Бір түнде бұзылған бөгеттің зиянын үш жылдан бері дәлелдей алмай жүр

Көкпекті тұрғындары Людмила Лепихова мен Валентина Вершаловская соттың алдында тұр. Қарағанды, 25 мамыр 2017 жыл.

2014 жылы Көкпекті ауылында адам өліміне ұласқан бөгеттің бұзылуы кесірінен келген болжамды материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы жаңадан түскен азаматтық талап-арыздар Қарағанды қаласында әлі қаралып жатыр.

Қарағанды облысында 2014 жылғы наурыздың 31-іне қараған түні су тасқыны кесірінен Көкпекті су қоймасы бөгеті бұзылып, Көкпекті кентін үлкен мұз кесектері аралас биіктігі екі метрлік толқын басып, бес адам қаза тапқан. Су басқан 323 үйдің 50-і сүрілген. Ал Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы көрші Рабочий кентінде 21 үй бүлініп, 9 үй сүрілген. Ондаған тұрғын үлкен зардап шеккенін әлі күнге дейін – енді сотта дәлелдеуге мәжбүр.

Болжамды материалдық және моральдық шығынды өтеуге қатысты азаматтық талап-арыздар Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық 2-сотында қаралып жатыр. Сот отырыстары кеше де, бүгін де өтті. Істерді қарау бірнеше судьяға тапсырылған. Арызданған жұртты бірнеше адамнан тұратын топтарға біріктірген. Осы аптада бірнеше талапкердің арызын қараған алғашқы сот отырыстары өтті. Талап-арыздар Көкпекті су қоймасының бұрынғы жалға алушысы Владимир Крючков пен бұрынғы екі шенеуніктің үстінен түскен. Барлығы 186 талап-арыз тіркелген. Сот қарауына дайындалып жатқан істер өте көп. Талап-арыздарда көрсетілген сома бір миллионнан бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді.

Жауапкерлер – үш адам. Су қоймасының бұрынғы жалға алушысы Владимир Крючков – ертеректе сотта қаралған бөгет бұзылу ісініндегі негізгі айыпталушы, апелляциялық сот үкімді екі жылға бостандығын шектеу жазасына дейін жеңілдеткен. Сот «мерзімі өтіп кетуіне байланысты» қылмыстық жауапкершіліктен босатқан Бұқар жырау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы бастығы Ришат Жантөлеков пен Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смайылов та сотқа тартылған. Жауапкердің үшеуі де талап-арыздарға қатысты пікірлерін сотқа көрсетіп, тұрғындар талабымен келіспейді.

ТҰРҒЫНДАР ТАСҚЫН ЕСКЕ АЛА БЕРЕДІ

Сот отырыстарына келген кезде талапкерлердің көбі эмоцияға ерік беріп, кейбірі «әрең жан сауғаладық, көз алдымызда адамдарды толқын ағызып әкетті, алып мұз кесектері үйлерді талқандады» деп, әлгі қасіретті күнді жылап еске алады.

– Біз қашып үлгермей үйде қалдық. Бір-бірімізбен қоштаса бастадық, су кеңірдектен келді. Келінімді су ағызып әкетіп мерт болды. Менің тамырым қысылып қалды. Содан бері күйеуімнің қан қысымы көтерілетін болды. Енді ауруханадан шықпайтын болдық. Біз зиян көлемін 2 миллион 400 мың теңге деп көрсеттік. Үйіміз құлайын деп тұр. Несие алуға қорықтық, оны төлейтін шамамыз жоқ. Күйеуім жұмыс істемейді, оған денсаулығы жарамайды, ал өзім – зейнеткермін. Мына жағдай жұрттың денсаулығына қатты әсер етті, көп адам қайтыс болып кетті. Әлгі ауылда 40 жыл тұрдым, бірақ өзен жанында тұрсақ та, мұндай апат ешқашан болмаған еді, – дейді талапкер Валентина Вершаловская.

Көкпектідегі су басқан көше.

Зейнеткер Қалия Жантасова да кінәлі тұлғалардан өтемақы өндіріп беруді талап етеді. Бірнеше күнге созылған дайындық процесінен кейін, мамырдың 25-інде талап-арыздың мән-жайына қатысты сот отырысы өтуі тиіс болған. Бірақ істі қарау сот отырысы басталған бетте кейінге қалдырылды. Сот отырысына жауапкердің үшеуі де келмегендіктен судья Берқалиева процесті 15 маусымға қалдырды. Қалия Жантасова материалдық зиянын шамамен 2 миллион теңге, моральдық зиянды 1 миллион теңге деп бағалайды.

Менде құжаттар бойынша 1 миллион 950 мың теңге шықты, бірақ олардың бұған дейінгі актілеріндегі сома көбірек болатын.

– Менде құжаттар бойынша 1 миллион 950 мың теңге шықты, бірақ олардың бұған дейінгі актілеріндегі сома көбірек болатын. Кейін олар «әлгі соманы дәлелдеңдер» дей бастады. Ал енді «қоғамдық қордан әлдебір соманы алдыңдар ғой» дегенге сілтеп отыр. Үйімізді қалпына келтіріп алу үшін маған тым болмаса әлгі сомасын берсін. Бәріміз қатты зардап шектік. Психологиялық тұрғыдан да күйзелдік. Әлгі апаттан кейін күйеуім төсек тартып жатып қалды, қазір онкология бөлімінде жатыр. Үйіміз тұр – бірақ бүлінген, сыртын да жөндеу керек, іргетасын да қайта құйып, нығайту керек, еденін де ауыстыру керек, іші әлі сыз. Тартқан азабымызды құдай ешкімнің басына салмасын. Сабыр сақтаймын ғой деп едім, бірақ ішім тағы алай-дүлей болып кетті, – дейді Қалия Жантасова.

Әңгімеге қосылған тағы бір талапкер Людмила Лепихова отбасы үш рет несие алып, әлі күнге дейін төлеп жүргенін айтты.

– Үйін тым болмаса ішінара қалпына келтіру үшін кей тұрғындар зиянды сот арқылы өндіріп беруін күтпестен көп несие алды. Бірақ бұл бізге өтемақы төленбеуі тиіс деген сөз емес қой. Солардың кінәсінен қолымыздағы бүкіл мүлкімізден айырылдық, сондықтан олар бізге келтірген зиянды өтеп беруі тиіс. Әбден нашарлап кеткен денсаулығым жайлы тіпті айтпайтын болдым. Мен зиян көлемін 3 миллион теңге деп көрсеттім, – дейді ол.

Көкпектідегі тасқыннан зардап шеккен үйлердің бірі.

Зиян көлемінің сомасы 9 миллион теңгеден асатын талап-арыздар бар. Бұлар – үйі мен өзге мүлкіне қоса кәсібінен де айырылған жандар. Олардың кейбірі бал арасын немесе бөдене өсірумен айналысқан, ал 2014 жылы бөгет бұзылған кезде сол кіріс көзінен айырылған.

Тұрғындардың көбі сотқа жүруден шаршап, талап-арыздарынан бас тартып жатыр.

Талапкерлер сот процесі созылып кеткенін айтады. Тұрғындардың көбі сотқа жүруден шаршап талап-арыздарынан бас тартып жатыр. Мысалы, кеше тағы үш талапкер талап-арызынан бас тартып, арыз жазғаны белгілі болды. Сотқа жетпей көз жұмған талапкерлер де бар. Болжамды шығынды өтеп беру туралы талап-арыз берген Көкпекті ауылының тұрғыны Людила Никитцова сотқа жетпей қайтыс болған. Оның талап-арызы бойынша сот отырысы бейсенбі, мамырдың 25-інде өтуі тиіс болған. Бірақ сотқа келгендерді атаған кезде «қаза болуына байланысты» Людмила Никитцова тізімде жоқ деп жариялады.

ЖАУАПКЕРЛЕР ТАЛАП ҚИСЫНСЫЗ ЕКЕНІН АЙТАДЫ

Жауапкерлер талап-арыздармен келіспейді. Владимир Крючковтың өкілі Инна Ворова қолында жеке тұлғалар бойынша 186 талап-арыздың нақты 25-і бар екенін айтады.

– Біз олардың талаптарын мойындамаймыз, өйткені көбінің талаптары ештеңемен дәлелденбеген. Оларға жанымыз ашиды, бірақ әлдебір әділдік те болуы тиіс қой. Зиянды дәлелдеу керек. Біз талап етілген сомалармен келіспейміз. Бізде бүкіл дүние-мүлікке қамау салынған, сондықтан мына жағдайда соттың шешімін орындауымыз да екіталай. Мұншама ақшаны қайдан аламыз? – дейді заңгер Инна Ворова.

Өзге екі жауапкерден немесе олардың өкілдерінен комментарий алу мүмкін болмады, олар әу бастан баспасөз өкілдерімен сөйлеспейді.

Көкпектідегі тасқыннан бүлінген үйлердің бірі.

Зиянды өтеуді талап етушілер арасында заңды тұлғалар да бар. Алғашқы сот инстанциясы «Қазақтелеком» компаниясының 6,5 миллион теңгеден көп талабы мен Қарағанды қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі сұраған 112 миллионның орнына 103 миллион теңге соманының талап-арызын қанағаттандырған. Жауапкерлер әлгі шешімге қатысты шағымданатын болды. Бұқар жырау ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі 375 миллион теңге өндіріп беруді сұраған, билік оны Көкпекті ауылында қираған үйлердің орнына мемлекет есебінен салынған 56 үйдің құрылысы үшін жұмсаған.

2014 жылғы наурыздың аяғында Көкпекті бөгеті бұзылуы кесірінен бес адам мерт болған. Ол кезде 20-дан аса адам дәрігер көмегіне жүгінген. Түрлі жарақат алған, суық өтіп кеткен және жүйкесі сыр берген алты адам ауруханаға түскен. 351 адам жәбірленуші деп танылған. Бірақ кейбірі зиянды өндіру туралы азаматтық талап-арыз бермеген, бірі сотқа сенделуден шаршаған, ал енді біреулері зиянды дәлелдей алмаған. Кей тұрғындар «трагедияға негізгі кінәлі адамды сол күйі анықтаған жоқ» деген уәжбен арыздарынан бас тартқан.