Құқық қорғаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларды қорғау тәсілдерін ойластыру бастамасын Қазақстандағы халықаралық адам құқығы бюросының қолдауымен Астанадағы «Қадір-қасиет» ұйымы көтерген. Ұйым қызметкерлері азаматтық белсенділерге қатысты ахуалға мониторинг жүргізген. «Қадір-қасиет» ұйымы жетекшісі, құқық қорғаушы Анар Ибраеваның айтуынша, ішінде құқық қорғаушылар, журналистер, заңгерлер мен азаматтық белсенділер бар 200 адам қатысқан сауалнама қорытындысы бойынша арнайы баяндама жарияланған. Оны тамыздың 21-24 күндері Бурабайда қауіпсіздік стратегиясын құрастырған құқық қорғаушылар мен белсенділердің жиынында таныстырды.
Баяндамада Қазақстанда азаматтық белсенділер үшін негізгі қауіп ел билігінен төнетіні айтылған. Құжатта азаматтық белсенділерге мемлекеттік органдар тарапынан психологиялық қысым, арандату, қоқан-лоқы, бопсалау, зорлық-зомбылық, абақтыға қамау және сотқа тарту сияқты әрекеттерді қолдану фактілері мысалға келтірілген.
«Көкжайлауды қорғайық» тіркелмеген қоғамдық қозғалыс жетекшісі Абай Ерекеновтің мәлімдеуінше, Алматы маңындағы тау бөктерінде тау шаңғысы курортын салуға қарсылық білдірген азаматтық ұстанымы мен қызметі үшін оның талай рет көлігінің доңғалағын жарып тастаған, үйіне баса-көктеп кірген, телефон арқылы қорқытып-үркіткен, полицейлер оны тіпті заңсыз ұстап әкеткен.
-Мұның бәрі Алматыдан сегіз километр жердегіІле Алатауы қорығы территориясында тау шаңғысы курортын салу туралы әлдебір ЖШС-тің жобасын тауып алғанымыздан басталды. Әлгі құжатқа сәйкес, жеке тұлғаларға мемлекет 750 миллиондай доллар бөлуі тиіс екен. ЖШС туралы ақпаратты жұртқа жариялауды талап етіп, сотқа жүгіндік. Бірақ сот «бұл – коммерциялық құпия» деген желеумен шағымымызды қараудан бас тартты. Бірақ бұл жоба бюджет есебінен қаржыландырылуы мүмкін, демек коммерциялық құпия бола алмайды деген уәжбен алған бетімізден қайтпай отырмыз, - дейді Абай Ерекенов.
«СУҒА КЕТКЕН ӨЗІ ТАЛ ҚАРМАУЫ ТИІС»
Жиынға қатысушылар нақты және ықтимал қауіп-қатерден бірлесіп қорғану үшін коалиция құрды.
- Коалиция мүшелері ешкімге үміт артпай, өздерін өздері қорғауға тура келетінін түсінуі тиіс, бірақ біз оларды «суға кеткеннің өзі тал қармауы тиіс» принципімен қолдаймыз, - дейді жиынға қатысушы Елена Смирнова.
Петропавл қаласындағы ақпараттық құқық орталығы директоры Александр Верстаков құқық қорғаушыларға интернет пен ұялы байланысты пайдалану кезінде өзінің ақпараттық қауіпсіздігі қамын ойластыруды ұсынды.
- Интернетте жасырын комментарий жазатындардың көбі «мені ешкім таба алмайды» деп ойлайды. Бірақ шындап кіріссе, оларды 15 минутта тауып алады. Сондықтан «жала жапты немесе жеке басты қорлады» деген айыппен алда-жалда сотқа тартылмас үшін құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер интернеттегі мінез-құлық кодексін құрастырғаны жөн, - дейді Александр Верстаков.
Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина «құқық қорғау қызметі қауіп-қатерсіз болмайды» дейді.
- Құқық қорғау органдарынан біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуді бәріміз бірігіп талап етуді үйренуіміз қажет. Олар бұл үшін жалақы алады емес пе? - дейді Бақыт Төреғожина.
Конференцияның тағы бір қатысушысы – «Халықтық антикоррупциялық комитет» ұйымының былтыр «жала жапты» деген айыппен бір жылға бостандығы шектелген президенті Мұсағали Дуамбеков елде теңге девальвациясынан кейін қалыптасқан экономикалық жағдайды пайдалануды ұсынады.
- Мұнай бағасы арзандаған сайын басшыларымыздың да менмендігі азая түседі. Сондықтан азаматтық қоғаммен сындарлы диалог жүргізуі тиіс екенін биліктің есіне тағы бір мәрте салып қою керек. Биліктің қарсыластарына ұлттық БАҚ-қа шығуға мүмкіндік берілсін. Қазір қоғамға пікір алуандығы, сөз еркіндігі, дағдарыстан шығуға көмектесетін жаңа идеялар жетіспейді, - дейді Мұсағали Дуамбеков.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ КЕҢЕСТЕРІ
Кездесуге қатысқан шетелдік сарапшылар құқық қорғау қызметіндегі жаңа қатерлер, азаматтық белсенділердің құқығын қорғаудың халықаралық тетіктері туралы айтып, тиімді кеңестерімен бөлісті.
- Қазір әлемде құқық қорғау қызметін жаппай шектеу тенденциясы байқалып отыр. Мемлекеттер азаматтық және құқық қорғау қозғалысын қалай шектеп, басып-жаншуға болатыны жөніндегі идея, тәжірибелермен оңай бөлісе алады. Сондықтан біздің міндет - мұндай трендтерге қарсы тұра білу, - дейді «Артикль 19» ұйымының бағдарламалар директоры Дэвид Диаз.
БҰҰ-ның арнайы өкілі Майна Киаидың айтуынша, оның кеңсесіне әлемнің әр түкпірінен адам құқығын бұзу фактілері туралы жылына 100-ге жуық шағым түседі.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар өз құқығын қорғау кезінде біздің жылына бір рет әзірлейтін есебімізді пайдалана алады. Бірақ мен сіздерге бұл мәселені басқа тұрғыдан қарастыруды ұсынамын. Мысалы, мемлекеттеріңіз президенттің басқаруымен халыққа институттық реформалардың 100 қадамын ұсынды. Енді оған жауап ретінде демократия мен адам құқығын қорғаудың 100 қадамын ұсынуға тиіссіздер, - дейді Майна Киаи.