Қазақстанда соңғы жылдары адам құқықтарының жағдайы ұдайы нашарлап келеді. Бұл туралы бүгін Алматы мен Астана қаласында қос бірдей баспасөз жиынын өткізген құқыққорғаушылар мәлімдеді.
Жыл сайын 10-желтоқсан – Халықаралық адам құқығын қорғау күні қарсаңында, елдегі адам құқығы мәселесіне мониторинг жүргізетін олар Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы да адам құқығы жағдайының жақсарта алмағандығын атап өтті.
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Құқық қорғаушылар Қазақстандағы әділетсіз сот пен түрмелердегі сотталушылардың жағдайының нашарлығына қатысты шағымдардың көбейгендігіне алаңдаушылық білдіреді.
Адам құқығы жөніндегі Қазақстан бюросы Астана филиалының директоры Анар Ибраева. Aстана, 7 желтоқсан 2010 жыл.
– 90-шы жылдардың басында ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжатына сай, құқықтық мемлекеттің өзіндік көрсеткіші мен талабы бар. Соған сай, құқықтық мемлекеттің көрсеткіші – әділ сот пен азаптаудан қорғау құқығы сақталуы тиіс. Өкінішке орай, Қазақстанда біз бұл жайтты көріп отырған жоқпыз, - дейді адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының Астана филиалының директоры Анар Ибраева.
Ол соңғы бір жылдың өзінде түрмеде отырған азаматтардың наразылық білдіріп, тәндерін тілгілеу оқиғасының жиілегендігі осыған дәлел бола алады дейді.
Одан өзге, Қазақстанда сөз бостандығы, бейбіт шеру өткізу мен митингтерге деген құқықтар сақталмайды. Белгілі бір қылмыс бойынша айыпталған азаматтардан жауап алу, оларға қатысты тергеу өткізу мен сот отырыстарында да адам құқығы аяқасты болып жатыр дейді құқыққорғаушылар.
СОТТАЛУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ
Ал түрмеге түскен сотталушылардың жағдайы тіптен нашар дейді олардың туыстары.
Мариям Сүлейменова – Астанада «террористік топ құрды» деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған ағайынды Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жобалаевтың әпкесі. Ол қазір бірінші топтағы мүгедек бауыры Жасұланға ешқандай жағдай жасалмай жатқандығын айтып отыр.
– Жағдайы нашар, бала өліп жатыр, ешкім қарамайды. Бізге оның жанында санитар бар деді, онысы – өтірік. Ол арбаға таңылған, омыртқасы істемейді, аяғы жансызданған, жалғыз өзі жатыр. Өткенде Семейдегі ауруханаға жатқызып алып келді. Жасұланда астемелиттың ашық түрі (сүйектің инфекциялық ауыруы) анықталып отыр. Одан бөлек оның көру қабілеті де нашарлап кетті. Себебі өздері таққан жалған айыпты мойындатқызу үшін карцерге жиі қамап тастайтын көрінеді, - дейді Мариям Сүлейменова.
Еске салсақ, 2009 жылдың қаңтарында астаналық жастар тобын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Солтүстік Кавказда ұстап, олар Қазақстанға экстрадицияланған еді. Соның ішінде аталас бауырлар - Қуат Жобалаев пен Жасұлан Сүлейменовке лаңкестік жихадшылар тобын құрмақшы болған деген айып тағылды.
Туыстары ҰҚК-нің офицерлері Қуат Жобалаевты екі ай бойы ешкіммен кездестірмей қамауда ұстап азаптаса, Ресейде бес адаммен бірге ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған Жасұлан Сүлейменовты тергеу изоляторында тұншықтырып, тамақсыз, сусыз қинап ұстағанын айтады.
АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ, БОЛЫМСЫЗ БОЛЖАМ
10-желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күні қарсаңында, елдегі адам құқығы мәселесіне шолу жасаған құқыққорғаушылар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен жылында да адам құқықтарының ахуалы жақсармағандығын айтады.
– Соңғы 10 жылдан бері адам құқықтарының жағдайы ұдайы нашарлап келе жатқандығы байқалады. Бұл туралы құқыққорғаушылар осыдан 10-13 жыл бұрын айта бастаған. Ал қазір бұл пікірмен бақылаушылар да келісіп отыр. Бұл тек Қазақстан емес, ЕҚЫҰ-ға кіретін мемлекеттер кеңістігінде де байқалады,- дейді Алматы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина.
Осылайша өткен жылға баға берген құқыққорғаушылар келер жылға да пессимистік көзқарас білдіріп отыр.
– Келесі жылы жағдай жақсарады дегенге сенім, әрине, жоқ. Біз адам құқығы мен үкіметтік емес ұйымдарға қатысты жағдай қиындай түседі деп ойлаймыз. Себебі алда бізде президент және парламент сайлауына дайындық күтіп тұр, - дейді «Фридом Хаус» құқыққорғау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Вячеслав Абрамов.
Осылай деген құқыққорғаушылар кезекті мәрте Қазақстан билігін адам құқықтарына қатысты халықаралық міндеттерді орындауға шақырумен тарасты.