Осылайша жаңа оқу жылында Теміртауда екі қазақ мектебі пайда болды.
Жаңа оқу жылының басталуына бір күн қалғанда Теміртау қаласындағы мектеп дауының соңы көрінгендей болды. Қалалық сот тамыздың 31-і күні, 9 орыс мектеп-лицейі ұстаздарының барлық шағымын қанағаттандырмай тастады. Шағым берген ұстаздардың бірі Наталья Штоколованың хабарлауынша, «сот, қалалық басқарманың 9 орыс мектеп-лицейдің қазақ тілді ету туралы бұйрығын заңды деп тапқан».
ҮКІМ
Бұған дейін тамыздың 18-і мен 26-сы күндері білім ордасының оқушыларынан түскен 300-ге жуық шағым-арыз да қанағаттандырылмаған еді. Осылайша Теміртаудағы 9 орыс мектеп-лицейі енді 9 қазақ мектеп-лицейі болып өзгерді. Жаз бойы соттан көз ашпадық деген ұстаздар мен оқушылар, аппеляциялық шағым бермейтіндіктерін айтып отыр.
- Сот деген «ойыннан» шаршадық. Әрі қарай өмір сүреміз де, қайтеміз. Қайта шағым түсірмейміз деп шештік, - дейді радиомызға сот залынан шыққан ұстаздардың бірі Светлана Орищенко.
Ал қалалық білім басқармасы соттың шешімінің заңды екендігін айтады.
- Себебі, орыс мектептерін қазақ тілді ету туралы шешім шығарудың алдында үш жыл бойы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мың ойланып, мың толғандық. Сондықтан бүгінгі шешім орынды, - дейді, басқарма бастығының орынбасары Татьяна Зорина.
Оның сөзінше, қазір қазақ тілді жаңа 9 мектеп-лицейіне қазақ тілде білім алғысы келетін 600-ге жуық оқушыдан өтініш түскен. 40-тан аса мұғалім қызметке алынған. Ал жабылған орыс мектебінің барлық оқушылары өзге мектептерге көшіріліп, мұғалімдерінің басым көпшілігі де жұмыспен қамтылған.
- 9 мектепте 63 ұстаз болса, оның үшеуі және бір лаборант қыз жұмыстан шығарылды. Тағы екі ұстаз әлі ойланып жатыр. Ал қалғандары толығымен жұмыспен қамтылған. Барлығы 9 мектептегідей сағаттарын алды, - дейді Азаттық тілшісіне Татьяна Зорина.
ТЕМІРТАУДАҒЫ ДАУ
Теміртау қаласының әкімшілігі қаладағы орыс тілді екі мектепті биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілді етіп ауыстырмақ болған. Жергілікті әкімшілік қазақ тілді балалар оқитын мектептер толып кеткендіктен осындай әрекетке барып отырғанын, ал орыс тілді мектептерде оқушылар саны аз екенін уәж қылады.
Өткен оқу жылының соңындағы мәлімет бойынша, Теміртауда 29 мектеп, ал қалаға жақын Ақтау ауылында 3 мектеп бар. Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, бұл 32 мектептің ішінде: 4 мектеп – қазақ тілінде (жалпы саны 2 145 оқушы бар), 16 мектеп – орыс тілінде және 12 мектеп - қазақ және орыс тілінде білім беретін «аралас мектептер».
Жалпы, Теміртаудағы 32 мектепте 18 200 оқушы бар.
Қарағанды облысы әкімшілігінің баспасөз хатындағы дерек бойынша, Теміртаудағы үш қазақ мектебінде әр сыныптағы оқушы 30-35-тен асады. «Нормаға сәйкес, жоғары сыныпта оқушы саны 25 адам, ал төменгі сыныпта 20 адамнан аспау керек» деп жазылған баспасөз хатында.
«Салыстыру үшін айтайық: орыс тілінде оқытатын мектептердің жартысы – 50 пайыз ғана, қалған жартысы – 70-80 пайыз ғана толған. Орысша мектептердің көбі бір кезекте ғана оқиды» деген мәлімет келтіреді баспасөз хаты.
Соңғы бес жылда Теміртауда қазақ тілінде білім алатын оқушы саны 984-ке артқан. Ал қазақ мектептері қаланың барлық жерінде бірдей орналаспаған. «Бұл оқушылар мен ата-аналарға елеулі қиындықтар туғызады» деп жазылған құжатта.
Қала әкімшілігінің екі орыс мектебін қазақ тіліне ауыстыру туралы шешімімен 16-мектеп ұжымы мен оқушылары бірден келіскенімен, 9 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен ата-аналары қарсылық танытып, сот процесі бір айдан аса созылды.
Арызданушы мұғалімдер мен ата-аналар бұл әрекетті «тілдік негізде кемсітушілік» деп танитынын; лицей дәрежелі ұжымның жай мектепке ауысқанын құп көрмейтінін және әкімдік ұсынған 14 мектептің қазірдің өзінде оқушыға толы екеніндігін қарсы уәж қып келтіріп келген еді.