ADAM bol журналын түнделетіп жабуды сынады

Adam bol журналының 28 тамыз күнгі мұқабасы

Азаматтық қоғам өкілдері «ADAM bol журналын түнделетіп шешім шығарып, саяси астармен жапты» дейді. Билік мұны теріске шығарады.

Желтоқсанның 24-і күні түн ортасында Алматы қаласының Медеу аудандық соты қалалық әкімдіктің «соғысты насихаттады» деген шағымы бойынша ADAM bol апталық журналын жабу туралы шешімін жариялады. Әкімдіктің талап-арыз беруіне Киевте тұратын қазақстандық саяси эмигрант Айдос Садықовтың тамыздың 28-і күні жарияланған сұхбаты түрткі болған. Сот «сұхбат мазмұнында соғысты насихаттау белгілері бар» деп таныған. Сұхбатта Айдос Садықов болашақта Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистерге қарсы ұрыс қимылдарына қатысуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Соңғы күні сот отырысы ұзаққа созылды, әрі жауапкерлердің прокурор мен судьядан бас тарту өтініші орындалмады. Журнал өкілдері үкім жарияланар сәтте «түн ортасы болды» деген уәжбен сот залынан кетіп қалды.

Adam bol журналын жабу туралы үкім еткен судья Әсел Әбішева. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл

Келесі күні «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы бұл дауда билікті жақтаған сот процесінің өту барысы мен шешімін айыптап, мәлімдеме жасады. Соттың «түнгі үкімі» әлеуметтік желілерде де дауға ұласты.

ЖУРНАЛ ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ СЫНЫ

«ADAM bol журналына қатысты іс» процесін бақылаған оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев «шексіз заңсыздықтың куәсі болдым» дейді.

- Сотта заң, құқық нормалары мүлде еленбеді. Ақпарат тарату, сапалы, мазмұнды ақпарат алу және жағдайды бағалау тұрғысынан алғанда, бұл - қоғамға үлкен соққы болды, - дейді Төлеген Жүкеев Азаттық тілшісіне.

Бұл пікірді «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай да қостайды.

- Бұл - барып тұрған бассыздық. Талай сот процестеріне қатысып жүрмін. Әрдайым «осы жолы әділ өтер» деген үмітпен келесің. Бірақ сенімің ақталмайды. Бұл - барып тұрған масқара. Нағыз қойылым, - дейді ол.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, даулы мақалаға сараптама жасау үшін Алматы әкімдігі жалдаған «мамандардың» дәйектері нанымды болып шықпаған.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы (сол жақта), саясаткерлер Төлеген Жүкеев (ортада) пен Әміржан Қосанов. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл

- Сотта журналды ешбір негізсіз «соғысты насихаттады» деп біржақты айыптаған, бірақ өз уәж-дәйектерін дәлелдей алмаған, жауапкер жақтың қарапайым сұрақтарына да жауап бере алмаған әкімдік «мамандары» сөйледі. Еліміз мұндай мамандармен алысқа ұзай алмайды. Олар оқымысты түр танытып биліктің, мына жағдайда әкімдіктің саяси тапсырысын орындауға ғана машықтанған, - дейді саясаткер.

Әміржан Қосанов ADAM bol журналы саяси астармен жабылды деп санайды.

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, сот ADAM bol журналын жабу туралы шешім шығаратыны алдын ала болжанған.

- Меніңше, соттың дәл осындай үкім шығаратыны әу бастан белгілі болған сияқты. Бірақ, меніңше журнал өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін нанымды дәйектер келтірді. Айыптау көбінесе ойдан құрастырылған. Бұл сөз еркіндігі үшін, мемлекеттің ақпарат кеңістігін қорғаудағы үлкен жеңілісі. Меніңше, бұл - Қазақстанның ақпарат кеңістігін еліміздің мүддесін ескерместен Ресейдің бодандығына беріп қоюға жасалған тағы бір қадам, - дейді Расул Жұмалы.

"ТӘУЕЛСІЗ СОТҚА ҚАЛАЙ ҚЫСЫМ ЖАСАЙМЫЗ?"

ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева «биліктің Украинада тұратын әрі Майдан арқылы Виктор Януковичтің жемқор режимін күйреткен Украина халқын қолдайтын қазақстандық Айдос Садықов туралы жарияланған мақаладан шошып кеткенін сот процесі барысында байқағанын» айтады.

Оның сөзінше, Қазақстан билігі Айдос Садықовтың Украина халқын моральдық тұрғыдан ғана қолдап қоймай, Қырымды аннексиялап алған әрі Украинаның оңтүстік-шығысындағы сепаратистерді қолдап отырған Ресей агрессиясына тап болған Украинаның территориялық тұтастығын қолына қару алып қорғауға әзір екенін оқып шошынуы мүмкін.

Гүлжан Ерғалиева, Adam bol журналының бас редакторы. Алматы, 24 желтоқсан 2014 жыл

- Жалпы, билік Айдос Садықовтың Украинаның бұрынғы жемқор режиміне және Ресей агрессиясына қарсы айтқан сөздерінен емес, қазақстандық оқырман Садықовтың сұхбаты арқылы Украинадағы жағдайды Қазақстандағы жағдаймен салыстыруы мүмкін деп шошынды. Сондықтан сот процесі мен сот шешімінің саяси астары бары даусыз, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Билік сот тартысына қатысты бұл уәжбен келіспейді. Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы ретінде ADAM bol журналына қарсы талап-арызға қол қойған Айдар Есенбеков сот шешімінен кейін туындаған сұрақтарды сотқа жолдау керек дейді.

- Сот шешімі бар. Кеше сот болды. Бізге қандай сұрақтар болуы мүмкін? Біз талап-арыз ғана бердік. Ал сот шешім шығарды. Бұл - әдеттегі іс емес пе? Біз бұл журнал ғана емес, өзге БАҚ-тарға қатысты да осылай жұмыс істейміз, - дейді Айдар Есенбеков.

Әкімдік өкілі «сотқа қысым жасалды және істің саяси астары бар» деген уәжбен келіспейді.

- Сотқа қалай қысым жасай аламыз? Ол – тәуелсіз билік органы. Біз берген талап-арызымызды сот қарап, сараптама жасады. Сот шешім шығарды. Мақалада Украинадағы соғысқа қатысуға ашық шақырған ғой. Мұны жұрттың бәрі оқыды. Енді сот шығарған шешімді бәрі орындауы тиіс, - дейді Айдар Есенбеков.

Бір ай бұрын ЕҚЫҰ өкілі Дуня Миятович ADAM bol журналын шығаруға тыйым салу елдегі БАҚ еркіндігін шектейді деп мәлімдеген. ЕҚЫҰ сарапшылары бұл жағдай Қазақстандағы плюрализмге қатер төндіріп қана қоймай, БАҚ өкілдерінің бойында үрей-қорқыныш тудырады деп есептейді.