Қылмыстық іс прокуратураға жіберілді, Жовтис бес жыл түрме жазасын алуы да мүмкін

Жовтистің ісі бойынша куәгер Сергей Нагорный мен құқыққорғаушыный қоғамдық қорғаушысы Вера Ткаченко. Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.

Құқыққорғаушыға қарсы қозғалған қылмыстық іс прокуратурадан кейін сотқа жетуі ықтимал. Жовтистің адвокаты қаза тапқан азаматтың туыстарының құқыққорғаушыға қояр кінәсі жоқ дейді. Ал Ішкі істер министрлігі жол апатын болдырмауға Жовтистің техникалық мүмкіндігі болғанын айтады.

"ТУҒАН-ТУЫСТАРЫ КІНӘ ҚОЙМАЙДЫ"

Алматыда 17 тамыз күні өткен баспасөз мәслихатында Жовтистің қоғамдық қорғаушысы Вера Ткаченко құқыққорғаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Естеріңізге сала кетсек, адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис өзі айдап келе жатқан «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Қағып кеткен азамат оқиға орнында қаза тапқан еді.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис жол апатына байланысты жасалған сараптама өзінің ұсынып отырған дәлелдерімен сәйкес келмейтінін айтады. Оның сөзіне қарағанда жол апаты туралы ақпарат дұрыс берілмеген. Ол жаяу жүргіншіні қағып кетпеу үшін жасалатын техникалық мүмкіндігі болды деген дәлелмен келіспейді. Сонымен қатар Евгений Жовтис Бақанас бағытындағы жолда ешқандай жол белгілері болмағанын жеткізді.

Жол апатын болдырмауға менде» техникалық мүмкіндік болды» деген айыппен келіспеймін. Менің білуімше, менде ондай техникалық мүмкіндік болған жоқ. Жасалған сараптама шынайы емес. Сараптама жасаушылар тергеушіге жаяу жүргіншіні 100 метр жерден көрді деп белгілеп берген.

Жол-көлік апаты кезінде құқыққорғаушы Евгений Жовтистің оң жағында отырған Сергей Нагорный деген азамат оқиға орын алған кезде көз қарықтырар жарықтан көзін жұмғанын айтады. Ол Бақанас бағытында жүретін жолды жақсы білетіндіктен жүргізушілердің жартысы алыс жол жүргенде қосатын машинаның фарларын өшіре бермейтін ескертті. Сол себептен ол үйге келгенде көздің шаршайтынын айтады.

"Мен адам екен деп ойлаған жоқпын. Өйткені бір нәрсе өтіп бара жатқандай болды. Алдында жол жақсы көрініп келе жатқан. Алдымыздан жарық түскен кезде көзімді жұмдым. Көзімді ашқанда капотқа бір нәрсе құлады. Мен бір жануарды қаққан шығармыз деп ойлады",- дейді Сергей Нагорный оқиғаның куәгері.

Баспасөз мәслихатынан кейін құқыққорғаушының адвокаты Шолпан Батқалова жол апатынан қаза тапқан азамат Қанат Молдабаевтың туыстары Евгений Жовтиске кінә қоймайды, жақын күндері олар күштік органдарға тиісті өтініштерін тапсыратын болады деп мәлімдеді.


ҚАН ҚҰРАМЫНДА ІШІМДІКТІҢ ӘЛСІЗ БЕЛГІСІ БІЛІНГЕН

Қоғамдық қорғаушы Вера Ткаченко оқиға болған күні химия-токсикологиялық сараптаманың қорытындысы құқыққорғаушының қанының құрамында алкоголь болмағанын көрсеткен болатын, алайда 28 шілде күнгі сот-медициналық сараптамасы шығарған қорытынды бойынша, оның организмінде 0,42 промиль алкоголь табылғанын айтып отыр деді.

Бірақ сот-медициналық сараптама бұл көрсеткіш Жовтистің көлік жүргізуіне ешқандай кедергі келтірмейтінін айтқан. 0.42 промиль этиль спирті лимонад, квас сусындарын ішкен жағдайда немесе валидол, карвалол секілді дәрілер қолданған уақытта қан құрамында пайда болуы мүмкін екенін растаған.

Евгений Жовтистің жүргізушісі Никитенко Владимир жол апаты кезінде оның жанында отырғанын айтады. Оның айтуына қарағанда құқыққорғаушы алкоголь қолданған болса, машинаны өзі жүргізген болар еді. Сонымен қатар ол Евгений Жовтис жүргізіп келе жатқан автокөлік толық техникалық тексеруден өткенін жеткізді.
Евгений Жовтистің спирттік ішімдік пайдаланбағанын нақты айта аламын. Ол ішкен болса көлікті мен жүргізген болар едім.


ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ПРОКУРАТУРАҒА ЖОЛДАНАДЫ


Баспасөз мәслихатында қоғамдық қорғаушы Вера Ткаченко қарама-қарсы келе жатқан көліктің көз қарықтырар жарығы 30-40 метр жерден түскендіктен жедел түрде тежегішті басу қажеттілігі тумаған деді. Оның айтуына қарағанда жол жақсы көрінген уақытта сот сараптамасында көрсетілгендей, Жовтис жаяу жүргіншіні 100 метр жерден емес, 2-3 метр жерден байқаған.

15 тамызда Евгений Жовтиске айып тағылып,ол жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық іспен адвокаты екеуі танысқан. Адвокаты Шолпан Батқалованың айтуынша, Евгений Жовтис ешқайда шықпау жөнінде қолхат берген.

Шолпан Батқалова жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзғаны туралы мәлімет жол-көлік апатына байланысты қозғалған қылмыстық істе тіркелмегенін жеткізді. Ол қозғалған қылмыстық іс сотқа жетпегендіктен, нақты мәлімет беруден бас тартатынын айтты.

« Жовтис өзін кінәлімін деп санамайды. Жол жүру ережесін бұзбаған. Оның жылдамдығы сағатына 80 км болған. Жол белгілері болмаған. Елдімекен жолдың басталар жағында 300 метр жерде орналасқан. Айыптаулармен танысқаннан кейін қайтадан сараптама жасау үшін талап- тілек дайындап жатырмыз» -дейді адвокат Батқалова.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов жол апатына байланысты Евгений Жовтиске қатысты қозғалған қылмыстық іс аяқталып, іс прокуратура арқылы сотқа жолданатынын айтты:

"Жүргізуші Жовтис жасаған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеу барысында сот-сараптамалық кешені жүргізілді.Ол медициналық, техникалық, физикалық және автотехникалық. Соңғы сараптаманың қорытындысына сәйкес Жовтитіңс жаяу жүргіншімен соқтықпауға техникалық мүмкіндігі болған. Ал, химиялық сараптама құрбан болған азамат Молдабаевтың мас болмағанын анықтаған. Жовтиске ҚР қылмыстық кодексінің 29-6 бабының екінші тармағы бойынша айып тағылды. 15 тамызда алдын-ала тергеу аяқталды. Күдікті қылмыстық іспен танысты. Қылмыстық іс аяқталды және прокуратура арқылы сотқа жолданатын болады".