Оппозиция жетекшілеріне қатысты алғашқы сот отырысында БАҚ заңының талаптары қаперге алынбады

Мемлекеттік айыптаушы Александр Кирьяк. Алматы, 12 наурыз, 2009 жыл.

Алмалы аудандық сотында «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбіловке, «Шаңырақ» бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовке және Қазақстан коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасыновқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша соттың ашық отырысы өтті.
Соттың ашық жағдайда өткеніне қарамастан, судья Райхан Әшкеева, залда фото және видео түсірілімдер мен аудио жазбалар жүргізуге рұхсат берген жоқ. Судья ханымның бұл шешімімен аталмыш істегі мемлекеттік айыптаушы Александр Кирьяктан басқалары келіспеді.

Алмалы аудандық соты алдында оппозиция жетекшілеріне қолдау білдіруге келгендер. Алматы, 12 наурыз, 2009 жыл.


Сот отырысы барысында қорғаушы жақ Александр Кирьякты ауыстыру туралы өтініш білдірді. Заңгерлердің пайымдауынша, мемлекеттік айыптаушының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқын аяқасты етуі оның кәсіби деңгейіне күмәндануға себеп болмақ.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім ашық деп жарияланған сотта журналистерге өз ісімен айналысуға мүмкіндік бермеу, заңды өрескел бұзу деп санайтындығын жеткізді.

- БАҚ туралы заңда ашық көрсетілгендей, кез-келген ашық сот процестеріне немесе басқа да жиындарға журналист қатысып, ақпарат ала алады делінген. Ал бүгінгі күні осы заң өрескел бұзылып отыр.

Сот отырысына қатысқандардың сөзіне қарағанда бұл процесте түсініксіз жағдайлар аз болған жоқ. Мәселен, сот отырысы 3 сағаттан астам уақытқа созылғанымен, судья екі мәрте әрқайсысы бір сағатқа жуық уақыт үзіліске шығып келді. Сонымен қатар, осы отырысқа Павлодардан арнайы келген куәгер тыңдалмады.

Осыған орай, айыпталушылардың бірі Асылбек Қожахметов бұл істе судья да, мемлекеттік айыптаушы да өздерін айыптауға алдын ала дайындалып келген деген пікірін білдірді.

Айыпталушы Төлен Тоқтасынов денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмады, оны қорғап келген заңгер Сәлімжан Мусин өзіне іспен толық танысуға 6 күн берілуін өтінді. Себебі, 15 томнан тұратын істі толық оқып, оған қосымша аудио –видео жазбалармен танысып, сараптама жасауға бірнеше күн керек.

Алайда, судья заңгерге 6 емес, тек 4 күн бере алатындығын мәлімдеп, келесі сот отырысын 19 наурызға белгіледі.
Дегенмен қорғаушы жақ 4 күннің ішінде өздерінің толық дайындалып үлгермейтіндігін алға тартып, аудандық сот төрағасына судья Райхан Әшкееваны ауыстыру туралы өтініш білдіретіндіктерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын. Олар аса ауыр қылмысты жасырушылық бабы бойынша айыпталып отыр. Демек, айыпталып отырған оппозиция жетекшілері кісі өлтіруге қатысы бар делінген ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беру турасында Украина билігіне хат жазған.

Сол хатқа қол қойған оппозиция жетекшілері Төлен Тоқтасынов, Болат Әбілов және Асылбек Қожахметовке кезінде Украина билігіне Қазақстан билігі ауыр қылмыс жасады деп айыптап отырған Есентай Байсақовқа саяси баспана беру туралы өтініш жасау арқылы аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылуда.

Ал оппозиция жетекшілері болса, мұны билік тарапынан жүргізіліп отырған кезекті саяси қысым деп санайды.