IWPR "кәсіподақтарды біріктіру әрекетін" сынады

Қазақстандық шағын кәсіподақ ұйымы өткізген наразылық акциясы. Көрнекі сурет.

Соғыс және бейбітшілік институты Қазақстандағы кәсіподақ туралы жаңа заң жобасы мен еңбек дауларын реттеу туралы мақала басты.
Соғыс және бейбітшілік институтының қазақстандық бөлімшесі наурыздың 7-індегі мақаласын «Қазақстандық еңбек туралы заң тәуелсіз кәсіподақтарды ығыстырады» деп атапты. "Бәсекелестердің айтуынша, ұсынылған шаралар ресми кәсіподақ федерациясының мүддесін көздейді" деп жазады институт.

Соғыс және бейбітшілік институтының (IWPR) дерегі бойынша, «Қазақстандағы жаңа заң жобасы тәуелсіз кәсіподақтардың мүмкіндігін шектеп, орталық федерацияның билігін күшейтеді». Олар мұндай шарадан кәсіподақтардың толқуы күшейеді деп ескертеді. Авторлардың жазуынша, міндетті түрде тіркелу мен кәсіподақ мүшесі болу үшін шектеуді азайтатын жобаны Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған, енді басқа министрліктер оны бекітуі тиіс.

«КӘСІПОДАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҮКІМЕТТІҢ МҮДДЕСІН ҚОЛДАЙДЫ»

Аталған мақалада жергілікті белсенділер үлкен кәсіподақтардың тіркелу үшін үйренген әдіспен күресе беретіні, бірақ шағын кәсіподақтардың қиындыққа ұшырайтыны туралы жазылған.

Қазақстандық еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкеновтің IWPR-ға айтуынша, "билік жұмыс күшіне қатысты барлық әрекетін кәсіподақтар федерациясы арқылы жүргізгісі келеді". "Ірі және шағын кәсіподақтар федерацияға бірікпесе, жұмысы алға баспайды" деген пікір қалыптасты" дейді ол. Машкенов "министрліктің ойы түсінікті, үкіметпен мәмілеге келгің келсе, федерацияға бірік деп отыр" дейді. Бірақ федерацияға сенбейтін адамдар бар екенін атап өткен ол, советтік кезеңнен келе жатқан екі миллионнан астам мүшесі бар кәсіподақ федерациясын үкіметке қарайтын одақтың тікелей мұрагері деп атады.
Министрліктің ойы түсінікті, үкіметпен мәмілеге келгің келсе, федерацияға бірік деп отыр.

Қазақстандық еркін кәсіподақ конфедерациясының төрайымы Лариса Харькованың IWPR-ға айтқан пікірінше, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Әбілғазы Құсайыновтың кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып тағайындалуы бұл ұйымның кімнің ығына жығылатынын көрсетеді.

Еңбек министрлігінің IWPR-ға жіберген мәлімдемесінде, Құсайыновтың тағайындалуы федерацияның ережесіне сай келетінін айтты. Федерация төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева үкіметті қолдайды деген айыптауға теріске шығарған.

КӘСІПОДАҚТАРДЫ МОНОПОЛИЯЛАУДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

«Жаңа заң жобасы бойынша, жаңа кәсіподақтар билік құрылымында тіркеледі, ал бұрыннан бар ұйымдар қайтадан тіркеуден өтеді. Қазіргі кезде кәсіподаққа тіркелу процесінің бюрократиядан зардап шегетіні бәріне аян. Мысалы, "Жаңарту" атты тәуелсіз ұйым бірнеше рет тіркелуге өтініш бергеніне қарамастан, ресми түрде мойындалмаған» деп жазады авторлар.
Тәуелсіз кәсіподақтар тіркелуі үшін елдегі 14 облыстың жартысынан астамында және Астана мен Алматыда қандай да бір еңбек ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатуға тиіс.

IWPR-дың пайымдауынша, «Тәуелсіз кәсіподақтардың алдындағы тағы бір кедергі - олар тіркелуі үшін елдегі 14 облыстың жартысынан астамында және Астана мен Алматыда қандай да бір еңбек ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатуға тиіс. Бұл шектеу елдің батысы мен солтүстік-шығысында орналасқан мұнай мен тау-кен өндірісінің кәсіподақтары үшін қиынға соғады».

Машкенов «бұл заң жобасы қабылданса, федерация билікті қолына алады, ал жергілікті түйткілді мәселелерді билікке ұғындыратын тәуелсіз ұйымдар тасада қалады» деген.

Оның айтуынша, тәуелсіз кәсіподақтың әлсіздігінен туған еңбек даулары 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы сияқты қақтығысқа ұрындыруы мүмкін.

«Жаңаөзендегі еңбек дауының бірнеше айға созылған себебі, жергілікті мұнайшылар кәсіподағын билік мойындамаған, ал мұнай компаниясымен және жергілікті билікпен сөйлескен федерация өкілі мәселені шеше алмаған. Кәсіподақтарды монополиялаудың болашағы жоқ» деген Машкенов.