Қарағанды облысы Теміртау қаласында презерватив сататын алғашқы кондомат Қазақстанның әр аймағынан келген 2 мыңға жуық студент оқитын политехникалық колледж жатақханасына қойылды. Колледж студенттерінің көбі – ауылдық жерлерден келген жастар.
«ЖІГІТТЕР КҮЛІП, ҚЫЗДАР ҚЫМСЫНАДЫ»
Политехникалық колледждің жоғарғы курсында оқитын Дмитрий 200 теңгеге үш презерватив беретін кондоматтан алғашқылардың бірі болып сауда жасап көрген.
– Меніңше, жастарға жыныстық қатынастың керексіз зардаптарынан сақтану үшін мұндай аппараттар керек, – дейді студент.
Тағы бір жас жігіттің айтуынша, жастар кондомат орнатуды құптайды. Ал қымсына жымиған немесе теріс айналған қыздар ештеңе демеді.
Азаттық тілшісімен сөйлескен жатақхана вахтерінің айтуынша, оқушылардың көбі кондоматқа жақындаудан ұялады, ал кейбірі наразы болып жатыр.
Студенттердің ата-аналары бұл жаңалықты әр қилы қабылдады. Балаларының, әсіресе ұлдарының қалтасына кейде презервативті өздері салып қоятынын айтқан жастау ата-аналар жақтайды. Бірақ кондомат орнатуды «әдепсіз» өмір салтын насихаттау деп санайтындар да табылды. Олардың көбі – егде адамдар.
«БҰЛ – ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРА»
Теміртау политехникалық колледж басшылығы «студенттерді ұялтпайық әрі олардың психикасына әсер етіп, жеке өмірге деген құқығын бұзбайық деп кондоматты видеобақылау камералары жоқ тұсқа әдейі орнаттық» дейді.
Оқу орны директоры Серікбол Әбжановтың айтуынша, педагогтар жыныстық қатынас жасайтын жас жігіттер мен қыздарды осындай жолмен сақтандыруды ұйғарған. Колледж басшысының пікірінше, кейбір студенттер контрацептивті дәріханадан сатып алуға ұялады, ал жансыз аппараттан қысылмай алуына болады.
– Мына кондоматты қою арқылы кемі бір бала өлімінің, кемі бір түсік жасатудың және жүкті болып қалған бір бойжеткеннің суидцидке баруының алдын алдық деп санаймын. Мейлі, мұным әсіре сөз болып көріне берсін. Бірақ мұндай проблема бар екені жасырын емес, оны қарабайыр әдіспен болсын шешу керек. Біз өмірде болып жатқан фактілерге сүйендік. Мұны сексті насихаттау деп түсінбеу керек. Бұл – профилактикалық шара, – дейді Серікбол Әбжанов.
АЙМАҚТАҒЫ ВИЧ-АХУАЛ УШЫҒЫП ТҰР
Қарағанды облыстық СПИД орталығы басшылығы кондомат орнатуды былтыр ойластырған. Ал 2015 жылы мамандар идеяны іске асыруға кіріскен. СПИД орталығы мамандарының айтуынша, бағасы 35-80 мың теңгелік аппараттарды демеушілердің қаражатына орнатады.
– Мұнда ешқандай коммерциялық мақсат жоқ. Қазіргі жағдайда баға емес, профилактика маңызды болып тұр. Түскен ақшаға дәл осындай сапалы әрі сенімді қорғаныс құралдарын сатып алмақпыз, – дейді Қарағанды облыстық СПИД орталығы басшысы Бейбіт Сағымбаев.
Теміртауда әзірше екі кондомат орнатылған. Политехникалық колледжден бөлек осындай автомат түнгі клубта да тұр. СПИД орталығы мамандары жыл аяғына дейін Қарағанды облысындағы барлық оқу орындары мен ойын-сауық мекемелеріне кондомат орнатуды жоспарлайды. Дәрігерлер презерватив сататын аппараттар болашақта мектептерге де орнатылуы мүмкін деген болжам айтады.
Теміртаудағы мектептердің бірінің директорының аты-жөнін атамауды өтінген орынбасары Азаттық тілшісіне ата-аналар мектепте кондомат орнатуға наразы болуы мүмкін, ал оқушылар мұны қорғаныс құралы ретінде емес, «секспен айналысуға берілген рұқсат» деп түсінуі мүмкін деген қаупін айтты.
Бірақ СПИД орталығы мамандары қазір аймақтағы, оның ішінде Теміртау қаласындағы эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр деген уәж айтады. Облыстық СПИД орталығында тіркеуде тұрған ВИЧ науқастардың 35 пайызы – 15-25 жас аралағындағы жастар. Жыныс ауруларының басқа түрлерін жұқтырған адамдар да көп. Ресми статистика бойынша, былтыр Теміртау қаласында 10-нан аса жасөспірім қыз жасанды түсік жасатқан. Дәрігерлер бұл проблеманы шешуге жастар жиі баратын орындарға кондоматтар орнатудың септігі тиеді деп үміттенеді.