ОРТА АЗИЯДА ЖЫЛЫНА ЖАРТЫ МИЛЛИОН АДАМ "ТІРІ ТАУАРҒА" АЙНАЛАДЫ
25 қараша күні Алматыда басталған форумға Орталық Азияның бес елінен елу шақты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, аймақтағы адам саудасы мәселесін бірлесе талқылап жатыр.
Форумды ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, Орта Азия аймағындағы адам саудасы бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналып отыр. Олардың айтуынша, адам саудасына қарсы табанды түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыстарға қарамастан, аталған аймақтағы адам саудасының құрбанына айналып отырғандардың саны азаймаған.
Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне қарағанда, 1999 жылдан бастап Қазақстанның солтүстігінде -Көкшетау қаласында, елдің оңтүстігінде- Алматы қаласында адам саудасының құрбандарына айналған адамдарға көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істейді.
Сонымен қатар, 2002-2009 жылдар аралығында, халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанда адам саудасының тұзағына түскен бес мың адамға көмек көрсеткен.
- Орта Азия аймағындағы ең негізгі мәселе осы аймақтан сыртқа шығатын және кіретін мигранттарды тіркеуге алу болып отыр. Бұл – біздегі шекараның ашықтығы мен визалық тәртіптің жоқтығымен байланысты, – деді халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы үйлестірушісі Бермет Молдыбаева.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде, адам саудасының көп бөлігі жыныстық қызмет үшін саудаға түсетіндерге тиесілі екенін де атап өтті. Сөзін әрі қарай сабақтаған Бермет Молдыбаеваның келтірген дерегі бойынша, Орта Азия елдерінен адам саудасының торына түсетіндердің жалпы санының он пайызын жыныстық қызмет үшін адам саудасы құрбанына айналғандар құрайтын көрінеді.
- Бұл сандар аймақтағы елдерде бірдей деңгейде деп айтуға болады. Егер, адам саудасының және оның әртүріне аймақтағы елдерден барлығы жарты миллионға жуық адам тап болатын болса, олардың тоғыз жарым пайызы жыныстық қызмет үшін саудаланған адамдарды құрайды. Бұл жерде қырық мың адам туралы сөз болып отыр, - деді Бермет Молдыбаева.
АДАМ САУДАСЫНЫҢ ОРДАСЫ -ӨЗБЕКСТАН
Бұған дейін Азаттық радиосы адам саудасы жөніндегі БҰҰ ның 2009 жылғы баяндамасында Қазақстан адам саудасы «өршіп» тұрған 155 елдің қатарында екенін айтқан болатын. Алайда, халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстанда мәжбүрлікпен адам саудасы құрбандарына айналатын адамдардың саны басым болып отыр.
- Адам саудасының көптігі жағынан Орта Азияда Өзбекстанды атауға болады. Мұндағы жағдайдың бұлай қалыптасуына елдегі адам санының көптігі әсер етіп отыруы мүмкін. Аймақтағы адам саны ең көп ел -Өзбекстан. Бұл мемлекетте 27 миллион адам тұрады. Сол себепті адам саудасы көп тіркелетін аймақ Өзбекстан деп айтуға толық негіз бар,- деді халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Мәлике Қадырова.
Сарапшылардың сөзінен белгілі болғандай, жыныстық қызмет үшін адам саудасына түскен адамдарды қабылдайтын негізгі елдер Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері екен. Әйтсе де, адам саудасының тұзағына түскендерді қабылдайтын елдер аймақта да елдер пайда болған.
ҚҰЛ БАЗАРЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДЕ
- Бұл оңтүстік Шығыс Азия. Ол жаққа Орта Азиядан адам саудасы дәлізі арқылы "тірі тауар" тасымалданады. Ал, құл саудасының құрбандарын қабылдайтын елдердің ішінде, өкінішке қарай, Ресей мен Қазақстан алға шығып тұр. Бұл елдерге экономикасы мен тұрмыстық деңгейі төмен Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерден адамдар әкелінеді. – деді Бермет Молдыбаева.
Бұған қосымша, бейресми дерек бойынша, жыл сайын елу мыңдай кісі адам саудасының құрбаны болып Қазақстанға әкелінеді екен.
- Бұлар заңдық сауаты кемшін азаматтар. Қазақстанда олар көші-қон мәселесімен бетпе-бет келеді. Оның ішінде полиция мен басқа да мемлекеттік мекемелердің назарына ілігеді. Олар бұл мәселенің шешімін таппай дал болады. Ал заңды шешімі қалың том болатын қағаздардың ішінде қала береді. Олардың бәрі Қазақстанға ақша табу үшін келеді. Сондықтан, адам саудасы болмас үшін көші-қон мәселесін қазір шешу керек. Үкімет жыл санап шиеленісіп бара жатқан аталған мәселеге назар аудармай отыр, - деді Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақова.
Қазақстанның өз азаматтарының адам саудасы құрбандарына айналу мәселесіне тоқталған Зүлфия Байсақова жыл сайын Қазақстаннан екі мыңға жуық жас қыз-жігіттер адам саудасы құрбанына айналып, алыс шетелге кететінін атап көрсетті.
- Қазіргі таңда адам саудасына қарсы күресте үкіметтік емес ұйымдардың да білек сыбана кіріскенін байқауға болады. Бірақ, адам саудасынан пайда тауып отырған қылмыстық топтар да өсіп келеді. Бұл қылмыстық топтар жаңа әдіс ойлап тауып, біздің қыз-жігіттерді алдап-арбап келісімшартқа өз еріктерімен қол қойғызып алып кетеді. Жастар келісімде не жазылғанына қарамастан қол қойып жібереді де, адам саудасының құрбанына айналады,- деді Зүлфия Байсақова.
Естеріңізге сала кетсек, форумды ұйымдастырып отырған халықаралық көші-қон ұйымы 1951 жылы құрылған. Бүгінгі күні ұйымға 127 ел мүше. Оның ішінде Қазақстан да бар.