Құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты түрмеге түскен белсенді Арон Атабекке балдақ берілгенін, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталған белсенді Роза Төлетаеваның бостандыққа шығуын биылғы елеулі жаңалық ретінде атайды. Ол бұл өзгерістерді Қазақстанның қазанның 30-ы күні БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінде есеп бергенінің, қарашаның 17-18-і күндері БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде баяндама жасағанының нәтижесі деп біледі.
Бірақ Евгений Жовтис мұндай бірлі-жарым оң өзгерістерге қарамастан елдің құқық қорғау саласындағы жағдай «тұрақты нашар күйде» қалғанына алаңдайды.
– Биыл қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және әкімшілік заң бұзушылық жөніндегі кодекстер қабылданды. Бірен-саран жағымды тұстарын санамағанда, бұл құжат – бұрынғыдан да нашар. Өлім жазасына кесілетін қылмыстардың саны артты, тіркелмеген қоғамдық бірлестіктер мен рұқсат етілмеген жиындардың жауапкершілігі күшейді. Қылмыстық-процессуалдық кодексте прокуратураның ролі бұрынғыдан да күшейтілген, – дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
«БҰҰ-НЫҢ ЖЕТІ ШЕШІМІНІҢ БІРЕУІ ОРЫНДАЛДЫ»
Қазақстандағы адам құқығының 2014 жылғы ахуалы желтоқсанның 10-ы – Халықаралық адам құқығы күні Алматыда өткен жиында да сөз болды. Бұл шараға қатысқан құқық қорғаушылар жуықта БҰҰ алдына екі рет барған Астанаға «сөз бостандығын оңалту, жекелеген азаматтарға қатысты қылмыстық істердің жүру барысы мен Жаңаөзен оқиғасын әділ тергеу» талабы қойылғанын жылдың айтулы оқиғасы ретінде сипаттады.
Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдары коалициясының сарапшысы Татьяна Чернобиль елде 2014 жылы да азаптауларға қатысты арыздар азаймағанын айтты.
– Бірақ мемлекеттің бұл арыздарға жауап бере бастағаны байқалады. БҰҰ-ға азаптауларға қатысты бірқатар істер жетіп, ол бойынша БҰҰ Қазақстанға қатысты жеті шешім шығарған. Сол шешімдердің біреуі ғана орындалды, – деді Татьяна Чернобиль.
Құқық қорғаушы азаптауға қатысты түскен арыздардың 2 пайызы ғана тергеуге жететініне, азаптау бойынша жауапқа тартылып жатқандар аз екеніне және оларға тым жеңіл жазалар бұйыратынына алаңдады.
Елдегі сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калееваның пікірінше, «азаптаудың болмағанын қалайтын билік бұл мәселеде құқық қорғаушыларды тыңдап, шара қолдануға тырысады».
– Ал саясат пен қоғамдық тұрақтылық мәселелері сөз бола қалса, өзара түсіністік жоқ. Міне, осы кезде халықаралық міндеттемелерге де, халықаралық стандарттарға да қарама-қайшы жайттар туындап жатады, – дейді Тамара Калеева.
«Әділ сөз» қоры жетекшісі Қазақстан БҰҰ-ның 2010 жылы айтқан ұсынысын – жала жабу бабын декриминализациялау жайын елемегеніне де қынжылды.
Билік Украинадағы оқиғаларға байланысты біздің ақпараттық бостандығымызға қатты «алаңдап» отыр.Тамара Калеева.
– Қазақстанда жала жабудың жауапкершілігі сақталып қалғанымен қоймай одан әрі күшейді. Жала жапты делінген адамды 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаңа бап пайда болды. Билік Украинадағы оқиғаларға байланысты біздің ақпараттық бостандығымызға қатты «алаңдап» отыр, – дейді Тамара Калеева.
Оның айтуынша, 2014 жылы «жала жабу» бойынша 15 қылмыстық іс қозғалып, екеуіне сот үкімі шыққан.
Қазақстандағы адам құқықтары мәселесінің 2014 жылғы жайын шолып шыққан мамандар «адам құқығының қорғалуы алдымен сол адамның өзіне тікелей байланысты» деген қорытындыға келді.
– Адам құқығы концепциясының негіздерінің бірі – талап ету құқығы. Яғни тәуелсіз адам мемлекеттен өз құқығының сақталуын талап етеді. Қоғамға құқығы қажет болса, талап етеді де қол жеткізеді. Қоғам құқығын талап етпесе, оған ешқандай халықаралық институт пен механизмдер көмектеспейді, – деді Евгений Жовтис.
ВИДЕО: Қазақстандағы адам құқығы жайы
Қазақстандағы адам құқығы жағдайы қазанның 30-ы күні Женевада БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінде де, қарашаның 17-18-і күндері БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде де айтылған. БҰҰ кеңесіне мүше елдер өкілдері Қазақстанды БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарауға, белсенділерді қудаламауға шақырған. Ал БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қазақстан үкіметіне айтқан, қамау орындарындағы азаптаумен күресу жайын жақсарту туралы ұсынысын арнайы жариялаған.