Ресейде – «Кластас», Қазақстанда – «Рулас»

Vcontakte желісінден алынған rulas.kz сайтының логотипі.

Қазақстанда қолданушыларды жүзі мен руы бойынша топтастыратын сайт ашылды. Біреу «жаңа ресурс пайдалы» десе, енді бірі бұл жобадан қауіптенеді.
Жас актер Мағжан Тұрыс – жаңадан ашылған, Android операциялық жүйесіне бейімделген қосымшасы да бар rulas.kz сайтында «қызық желі шығар» деген оймен тіркелген алғашқы қолданушылардың бірі. Ол «бір қызығы – сайттағылар ру-руға, жүз-жүзге бөлініп отырады екен» деп күледі.

– Бірақ «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген де сөз бар. Сондықтан кейде күмән де пайда болады. Мүмкін, біреулерге қолайлы шығар. Жаңадан тіркелген соң қандай да бір нәтижесін көре қойған жоқпын. Таныстарды көрем бе деген үмітпен кірген едім. Бірақ таныстар жоқ болып шықты, – дейді Мағжан Тұрыс.

«ҚАУІПТІ МЕ, ҚАУІПСІЗ БЕ?»

Жаңа сайтта әлеуметтік желіге тән сипаттың көбі бар. Онда кез келген адам аккаунт ашып, жеке деректерін жаза алады. Өзге желілерден айырмашылығы – мұнда тіркелген кезде қолданушы міндетті түрде руын көрсетуі тиіс. Қолданушылар желіде ру бойынша топтастырылған. Басқа әлеуметтік желілердегідей қолданушының бәріне көрінетін пікір жазу мүмкін емес. Бірақ қолданушы өзгелерге жеке хабарлама, сыйлық жібере алады, ұнату белгісін қоя алады.

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын. Алматы, 29 қараша 2012 жыл.

Әлі танылып үлгермеген жаңа желіге қатысты мамандар мен қолданушылардың пікірі әр алуан.

​Журналист, белсенді интернет қолданушысы Тоқтарәлі Таңжарық «қазақ халқы рулық қатынастарға бейжай қарамайтынын», «қазақтың ең осал тұсы – ру, жүз» екенін айта келе «дәл осы белгі бойынша адамдарды топтастыру қоғамдағы жікшілдікті асқындырып жібереді» дейді.

– Егер rulas.kz сайт болып қала берсе, онда мейлі. Ал әлеуметтік желі болса – қауіпті. Әлеуметтік желіде жаңадан өсіп келе жатқан бала да, 70-тегі шал да отырады. Әлдекімдер әдейі қитұрқы ой айтып, рулар арасына от жағуы мүмкін. Мұның шет жағасын кейде интернетте байқап жүрміз. Соңғы кезде шыға бастаған «Ана ру мықты, ана ру осындай» деген қитұрқы сөздер адамдар арасында қайшылық туғызады, – дейді Тоқтарәлі Таңжарық.

Саясаттанушы, рулық қарым-қатынас туралы бірнеше мақаланың авторы Рүстем Қадыржанов керісінше қазаққа тән тайпалық құрылымның 21-ғасырда жаңғырып, ақпараттық қоғамға ассимиляциялануын құп көреді.

– Мұнда тұрған ешқандай қауіп жоқ. «Руластың» пайда болуы нені көрсетеді? Баяғы заманнан келе жатқан әлеуметтік құрылым, яғни тайпалық құрылым ақпараттық қоғамнан орын тауып, ассимиляция жасап жатқанын көрсетіп отыр. Совет кезінде бұл құрылымды бұзуға тырысқанмен, әупірімдеп осы заманға жетті. Кландық байланыс, тамыр-таныстық онсыз да бар ғой. Оны жою үшін қоғамдық сананы, саяси жүйені өзгерту керек, – дейді Рүстем Қадыржанов.

«ПАЙДАЛЫ МА, ПАЙДАСЫЗ БА?»

Surak-zhauap.kz жобасының авторы, интернет-маман Ербол Серікбайдың айтуынша, енді басталған rulas.kz жобасы жайлы мұндай болжамдар жасау –

Surak-zhauap.kz сайтының авторы, программист Ербол Серікбай. Астана, 22 желтоқсан 2012 жыл.

асығыстық. Оның айтуынша, сайттың танымал болуына көптеген функциялар жетіспейді.

– Біріншіден, сайттағы рулар базасы толық емес. Мысалы, ру өз ішінен тармақталып кете береді ғой. Осы жағы асығыс болған сияқты. Сайтта қолданушыларды тек аты бойынша ғана іздейсің. Бұл да – қолайсыздау. Бұдан бөлек, мысалы, «әлдебір рудың ішіндегі 18 бен 22 жас аралығындағы қыздардың тізімін шығарып бер» десем, мұны сайт шығара алмайды. Әлі шикілеу жоба, – дейді Ербол Серікбай.

Facebook-тегі Әуесбайдың Қанаты есімді қолданушы журналист «Мамандық бойынша топтасқандар өз мамандығының қыр-сыры туралы пiкiр алмасады, ал ру бойынша біріккендер не мәселені талқылауы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздейді.

– Әрине, рудың шығу тегi, төркiнi туралы интернетте әңгiме қозғалып жатса, мұның тарих тұрғысынан пайдасы бар деп айтар едім. Бiрақ олай дей алмайсың. Өйткенi сол желiде тiркелетiндер тек тарихшылар емес. Бұл руластар желiсi тек туысқан iздеп, өз руыңның бетке ұстар азаматтарымен даңғазалықпен мақтанатын онлайн алаң ғана болса, оның пайдалы әсер коэфициентi нөлге тең болары сөзсiз, – дейді Әуесбайдың Қанаты.

«БҰЛ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЕМЕС, АРАЛАСУ ҚҰРАЛЫ

Алғашында «Facebook-пен теңесіп қалуы мүмкін әлеуметтік желі» деп таныстырылған rulas.kz авторларының бірі – программист Қайрат Мұрзалин. Ол Азаттық тілшісіне берген сұхбатында rulas.kz сайты әлеуметтік желі емес екенін, сондықтан онда руаралық жанжал тууы мүмкін еместігін айтты. Мұрзалин сайтта «саяси тақырыптарды талдауға қатаң тыйым салатынын» да ескертті.

Интернет клубта әлеуметтік желіні қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

​– Көп алдында пікір жазуға мүмкіндік беретін «Хроника» (ортақ парақ) жоқтығы нәсілшілдікті қоздыруға жол бермейді. Android операциялық жүйесіне бейімделген қосымшада кез-келген адаммен жеке араласа аласыз. Ол кез-келген ру немесе жүзден болуы мүмкін. Бұл әр рудағы адамдарды жақындастыруға септігін тигізеді. Сондықтан қосымша жеке араласу құралы ретінде қабылдануы тиіс, – дейді Қайрат Мұрзалин.

Авторларының айтуынша, Rulas.kz сайтының Android операциялық жүйесіне бейімделген қосымшасын 5 мыңнан аса адам жүктеп алған.

Қазір қазақстандық қолданушылардың көбі ресейлік әлеуметтік желілерде тіркеліп, сол сайттардың қосымшаларын қолданады. Ресейлік Mail.Ru Group-тың статистикасы бойынша, Қазақстанда алғашқы орында – «Мой мир» (бұл елде 1,5 миллион қолданушысы бар), екінші орында – «Вконтакте» (1 миллионнан астам адам), үшінші орында – «Одноклассники» (800 мың қолданушы), төртінші орында – Facebook (бұл желіге Қазақстаннан айына 694 мың қолданушы енеді) әлеуметтік желілері тұр.