Жалған мектепті шенеуніктер ұйымдастырған болып шықты

Қарағанды облысы Нұра ауданындағы көше. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысында «жалған кешкі мектеп құрғаны» үшін сотталған бұрынғы екі мемлекеттік қызметкерге сот айыппұл кесті. Кей сарапшылар айыппұл мен мүлік тәркілеу, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру коррупциямен күрестің тиімді шарасы деп санайды.

Қарағанды облысы Киевка кентінде Нұра ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары, 40 жастағы Рәбиға Құтжанова және тергеу амалдары мен сот процесі аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетілген осы ауданның білім беру бөлімі бастығы, 54 жастағы Гүлнәр Қадырова сотталды. Екеуі «қызмет бабын асыра пайдаланған және алаяқтық жолмен жалған кешкі оқу-консультативтік пунктін құрған» деп айыпталды. Тергеу болжамынша, сотталушылардың қылмыстық әрекеті салдарынан бірнеше жыл ішінде мемлекетке жиыны 11 миллион 133 мың теңге (32 мың доллардан аса) зиян келген. Үкім күшіне енді.

ЖАЛҒАН МЕКТЕПТІ ҚАЛАЙ АШҚАН?

Сот бұрынғы екі мемлекеттік қызметшіні айыппұл төлеуге міндеттеді. Екеуі айыбын мойындап, тергеу органдарымен мәмілеге келген болып шықты – сотталушы шенеуніктердің өкінуі олардың кінәсі мен жазасын жеңілдететін жайт деп танылды.

Ақыры Гүлнәр Қадыровадан үш миллиондай теңге айыппұл өндіріліп, дүние-мүлкі тәркіленетін болды әрі сот оны екі жарым жылға мемлекеттік қызметте әлдебір лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды. Ал Рәбиға Құтжановаға сот мүлкін тәркілеу мен екі миллионға сәл жетпейтін мөлшерде айыппұл кесті және мемлекеттік қызметте бір жарым жылға дейін әлдебір лауазымды атқару құқығынан айырды. Ол да алаяқтық бабы және алдын ала сөз байласып әрі бір топ адамның сенімін алдау арқылы бөтеннің мүлкін жымқырды деп айыпталды, бірақ оның үкіміне «бірнеше рет» деген сөз қосылды. Бұған қоса, екеуінен де 277 мың теңге сот шығыны өндірілетін болды.

Нұра ауданы азаматтарын кешкі мезгілде оқытатын оқу-консультативтік пункт жалған кешкі мектеп болып шықты. 2012-2013 жылдары құрылғанымен, оны прокурорлар 2015 жылы «әшкерелеген». Тергеу болжамынша, Гүлнәр Қадырова бұл орталықты Нұра аудандық білім беру бөлімі бастығы болған кезінде Киев орта мектебі жанынан құрып, оны жергілікті бюджеттен қаржыландыруға қажет шығындарды көрсетіп, бюджеттік өтінішті бекіткен. Қадырова ақшаны алып, орталықта мүлде жұмыс істемеген оқытушылардың есеп-шотына аударып отырған, ал олардың ішінде іс бойынша екінші сотталушы, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Рәбиға Құтжанова да болған деп болжанады.

Жергілікті атқару органдарының тағы 20 қызметкері тергеушілер күдігіне іліккен, бірақ «тараптардың бітімге келуіне» байланысты олардан «алаяқтық» айыбы кейін алынып тасталды. Айыпталушылар қылмысты ашуға көмектесіп, мемлекетке келтірген зиянды өтеді деп хабарланды. Ақыры сотқа Рәбиға Құтжанова мен Гүлнәр Қадырова тартылып, екеуі де кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді.

КІНӘСІН МОЙЫНДАУ «МӘМІЛЕСІ»

Сотта Гүлнәр Қадырова «аумағында Нұра ауданындағы 33 мектеп бар аудандық білім беру бөлімінің басшылығына 2008 жылы тағайындалдым» деп түсіндірді. Оның айтуынша, Нұра ауданында кешкі мектеп жоқ, бірақ №1 Киев орта мектебі жанында оқу-консультивтік пункт болған. Ол жерде «жалпы білім беретін мектептерде өзі құралпы балалармен оқи алмаған немесе оқығысы келмеген оқушылар қашықтан «оқытылған».

Оқу процесін бақылау формасы құрастырылған жоқ, сондықтан оқушыларымды көргенім де жоқ, олардың тапсырманы қалай орындағанын қадағалағаным да жоқ.
Рәбиға Құтжанова.

Сот үкіміне қарағанда, Гүлнәр Қадырованың өзі және жергілікті атқару органдарының кей қызметкерлері орталықта мұғалім болып жұмыс істеген. Үкімде «Ол қалған мұғалімдерді танымайды. Өзге айтары жоқ» деп көрсетілген.

Рәбиға Құтжанова әлеуметтік саланы, оның ішінде білім беру саласын бақылау - Нұра ауданы әкімі орынбасарының функциялық міндеті екенін түсіндірді. Қосымша табыс табу үшін 2013 жылы Киев кентіндегі №1 орта мектептің жанындағы оқу-консультативтік пунктте сабақ беруді ұйғарған.

Үкімде соталушы Рәбиға Құтжанованың «Тапсырмалардың бәрін өтірік жіберу. Бірақ оқушының тапсырма немесе өзге оқу материалын алғанын растайтын ешқандай құжат толтырылған жоқ. Тапсырмалар немесе өзге оқу материалдарын сақтау үшін ешқайда өткізбейді, олар оқытушының өзінде ғана болды. Оның оқу процесіне қатысты материалы менде болды. Оқу процесін бақылау формасы құрастырылған жоқ, сондықтан оқушыларымды көргенім де жоқ, олардың тапсырманы қалай орындағанын қадағалағаным да жоқ» деген сөздері келтірілген.

«ҚҰНЫҒУДЫ ҚОЙДЫРАТЫН» АМАЛ

Кінәсін мойындағаннан кейін сотталушыны бостандығынан айырудың орнына, оған ірі айыппұл салумен аяқталған коррупциялық істер Қарағанды облысында бұрын да болған. Сарапшы әрі құқықтық саясатты зерттеу орталығы директоры орынбасары Татьяна Зиновичтің айтуынша, мемлекет коррупциялық қылмысы үшін ірі айыппұл салу түрінде жаза қолдану арқылы келтірілген зиянды өндіріп қана қоймай, бас бостандығынан айыруға байланысты шығынданбайды. 2014 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда сотталған бір адамды қамауда ұстау шығыны - жылына шамамен 650 мың теңге (1800 доллардан көп) болған.

Сарапшы әрі құқықтық саясатты зерттеу орталығы директоры орынбасары Татьяна Зинович.

- Айыбын мойындау мәмілесі сияқты қылмыстық процедураның мұндай түрлері, яғни кінәлі адамды бас еркіндігінен айырмай мемлекетке келтірген зиянды ақшалай өндіріп алу мен ірі көлемде айыппұл салу– коррупцияның алдын алып, онымен күресудің өте тиімді әдісі. Айыпты адамды белгілі бір қызметті атқару немесе әлдебір қызмет түрімен айналысу мүмкіндігінен айырып әрі дүние-мүлкін тәркілеумен қоса айыппұл салу арқылы жаза қолдану оның коррупциямен байланысты қылмыстарды жасауын көпке дейін қойдыра алады, - дейді Азаттыққа құқықтық саясатты зерттеу орталығы директоры орынбасары Татьяна Зинович.