілінің айтуынша, борышкерлер тамақтана алмас үшін билік Водно-зеленый бульвардағы дәмханалардың бәрін жауып тастаған. 10 күнге созылған акцияға қатысушылар полиция борышкерлерге тамақ әкелген жандарды бульварға өткізбейтінін айтады.

«УКРАИНАДАҒЫ СЦЕНАРИЙ ҚАЙТАЛАНБАСА ДЕЙМІН»

Кезінде кедендегі тазарту шараларына байланысты жұрт назарына алғаш ілінген белсенді Қанағат Такеева парламент депутаты Айқын Қоңыров пен ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың атына жазылған хатты тапсыру үшін бір топ қоғам белсендісімен Астанаға келгенін айтады. Оның айтуынша, олар борышкерлерге көмек көрсету бағдарламасы бойынша құрылған комиссияға кіреді. Такеева «борышкерлердің проблемасын шешуге ұлттық банк кірісіп кеткенін айта бастағанымыз сол еді, олар бізге тап берді» дейді.

— Бізді ұрып-соқты. Қазір жарақатымызды көрсетіп, тиісті анықтама алу үшін медициналық тексеруге барамыз. Олардың үстінен арыз жаздық. Ұлттық банк борышкерлерге көмек көрсету бағдарламасын қабылдап қойды. Өктешбаев жұртты шатастырып жүр. Ол мемлекеттің іргесін шайқалтпақ. Украинадағы жағдайдың бізде қайталанғанын қаламаймын, - дейді Қанағат Такеева.

Астананың сол жағалауындағы борышкерлер акциясына 40 шақты адам қатысып жатыр. Олар қаржы дағдарысына байланысты қарыздарын қайтара алмайтынын айтып, өтелмеген несиені жою жөнінде банкпен келісімге келу үшін биліктен көмек сұрайды.