Accessibility links

Тергеуші Машанло оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық істе саяси астар жоқ деп есептейді


Гаши Машанло, Қазақстан ішкі істер министрлігінің аса ерекше істер жөніндегі тергеушісі, полиция полковнигі. Алматы, ақпан, 2009 ж.
Гаши Машанло, Қазақстан ішкі істер министрлігінің аса ерекше істер жөніндегі тергеушісі, полиция полковнигі. Алматы, ақпан, 2009 ж.

Полковник Гаши Машанло – оппозиция жетекшілеріне қарсы даулы істермен айналысқан Ішкі істер министрлігінің аты әйгілі тергеушісі. Біздің Азаттық радиосына берген сұхбатта ол «ағайынды Байсақовтарды жасыру» ісіне де саясаттың қатысы жоқ деуден танбады.

Азаттық радиосы ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтарды жасырды деп айыпталған оппозиция жетекшілері Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтарға қарсы қылмыстық іске қатысты бұған дейін бірнеше материал жариялаған болатын. Оппозиция басшылары бір кездері ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беру жөнінде Украина өкіметіне өтініш білдірген еді. Қазақстанның арнаулы қызметтері 2001 жылы павлодарлық кәсіпкер Борис Костановты қастандықпен өлтіруге қатысты аса ауыр қылмысты ағайынды Байсақовтар жасаған деп күдіктенеді.

– Гаши мырза, сіз кезінде павлодарлық бизнесмен Борис Костановтың өлтірілуіне қатысты істі жүргіздіңіз. Ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтар әлі сотталған жоқ. Ал, бір кездері оларға Украинадан саяси баспана беру туралы өтініш хатқа қол қойған адамдар аса қауіпті қылмыскерлерді жасырғаны үшін айыпталуда. Бұл Қылмыстық кодекске қаншалықты сай келеді?

– Сұрағыңыз сәл бұрыс қойылды. Мен екі мәрте сұхбат бергенмін, ұмытпасам, «Время» газетіне болуы керек. Сонда мен нақты айтқанмын: Қылмыстық Кодекстің 336-шы бабына сәйкес, қылмысты жасырғаны үшін жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі күні тергеуші ретінде менің пікірім мынадай – екі заңгер отырған жерде, міндетті түрде үш пікір болады,бәлкім, мұндай мәтелді естіген боларсыз?.

Менің ойымша, мен қылмыстық істі өте дұрыс қозғадым. Мен оларға 336-шы бап бойынша негізделген айып тағып, сотқа жібердім. Сөйтіп, өз міндетімді атқарып шықтым. Тергеу барысында біздің жинап-тергенімізді, қандай айғақ-дәлелдер барлығын сізге сот түсіндірсін және өз бағасын берсін.

Ғафу етерсіз, мәселен, Сергей Горбенконың немесе тап сол Байсақовтың кім екендігін білмей тұрып оларды қорғау туралы хатқа қол қоюдың қажеті не? 2005 жылы осы хаттар Есентай Байсақов (біз оны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеп жатырмыз) пен ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген Сергей Горбенкоға саяси босқын мәртебесін беруге негіз болды. Яғни, 336-шы бап бойынша қарастырылған (қылмысты жасыру) қылмыстың барлық белгілері көрініп тұр.

– Гаши мырза, айтыңызшы, бұл іске қатыстылардың бірі, 11 жылға сотталып, содан соң денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатылған Асанәлі Жекебаевқа қатысты қылмыстық іс қозғаудың қаншалықты қажеттігі болды?

– Ол адамның екі көзі бірдей көрмей қалғандықтан өзіне-өзі қарай алмайды-мыс, сондықтан оның өзіне қарайтын тұрақты бір адамның көмегіне зәру желеуді негіз етіп қамаудан босатқан. Ал шынтуайтқа келгенде, әлгіндей жалған дәрігерлік қорытынды берілген.

Өйтудің кімге қажет болғанын білмеймін. Ол зағип болып қалды деп жалған қорытынды жасап, соның негізінде оны босатқан. Бұл адам, қателеспесем, кісі өлтіргені үшін 11 жылға сотталған-ды. Ал оны 3 жылдан соң босатқан. Бас бостандығынан айыру орнынан босап шығысымен ол адам өзі автокөлік жүргізіп жүрген. Бұның барлығы бізде тіркелген.

Украинаға ол отбасымен барып, сол жақта бизнеспен айналыса бастаған, автокөлікті өзі айдаған. Бұл заңға сай ма? Мен сай емес деп есептеймін. Кейіннен оның бостандыққа шығуына негіз болған әлгі заңсыз шешімнің күшін жойып, сот үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген мерзімін өтеу үшін оны қамау орнына қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл жерде енді біздің, яғни Ішкі істер министрлігінің қатысы жоқ.

– Гаши мырза, адам құқын қорғаушылар мен оппозиция жетекшілері Байсақовтардың ісінде саяси астар бар деп есептейді. Сонымен қатар, олар бұл қылмыстық істің негізгі мақсаты ағайынды Байсақовтар мен олардың әріптестері емес, бір кездері сотталған оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақиянов дегенді айтады. Сондай-ақ, олардың пікірінше, ағайынды Байсақовтарды қудалау белгілі текетірестен соң – Ғалымжан Жақиянов басқарған «Алға!» (ДВК) партиясы пайда болғаннан кейін басталған.

- Ғалымжан Жақиянов сотталып қойды. Меніңше, ол өз мерзімін әлдеқашан өтеп шықты. Сондықтан, біз оны бұл іске қатысты жауапқа тартпаймыз. Бұл жерде Ғалымжан Жақияновтың қандай қатысы бар? Бұл ешқандай саяси іс емес. Олар хатқа қол қойған, содан соң мен оларға қатысты қылмыстық іс қозғадым. Әбілев пе әлде Иванов па – мен үшін еш айырмашылығы жоқ. Иә, тергеу ісі қозғалды, сотқа жіберілді. Енді сот өзінің обьективті бағасын берсін.

Ғалымжан Жақияновқа қатысты материалдарды істен бөліп алдық. Бірақ, оларда ұстанатын кейбір процесуалдық мәселелер бар. Онсыз жасауға болмайды. Тиісінше, мен материалдарды бөліп алдым, ал Ғалымжан Жақияновты жауапқа тартатын ойым жоқ.

– Жақында жарық көрген бір мақалада, қылмысты жасырғаны үшін бірқатар оппозиция жетекшілеріне қатысты қозғалған қылмыстық істің нысанасы Болат Әбілев делінген. Бұған сіз не айтасыз, Гаши мырза?

– Нысана – Болат Әбілев дейсіз бе?

– Иә, «Азат» оппозициялық партиясының жетекшісін сайлауға жібермеу немесе қаралау мақсатымен.

– Менің ойымша, бұл орынсыз әңгіме. Егер біз осындай желеумен Болат Әбілевті арнайы іздеген болсақ, бұл істің саяси астары бар деп айтуға болар еді. Бірақ, бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ.

Мен бір кездері Борис Костановтың өлтірілуіне қатысты істі жүргіздім ғой. Кісі өлімі болды, мен тергеуге кірістім. Біз ұстаған адамдарға айып тағылды. Сол әлгі Асанәлі Жекебаев. Соңынан, 2008 жылы, Асқар Дүйсенбаев та осы іс бойынша, яғни Борис Қостановты өлтіруге байланысты сотталды.

Ол жерде Болат Әбілевтің пайда болатынын біз қайдан білдік? Біз үшін ешқандай айырмашылық жоқ болатын. Аса ауыр қылмыс жасаған әлгі адамдарға қатысты хатқа қол қойған екенсің, онда заң бойынша жауап бер. Егер тіпті оларды білмесең, не үшін қол қойдың? Қазір ғой олардың: бұл адамдарды білмейтінбіз, олар ешқашан «Алға!» (ДВК) партиясының мүшесі болған емес, біз жай ғана, бұларды Ғалымжан Жақияновтың жақын адамдары және Ғалымжан Жақияновтың саяси қызметі үшін зардап шекті деп ойлап қалдық дегенді айтып жүргені.

Бізге қандай айырмашылығы бар, мейлі, ойлай берсін. Мен, біздің қазақстандық заңнамаларға сәйкес, олар қылмыс жасады және олардың іс-әрекеттерінде аталған қылмыс құрамының айқын белгілері бар деп есептеймін.

– Гаши мырза, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.


ІСКЕ ҚАТЫСТЫЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРІ


Қазақстан оппозициясының жетекшілері Болат Әбілев пен Асылбек Қожахметов бұл істің оппозиция қатарына жік салу үшін биліктің, атап айтқанда Ішкі істер министрлігі тарапынан жасалып отырған кәдімгі арандату екендігіне сенімді. Ішкі істер министрлігі оларды ағайынды Байсақовтарды жасырғаны үшін айыптағанымен, оппозиция жетекшілері өздеріне қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси және тапсырыстық сипаты барлығына күмән келтірмейді.

Бұл қылмыстық іс бойынша адын ала сот тыңдауы Алматының Алмалы аудандық сотында наурыздың 2-інде басталмақ.
XS
SM
MD
LG