Алматыдан Қызылорда өңіріне саяхат

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы. (Көрнекі сурет)

Алматыдан поезбен Қызылорда облысына барып қайтқан Азаттық тілшісінің жол жазбалары.

Жұрттың кезекті еңбек демалысы, мектеп оқушыларының каникулы әрі абитуриенттердің жоғары оқу орнына құжат тапсыратын кезі қабаттасқан жаз мезгілінде пойызға билет алу қиын.

​Қызылорда пойызының купе вагондарына билеттер бір ай бұрын сатылып кетіп, бізге орын плацкарт вагоннан тиді. Ересектердің билеті 2 мың 500 теңге, балалар билеті 1 мың 400 теңге тұрады. Қайтарда купе вагонға билетті 5 мың 500 теңге және 2 мың 500 теңгеден алдық.

Қазақстанның оңтүстігінде тұратын ата-әжесіне қонаққа үш балам және жиендерім менімен бірге барды.

ПОЙЫЗ ДӨҢГЕЛЕКТЕРІНІҢ ТАРСЫЛЫ

Түркістан теміржол вокзалында. 30 маусым 2014 жыл.

Семей-Қызылорда пойызы вагонына жайғасып, кітап оқуға ыңғайланғаныммен, вагон-вагонды аралап киім-кешек, ойыншық, ас-сусын сатып зыр жүгірген саудагер әйелдер оған мүмкіндік бермейтінін түсіндім. Пойызда батарейкадан бастап іш киімге дейін сатылып жатты.

​Күннің ыстығы соншалық, аялдама сайын 300-400 теңгеден салқын сусын сатып алуға тура келді. Пойызда бұрынғыдай мейрамхана тамағын сатпайды. Жолаушылар станцияларда тізіліп тұратын саудагерлерден қуырылған балық, мәнті, «бич-пакет» (Қытай кеспесі) сатып алып жатты.

Кезінде Қызылорда облысындағы қала типтес Жаңақорған кенті балшықпен емдейтін бүкілодақтық курорт саналатын. Бірақ туып-өскен ауылымның қазіргі жүдеу кейпі келген бетте бірден көзге түсті.

ЖАҢАҚОРҒАН

Жаңақорғанда 30 мың адам тұрады. Көбі сауда-саттықпен айналысады. Екі үйдің бірі шағын дүңгіршек ашып алған. Біреулері тамақ өнімдерін, енді біреулері киім-кешек немесе құрылыс материалдарын сатады.

Жергілікті базардағы баға Алматыдағы бағамен шамалас: бір килограмм картоп 200-230 теңге, нан – 60 теңге, қант – 200 теңге тұрады. Тек сүт пен жұмыртқа ғана арзан (сүттің бір литрі – 100 теңге, он жұмыртқа – 160 теңге). Өйткені жұрттың көбі мал, құс ұстайды.

Ауыл тұрғындары далада - сәкінің үстіне дәкеден құрылған шатырдың астында ұйықтайды. Оны «масахана» атайды. Дәке шыбын-шіркей, масадан жақсы қорғайды әрі тыныш ұйықтайсың. Ал кешкісін әлгі сәкіге жайғасып алып, самаурынның шайын ішеді. Әр үйде кондиционер орнатылған, 40 градус ыстықтан сол ғана құтқарады.

Жергілікті тұрғындарға белгісіз әрі түсініксіз үнемдеу деген желеумен электр жарығы мен суды белгілі бір сағаттарда ғана береді. Олар «суға жарымаған егіннің түсімі де аз болады, ал электр жарығын жиі өшіре бергеннен тұрмыстық техника күйіп кетеді» дейді.

Жаңақорғанда тіршілік бір қалыпты, тым-тырыс. Жұрт ерте тұрып, кеш жатады. Бір-бірінің үйіне қонаққа есік қақпастан кіріп, ескертусіз бара береді. Мұнда бәрі, тіпті адамдардың ойы да ортақ сияқты көрінеді.

Шымылдық ішіндегі қалыңдық. Қызылорда, 25 маусым 2014 жыл. (Суретті Алма Кенжебекова түсірген)

Жаңақорған халқының шамамен бестен бір бөлігі ақшасы бар қалталы жандар саналады. Бірақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрге келгенде ешкім қалтасына қарамайды. Жергілікті халықтың салты бойынша шамаң келсін, келмесін белгілі бір бағадан түсуге болмайды.

​Мәселен, қалыңдыққа төленетін қалың мал 150 мың теңгеден (бір мың долларға жуық) кем болмауы тиіс. Қалыңдық жақ бұл ақшаға ұзатылатын қыздың киім-кешегі мен қасықтан бастап жатын бөлменің жихазына дейін жасау-жабдық сатып алады.

Дүниеге сәби келген кезде келіннің әке-шешесі нәрестенің керек-жарағын сатып алады, мұны халық «бесік той» деп атайды. Қайтыс болған кісіні жерлеуге көрші-қолаң, дос-жаран, туыстары 500 теңгеден бастап 5 мың теңгеге дейін «бата оқыр» жинайды. Үйлену тойының «ставкасы» да сондай.

ПЕРВЫЙ МАЙ МЕН ҚЫЗЫЛОРДА

Жаңақорғаннан 12 шақырым жердегі Первый май ауылына жолы түскен адамға мұнда тіршілік мүлде тоқтап қалғандай көрінеді. Ауылда аурухана болған емес. Жергілікті тұрғын Болат Сейітбековтың айтуынша, Жаңақорғанға барып емделетін науқастар жедел жәрдем көлігі бензинінің ақысын өздері төлейді.

- Мектебіміз 11 сыныпқа арналмаған, балалар үш ауысыммен оқиды. Әкімдік қызметкерлері отыратын да ғимарат жоқ, жергілікті клубты жалдап отыр, - дейді Болат Сейітбеков Азаттық тілшісіне.

Жаңақорғандағы шаштараз. 18 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Көбі жұмыссыз жергілікті тұрғындар мал бағып, күріш егіп күн көреді. Кейбір адамдар Жаңақорғанға қатынап жұмыс істейді.

Сонымен не қалада, не үлкен бір ауылда болғанымды білмей, Қызылорда облысынан екіұдай әсермен оралдым. Бірақ Жаңақорғанда жаңадан салынған сәнді үйлер мен ғимараттар көп екен. Жергілікті тұрғындар асфальт төселген әдемі жолдарын да мақтаныш көреді.

Жазда күннің ыстығы ғана емес, маса да қызылордалықтардың мазасын қашырып жібереді. Ауыл адамдары сияқты қалалықтар да масаханаға тығылып ұйықтайды.