«Қолыма құрал берсе, жерді де көтерер едім» дейді ежелгі грек ғалымы Архимед. Қазіргі кезде мұндай құрал әркімде бар, оның аты – интернет. Блогер Александр Паленый қазақстандық полициядағы жемқорлыққа жалғыз өзі қарсы шықты.
Интернет – жаңа әлеуметтік құбылыс, жаңа саясат, жаңа экономика және жаңа мәдени орта. Осынау жаңа құбылыстың қуаты қаншалықты екенін күнде көріп отырмыз. Барак Обама Фейсбуктің арқасында президент болса, Алексей Навальный Живой Журналды (ЖЖ) ең танымал күрес алаңына айналдырды, ал Уикиликс әлемді бір-бір сілкіп алды.
Онлайнмен қоян-қолтық араласып кетпесе де Қазақстанда да оны әділдік жолындағы тиімді құрал ретінде пайдаланушылардың қарасы көбейіп келеді. Алайда оны әзірге өз құқығын қорғау үшін жалпы қоғам да, жеке адамдар да аса қажетсініп отырмаған сияқты. Егер бұрын жалғыздың көпке, яғни жемқорлыққа қарсы шығуы мағынасыз тірлік болса, бүгін жалғыздың қолында да қаһарлы құрал бар.
ПЕССИМИСТІК НОТА
Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның қосалқы конференциясында ресейлік саяси шолушы Аркадий Дубнов маған «Өзбекстан мен Түркіменстанда блогинг жоқ» деген пікір айтып қалды. Осы орайда менің «блогинг Қазақстанда да жоқ» деген сөзіме ол «Қойыңыз, сіздердің блогингтеріңізді күнде оқып жүрмін ғой»,- деп таңырқаған еді.
Айтпағым басқа болатын, өйткені елдегі санаулы блогерлерді жалпы блогингпен салыстыруға болмайды – екеуі екі бөлек дүние. Блогингте қоғамның өзекті мәселеге қатысты көзқарасы көрінуі тиіс. Ал біздің блогингтерде негізінен мағынасыз, бос сөздер көп те, байсалды, парықты ой-пікірді ортаға шығарып, көпшілік болып талқылайтын кездер аз. Өткір пікірталастар бола қалса, ол да көбіне-көп ұлт мәселесіне байланысты. Яғни ұлтшылдыққа келгенде кеуде қағып, көкірек керетін даурықпа басым.
Блогинг дегеніміз - азаматтық қоғам бар жерде ғана өсіп-өнетін дүние. Қазақстандағы азаматтық қоғамның шамасы белгілі, сол себепті блогинг те жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «келісіне қарай – келсабы». Содан кейін Қазақстанның өз Алексей Навальныйы қайдан болады? Өйткені Навальный жүрек жұтқан «жеке батыр» ғана емес, ол – ең әуелі, көтерген тақырыбын
Блогинг дегеніміз - азаматтық қоғам бар жерде ғана өсіп-өнетін дүние. Қазақстандағы азаматтық қоғамның шамасы белгілі, сол себепті блогинг те жоқ.
Шын мәнінде Навальный интернетте өз партиясын құрды деуге болады. Қазір Ресейден дәл осындай аса ірі саяси ұйым таба алмайсыз. Рас, Навальныйдың партиясы – виртуалды партия, бірақ оның партиясының мүшелері Ресейдегі басқа барша партиялардың мүшелеріне қарағанда әлдеқайда белсенді, әлдеқайда шынайы. Олар жемқорлыққа батқан путиндік авторитарлық режимге қарсы Навальный бастаған саяси күреске білек түріп араласады.
Қазақтың авторитарлық режимін әшкерелеумен блогер Рахат Әлиев шұғылданып жүр. Бірақ ЕҚЫҰ қосалқы конференциясы қатысушыларының бірі айтқандай, Рахат Әлиев осы арқылы кезінде өзі де аянбай атсалысып құрған жүйені әшкерелеп отыр. "Сондықтан, – дейді әлгі адам, – Әлиевтің әшкерелеулері мемлекет тосқауыл қойғандықтан ғана емес, халықтың Әлиевтің өзіне де сенбейтіндігінен де қоғамға жетпей отыр".
Қоғам Рахат Әлиевке сенбейді деген сөзбен келісемін. Навальныйға көрсетілетін қолдауларды армандамай-ақ та қояйық, бірақ сол қоғамның шырылдап шындық іздегендерге тым құрыса интернет арқылы қолдау көрсетіп, ашу-ызасын ашық жазуға да қорқатынын қайда қоямыз?
Тіпті жалпы жұртқа ортақ қоғам мүдделерін қорғауды айтпағанда, өзінің қара басының азаматтық құқығын да қорғауға ықыласты болмаса қайтеміз? Өзімнің не айтып отырғанымды жақсы білемін, Навальныйдың тәсілі бізге жарамайды, әрине. Дәлірек айтқанда өз басым олай жасай алмадым да.
РЕСЕЙДЕГІ ЖЕКЕ БАТЫР
Живой журнал, мен білгелі, мейлінше саясиланған блог болатын, дәлірек айтқанда оның блогерлерінің көпшілігі (әсіресе танымал блогерлер) - оппозициялық көзқарастағылар. Олардың Ресей билігін өткір сынға алып, әшкерелейтін материалдары ЖЖ рейтингінің ұдайы көш басында. Бірақ Алексей Навальный ЖЖ-да нағыз революция жасады. Біріншіден, ол Живой журналдың құрмет тұғырына Рунеттің «әкелері» Артемий Лебедев пен Антон Носикті көтерді. Екіншіден, ол блогты қарапайым ақпарат көзінен қоғамдық акциялардың катализаторына айналдырды.
Навальный мәселе көтерсе – қылмыстық іс қозғалады, сұрқия тендерлердің жолы кесіледі, тіпті кейде шенеуніктер де қызметінен кетеді. Неге? Өйткені ол бастап берген мәселені мемлекеттік органдар мен прокуратураның алдына жүздеген, мыңдаған адамдар бірінен кейін бірі жаппай қоя бастайды. Рас, ол әзірге Путиннің төңірегіндегі қарақшылардың бірде-бірін жауапқа тартқыза алған жоқ.
Миноритарлы акционер ретінде танысуға құқығы бар құжаттарды Навальныйдың қолына бермеу үшін «Роснефть» компаниясы осы құқыққа жол ашатын заңның күшін жоюды сұрап Конституциялық сотқа шағым түсірді.
Ресей тарихында алғаш рет қарапайым азамат құдыреті күшті олигархиядан емес, керісінше олигархия қарапайым азаматтан қорғанудың жолын іздеді! Бірақ бізге мұнан да маңыздысы Навальныйдан басқа блогерлер де үлгі ала бастағаны, енді олар бұрынғыша билікті сөгумен ғана шұғылданбайды, нақты әрекетке көшеді.
Ал біздің қазақстандық интернет пайдаланушылар билік туралы тым құрығанда не ойлайтынын айтуға да қорқады. Мемлекеттік құрылымдардың айтағымен арандатқыш пікір тарататындар ғана талқылаулар барысында әсіре белсенді. Дегенмен, бізде де жеке батырлар пайда бола бастады.
Навальныйдың тарихы – сөз жүзінде оппозициялық партия аталып, іс жүзінде билікпен ымыраласып жүрген, билік үшін күрескісі келмейтін және сайлаушылармен жұмыс істегісі келмейтін «Яблоко» партиясымен ат құйрығын кесіскен саяси белсендінің тарихы.
Мамандығы бойынша заңгер әрі қаржыгер, кәсібі жағынан адвокат әрі брокер ол партиядан кетті де Ресейдегі барлық ұлттық корпорациялардың миноритарлы акционеріне айналып шыға келді, сөйтіп бұл компаниялардың менеджментінен есеп талап етті. Егер бас тартса немесе компания басшылығының іс-әрекетінен заң бұзушылық байқалса, Навальный оларды сотқа беретін болды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕКЕ БАТЫР
Александр Паленыйдың әрекеті пара бергісі келмеген азаматтың бастан кешкендерінен сыр шертеді. Пара бергісі келмегені үшін ол көресіні көрді. Әуелі билік оны бір жарым айға қамап, «әділетсүйгіштің» әуселесін байқап, әртүрлі әдіспен арандатпақ болды. Сол үшін ол бір тәулік аштық жариялады.
Соңғы 15 жылда өз елі мен Қазақстан арасында барыс-келіспен жүрген Қырғызстан азаматы қазіргі уақытта біздің жол полициямызға өз құқығын қорғау үшін полициямен соттасудан сескенбейтін, заңның орындалуын талап ететін азамат ретінде жақсы таныс болса керек. Бастан кешкендері баспасөз бетінде жарық көруі мұң екен, оны босатып, қызмет бабын асыра пайдаланған полицияны қызметінен айырды.
Бірақ біздің билік мемлекеттік идеологияның беделін түсіріп отыра алмайды, өйткені бүгін біреу «менттерге» пара беруден бас тартса, ертең прокурор мен сотқа, арғы күні министрге, одан кейін, айтудың өзі қорқынышты... президентке пара бергісі келмейтін жүрек жұтқандардың шыға келмесіне кім кепіл? Сондықтан полицияның жемқорлық жолындағы амал-әрекетін тайға таңба басқандай көрсеткен интернеттегі видео үшін, осы видеоны түсіріп
Билік мемлекеттік идеологияның беделін түсіріп отыра алмайды, өйткені бүгін біреу «менттерге» пара беруден бас тартса, ертең прокурор мен сотқа, арғы күні министрге, одан кейін, айтудың өзі қорқынышты... президентке пара бергісі келмейтін жүрек жұтқандардың шыға келмесіне кім кепіл?
Ютубты да БАҚ санатына қосқан сот өз шешімінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның күші жойылған түсініктемесін пайдаланды. Бұл баптың жаңа түсініктемесі бұрынғысынан да асып түсетін болып шықты. Бірақ ең бастысы, қоғам назары ауған істі қараған соттың осы әрекетінің өзі оның біліктілігі қаншалықты екенін аңғартса керек. Аталған видеода болған оқиғаға баға да берілмейді, ауторлық баяндау да жоқ, тек болған оқиғаның видеохроникасы ғана бар.
Сондықтан Паленыйға айып салынатын болса, онда видео үшін емес, өзіне дөрекі сөйлеген полициямен сыпайы сөйлеспегені үшін салынуы керек еді. Оның үстіне видеоны интернетте жариялаған Паленыйдың өзі ме, басқа ма, соттың оған да дәлелі жоқ. Полициядан заң талап еткен азаматтан қатты шошыған сот, тіпті, Паленыйдың сөзін құлағына да ілгісі келмеді.
Бір қызығы, бұл видеоны Қазақстан мен Ресей түрліше қабылдады. Ресейліктер негізінен Паленыйдың әрекетін дұрыс деп санаса, қазақстандықтардың көпшілігі «Қазақстанға келе салып құқығын талап етіп жүрген әлдебір қырғызға» тыжырына қарады. Біздің қоғамымызда өзін-өзі сыйлау мен шенеуніктердің (полицияның) озбырлығы мен жемқорлығына қатысты төзімділіктің Ресейге қарағанда бір саты төмен тұрғаны осыдан да көрінеді. Навальный миллиардтаған долларды жымқырған фактілерді ашса да дәл осылай айыппұл төлемейді. Навальныйды Йель университетіне тәжірибе бөлісуге шақырса, Паленыйды абақтыға қамайды.
Навальныйды АҚШ Конгресі тыңдаса, Паленыйға атан түйе тарта алмайтын айыппұл салынады. Навальный «КоммерсантЪ» газетінің сайты ұйымдастырған Мәскеу мэрінің виртуалды сайлауында жеңіп шықса, Паленыйды өзі сияқты полицияның озбырлығын күнде көріп жүргендер сынап-мінейді. Интернеттің көмегімен саяси Олимптің көгіне өрмелеп келе жатқан Навальныйды орыстың Обамасы десек, Паленыйдың әрекеті Дон Кихоттың тірлігіне ұқсайды.
Паленыйдың заңсыздыққа қарсы тұрғаны – қоғам үшін керек. Жуықта Ресейде де көпшілік жұрт құқық қорғаушыларға кінә артқан еді. Құқық қорғаушылар оған назар аудармастан өз істерін әрі қарай жалғастыра берді, сөйтіп «заң» дегеніміз орындалу үшін жасалатыны туралы орыс қоғамының санасына саңылау жүгіртумен болды.
Паленый біздің осы қоғамда да азамат болуға болатынын және азамат болу міндетіміз де екенін нақтылы мысалмен көрсетіп берді. Оның видеосы Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптастыру мен құқықтық мәдениет орнықтыруға септесіп жүрген барша қоғамдық ұйымдар мен шетелдік гранттардан әлдеқайда пайдалы болып шықты. Өйткені мұнда адам құқығы туралы жай ғана сөз емес, сол құқық үшін қалай күресуге болатыны іспен дәлелденген.
Мұндай әрекеттердің астарынан саясат іздеудің қажеті жоқ. Әдетте қоғамдық белсенділер мен құқық қорғаушылардың әрбір әрекетіне биліктің күдікпен қарайтыны мәлім (адам құқығына нұқсан келген нақты фактіні алға тартып билікті сынға алудың артында бақай есеп бар, билікті тек сайлау кезінде немесе парламентте ғана сынау керек деген түсінік елімізде әлі күнге сақталып келеді). Ал Паленыйдың батыл қадамы - азаматтық, құқықтық қоғамға бастайтын саясаттың нағыз көрінісі. Өйткені оның әрекеті - өзгелерге айдан-анық үлгі.
(Блогер Дмитрий Щелоковтың бұл мақалада айтылған жеке көзқарасы мен ой-пікірлері Азаттық радиосының ұстанымдарымен сай келмеуі мүмкін.)