Мемлекеттік насихатқа бөлінетін қаржы

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы резиденциясында отырған журналистер. (Көрнекі сурет)

Биыл мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуге 41 миллиардтан аса теңге бөлу жоспарланған. Бірақ бұл ақшаның нақты сомасы мен игеру тәртібі жайлы ақпарат алу қиын.

Соңғы бес жылда Қазақстанның мемлекеттік ақпараттық саясатына үкімет жұмсаған шығындардың Астанадағы «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры сайтында жарияланған кестесінде биылға жоспарланған сома да көрсетілген.

Your browser doesn’t support HTML5

БАҚ-тың "госзаказы" дағдарыста да азаймады. Аудиоподкаст

«Құқықтық медиа-орталық» қоры директоры Диана Окремованың айтуынша, мемлекеттік насихат саласына бөлінетін шығын сомасы бес жыл қатарынан өсіп, биыл алғаш рет сәл ғана қысқарған.

МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТЕН «ҚОРЕКТЕНУ»

Былтыр «Vласть» интернет журналы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізу аясында 20 миллион теңгеден сәл көбірек ақша алған. Редакция басшылығының айтуынша, басылым мемлекеттік тапсырысты бірінші рет әрі екі ведомстводан (Алматы қаласы әкімдігі мен Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті) алған. Веб-сайттың бас редакторы Вячеслав Абрамов «қысым болатын шығар, билікті жақтайтын шаралар жайлы хабар таратуға мәжбүрлейтін шығар деген аздап қорқыныш болды, бірақ ондай болған жоқ» дейді.

- Біз Қазақстанның халықаралық қызметі мен халықаралық қатынастары сияқты ресми тақырыптармен айналыстық, біздің жұмысымыздыңнегізгі бағыты да осы тақырыптар ғой. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында кейбір сапарлар бойынша көбірек материалдар әзірлеуге мүмкіндік алдық. Өйткені әлгі қаржы бұрын шыққан материалдардың төлемі ретінде есептелді, ал кейін оны жалақы төлеп, іссапарлардың шығындарына жұмсадық, - дейді Вячеслав Абрамов Азаттыққа.

Вячеслав Абрамов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан Vласть.kz журналистеріне мақаланы қалай жазуды нұсқаған әлдебір бұйрықтар немесе жоғары жақ жариялауды міндеттеген мақалалар тізімі түспеген.

- Осыдан бірер жыл бұрын мұның бәрі жабық болатын, ал қазір азды-көпті жария болыпты. Келісім-шартта көрсетілмегенімен, мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленген дегенді білдіретін PR белгісін қоюға келістім. Бірақ біз оған әзірміз. Бұл жағынан менде ешқандай проблема жоқ, ақпарат құралдары өздерінің ақшасына не істеп, оны қайда жұмсап жатқанын білуге жұрттың құқығы бар екенін түсінемін, - дейді Вячеслав Абрамов.

Сайттың бас редакторы қазір «қазақстандық БАҚ-тың экономикалық жағдайы өте қиын», өйткені мемлекеттің ақпараттық тапсырыстары қысқарғаннан кейін елде мемлекеттік БАҚ қана қалады, ал кейбір ақпарат құралдары штатты көп қысқарту арқылы ғана аман қалады деп санайды.

- Біз биыл өте қиын жыл болады деген болжаммен осындай шешім қабылдадық. Оның ішінде біздің жұмысымызды, әзірлеген ақпараттарымызды сатып алушылардың бірі - мемлекет, - дейді Вячеслав Абрамов.

ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ ИМИДЖ

Былтыр ақпараттық саясатты жүргізу саласына мемлекеттік бюджеттен 43 миллиардтай теңге бөлінген. «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жарияланған Оnline.zakon.kz сайтындағы шағын ақпаратқа сәйкес, биыл ақпараттық саясат саласына 41 миллиардтан аса теңге бөлу жоспарланған, бұл былтырмен салыстырғанда, шамамен екі миллиард теңгеге аз. Өзге ешқандай нақты дерек келтірілмеген. Ал теңге соңғы алты айда екі есе құнсызданды.

Бюджет туралы заңның 2016 жылы ақпараттық саясатқа бөлінген қаражат туралы бөлігінің скриншоты.

Бұл жолы шенеуніктер ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «артық шығынды азайту» жайлы үндеулерінен кейін «үнемдеуді» ұйғарған сияқты. Диана Окремова мемлекеттің ақпараттық саясатын «халық арасында жағымды көзқарас қалыптастыру саясаты» деп атайды. Сарапшының пікірінше, насихат саласына бюджеттен бөлінген ақша жария түрде игерілмейді. Ондаған мемлекеттік немесе билікке бүйрегі бұратын ақпарат құралына жыл сайын бюджеттен ақша бөлінеді.

- Өкінішке қарай, әлгі ақшаның нақты қайда жұмсалғанын егжей-тегжейлі көрсететін ақпаратты еш жерден табу мүмкін емес. Мысалы, бұрын тендер өткізген кезде әкімнің әлдебір жұмысы жайлы хабар таратуға әкімдік лот жариялайтын. Ал мұнда мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуге бөлінген үлкен соманы ғана көрсете салады, ешқандай нақтылық жоқ. Бөлінген ақшаның қайда кетіп жатқанын, нақты қандай шаруаларға жұмсалып жатқанын білмейміз, жылда солай - дейді Диана Окремова Азаттыққа.

«Құқықтық медиа-орталық» қоры сайтындағы ақпараттық саясатқа жұмсалатын қаржы туралы мәліметтің скриншоты.

Жергілікті атқару органдары жұмысын, Қазақстан президенті мен парламенттің қызметі, ішкі-сыртқы саясатқа қатысты хабарларды БАҚ-та таратуға мемлекеттің ақпараттық саясаты аясында миллиардтаған теңге жұмсалады. Оны «жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа – реформалар мен шенеуніктердің жұмысына қазақстандықтардың жағымды көзқарасын қалыптастыру» деп атайды.

- «Жағымды имиджді қалыптастыру» деген сөз тіркесі жиі айтылады, бірақ шын мәнінде, имидж қалыптастыру емес, дұрыстап жұмыс істеу керек қой. Өйткені имидж деген бүгін бар, ертең жоқ сенімсіз нәрсе, сонда нақты жұмыс қайда қалады, ол өкінішке орай көрінбейді. Мұны біз неліктеннасихат деп атаймыз. Өйткені бұл - халықтың көзін алдау ғана. Олар - проблемаларды көбінесе қозғамайтын, өмірмен байланысы жоқ, сондықтан халық көргісі де, оқығысы да келмейтін кілең позитивтен ғана тұратын сюжеттер мен мақалалар, - дейді Диана Окремова.

Оның пікірінше, «жағымды имидж қалыптастыру» 2010 жылы ресми түрде басталған, ал бұған дейін бұл іс мұндай тұтас түрде жүрмеген әрі ондай атауы да болмаған. Ал ақша конкурс, тендерлер арқылы бөлінетін.

АҚПАРАТ КОМИТЕТІНІҢ «АҚПАРАТЫ»

Азаттықтың «Биыл мемлекеттің ақпарат саясатын жүргізу саласына қанша ақша бөлінді және оны кімдер алды?» деген сауалына жауапты инвестициялар және даму министрлігі екі апта бойы кешеуілдетті. Ақыры министрлік жауап Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне қарасты ведомстводан жіберілетінін айтты. Оның қызметкері Ерлан Ыдырысов екі күн қатарынан телефонмен Азаттық сауалына қайтарылатын жауапты басшылармен келісіп жатқанын, олардың «бос емес» екенін айтты. Ол «жауапты сканерлеп, электрондық почта немесе факс арқылы жібере алмаймыз, сондықтан комитет жауапты жай почтамен жіберетін болды» деп хабарлады. Ол «дайын болған кезде жауапты ведомствоға келіп алып кетуді» де ұсынды, бірақ сол күйі Азаттық сауалдарына жауап берілмеді.

"Құқықтық медиа-орталық" қорының директоры Диана Окремова.

«Ақпаратқа қол жетімділік» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға сәйкес, журналистердің сауалына жауап қайтаруға үш күндік мерзім беріледі. Ал іс жүзінде бұл процедура созылып кетуі мүмкін.

Vlast.kz сайтының бас редакторы Вячеслав Абрамов «мемлекеттік тапсырыс - БАҚ үшін үлкен қолдау» деп санайды. Ол «мұны жаман немесе жақсы деп біржақты қарауға болмайды, ал шындығында жұрт ойлағандай оңай емес, мемлекеттің ақпараттық тапсырыстары жариялылықты қажет етеді» дейді.

Диана Окремова тиімсіз болғандықтан, экономикалық жағдай қиындап тұрған кезде мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуге бюджеттен бөлінетін ақша көлемін көбірек қысқарту қажет деп санайды. Бірақ медиасарапшы «жағдай нашар кезде біреу-міреу бәрі жақсы деп жазуы тиіс қой, сондықтан насихат саласын қаржыландыру бағдарламасы қысқармайды» деп болжайды.

Инвестициялар және даму министрлігінің комментариі

"Мемлекеттік насихатқа бөлінетін қаржы" атты мақаламыз жарияланған соң Инвестициялар және даму министрлігінен вице-министр С.Сәрсенов қол қойған төмендегідей комментарий түсті.

"Мемлекеттік тапсырыс бекітілген республикалық бюджет бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы орындалады. Яғни бағдарламалардың әкімгері мен орындаушылардың арасында нәтиже көрсеткіштері жазылған азаматтық-құқықтық келісім-шарт жасалады.

Мемлекеттік тапсырысты орындау мемлекеттік сатып алу туралы ҚР заңына сәйкес байқау процедураларынсыз өтеді. Мемлекеттік сатып алу болашақ орындаушылардың арасындағы шынайы бәсекеге және процестің ашық өтуіне негізделетінін атап өту қажет.

Электрондық мемлекеттік сатып алулар туралы толық ақпаратты www.goszakup.gov.kz сайтынан алуыңызға болады".