Accessibility links

Оқушының өліміне күдікті мұғалім тұтқындалды


Оқушылар партасы мен орындығы. (Көрнекі сурет)
Оқушылар партасы мен орындығы. (Көрнекі сурет)

Павлодардың аудандық соты дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әліш Жүнісовті екі айға қамады. Мұғалім осы облыстағы Чернорецк мектебінің 16 жасар оқушысы Александр Дивиннің өліміне қатысты күдікке ілінген.

Күдікті Әліш Жүнісов өзін қамау туралы Павлодар аудандық сотының судьясы Расул Қарағаев шығарған үкімді апелляцияға берген еді – ол өтініші орындалмады.

Судьяның айтуынша, «Жүнісов жұмыс істемейді, бойдақ, тиесілі мүлкі жоқ – осы жағдайларды ескере келе айыпталушы Жүнісов тергеу орындары мен соттан жасырынып, істі объективті түрде тексеруге кедергі келтіруі мүмкін».

Павлодар облыстық сотының хабарлауынша, «тергеу орындары Ә.Жүнісовті «Жәбірленушінің өліміне себеп болған, әдейі жасалған ауыр дене зақымы» бабы бойынша айыпты деп тапқан. Материалдарда Ә.Жүнісовтың өзіне тағылған айыпқа қатысы барын дәлелдейтін деректер бар».

«БӘРІ ЖАЗАЛАНУЫ КЕРЕК»

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті Әліш Жүнісов 2012 жылы 23 сәуірде, оқушының өлімінен соң алты айдан кейін, тұтқындалған. Бірақ Павлодар ауданының прокуроры Әсет Сәттібаев ол шешімді мақұлдамай, күдіктіні ертеңінде босатып жіберген.

Дивиндер әулетінің ресми өкілі Жауқазын Жұмағұлованың айтуынша, Александр Дивиннің туыстары ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға шағымданған соң ғана Павлодар ауданы прокурорының шешімі бұзылған.

Жауқазын Жұмағұлова Павлодардағы сот-медицина сараптамасы нәтижесіне сенбеген оқушының ата-анасы ұлдарының сүйегін үшінші рет сараптамадан өткізуді талап етіп, Алматыдан тәуелсіз сарапшылар шақырғанын айтты.

Дивиндер әулетінің ресми өкілінің сөзіне қарағанда, алматылық сарапшылар баланың «дене соқысынан, кардиогенді шокқа ұласқан жүрек зақымдануынан көз жұмғанын» анықтаған.

– Іс әлі біткен жоқ. Тек ол мұғалім ғана емес, бұл істі әу дегеннен жасырып қалмақ болған адамдардың бәрі жазалануы керек. Коррупция араласпауы үшін Жүнісовтің ісін қалалық сот қарауын талап етеміз, – дейді Дивиндер әулетінің ресми өкілі Жауқазын Жұмағұлова.

«ҚҰБЫЖЫҚ ЕТІП КӨРСЕТІП ЖАТЫР»

Чернорецк мектебінің оқушысы, 16 жастағы Александр Дивиннің сүйегі 2011 жылы 21 қазанда мектеп жертөлесінен табылған еді. Ол бұдан бұрын сол жерде сынып жетекшісі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әліш Жүнісовпен сөйлескен.

Осы оқиғадан кейін қалалық әкімшілікте өткен брифингте журналистер сауалына жауап берген аудан әкімшілігі өкілі Евгений Губаревтің айтуынша, «Саша Дивиннің соңғы кездері сабаққа себепсіз келмей жүргеніне алаңдаған сынып жетекшісі Әліш Жүнісов 21 қазан күні оқушыны сөйлесу үшін бірінші сабақтан сұрап алған».

– Бос кабинет табылмаған соң екеуі жертөледегі қызметтік кабинетке барған. Жүнісовтің айтуынша, сөйлесіп отырған кезде жасөспірімнің жағдайы аяқ астынан нашарлап кеткен. Жүнісов бірден дәрігер шақырып, алғашқы көмек көрсетпек
Александр Дивиннің мәйіті. Павлодар облысы, 28 қазан 2011 жыл. (Суретті түсірген Марат Төлендинов).
Александр Дивиннің мәйіті. Павлодар облысы, 28 қазан 2011 жыл. (Суретті түсірген Марат Төлендинов).
болған. Реанимациялық шара атқарып, жүрегіне массаж жасалған. Өкінішке қарай, Сашаны құтқару мүмкін болмады. Өлім себебін анықтау үшін екі рет сараптама жасалып, бетіндегі ұсақ көгерген жерлерден басқа сыртқы зақымдану анықталған жоқ. «Идиопатикалық кардиомиопатия» деген диагноз қойылды. Бауырдың эхинокок жылауығы жарылып кетіп, анафилактикалық шок болған, – деді Евгений Губарев 2011 жылы 9 қараша күні.

Азаттық тілшісімен сөйлесуден күдікті Әліш Жүнісов те, оның адвокаты да бас тартқан еді.

Чернорец мектебінде төрт жылдан бері қызмет ететін Жүнісов туралы айтып беруге оқу ісінің меңгерушісі Гүлжан Сүлейменова келісті. Оның айтуынша, үйінен сау кеткен оқушы Саша Дивиннің беті «марқұмның сүйегін мәйітханаға кездейсоқ көлікпен апара жатқанда көгерген болуы мүмкін».

– Біздің мектепті, сынып жетекшісі Әліш Жүнісовті құбыжық етіп көрсетіп жатыр. Біз кәдімгі қарапайым адамдармыз. Менің ойымша, Әліш Жүнісов дұрыс, көңілді, әзілқой адам, – дейді Гүлжан Сүлейменова.

11 «А» сыныбының жетекшісі Әліш Рамазанұлы Жүнісовтің педагогикалық стажы – тоғыз жыл. Мектеп әкімшілігі, учаскелік инспектор және ауыл әкімі Әліш Жүнісовті «жауапкершілігі бар, тәртіпті, ата-ана және жастармен тығыз қарым-қатынас жасайтын, зиянды әдеті жоқ адам» деп сипаттайды.
XS
SM
MD
LG