Қазақ тілін тегін үйренгісі келетіндер аз

Тілдерді дамыту орталығындағы қазақ тілі сабағы. Теміртау, 13 ақпан 2015 жыл.

Теміртауда қазақ тілін мемлекет қолдауымен тегін оқытатын курсқа қатысқысы келетіндер аз. Әкімдік «халыққа қазақ тілін жарнамалау және ақылы қызметке көшу мүмкіндігін ойластыру қажет екенін» айтады.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында мемлекеттік тілдерді дамыту орталығы былтыр ашылған. Оны ашуға жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Теміртау қалалық соты ғимаратының үшінші қабатының бір бұрышында орналасқан орталықта әзірше қазақ тілін оқытатын сабақтар ғана өтіп жатыр. Келешекте ағылшын тілін оқыту да жоспарланған. Тіл орталығын ашқан кезде билік 180 мыңға жуық тұрғыны бар Теміртау қаласында қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп болар деп үміттенген. Бірақ олай болмай шықты.

Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері орталықта тегін оқиды әрі қазақ тілі курсына жұмыс уақытында қатыса алады. Былтыр қазақ тілі курсына 102 адам жазылған. Бірақ оның 78-і ғана курсты бітіріп, сертификат алған. Қалғандары сабаққа қатыспағаны үшін немесе жұмыстан кетуіне байланысты курстан шығарылған.

- Кейбіреулер «ештеңе түсінбедік» деген шағым айтады. Бірақ меніңше, олар - мектепте дұрыс оқымағандар. Бес рет сабаққа келмеген адамға әуелі ескерту жасаймыз, кейін шығарамыз, - дейді Теміртау қаласындағы тілдерді дамыту орталығы басшысы Қадыр Әшкеев Азаттық тілшісіне.

Қазір орталықта 76 адамды бес топқа бөліп оқытып жатыр. Оның ішінде 40-ы - қазақ, 21-і - орыс, 15-і - өзге ұлт өкілдері. Курсқа қатысушылардың көбі - мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер. Ал қаланың өзге тұрғындарынан қазақ тілі курсына екі адам ғана жазылған. Орталық басшысының айтуынша, курста оқитындардың бәрі - үлкен кісілер, жастар жоқ.

СҰРАНЫС АЗ

Курсқа бірінші кезекте мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер қабылданады. Бірақ қазақ тілін үйренгісі келетін кез келген адам курсқа жазыла алады. Ең басты талап – адамның базалық білімі болуы тиіс. 2015 жылы орталыққа Теміртаудың 150 тұрғынын оқытып шығару міндеті жүктелген.

Курсқа келіп жүрген өрт сөндіруші жігіттер «біздің мамандығымызға байланысты сөздер жоқ екен» деген шағым айтты.

- Бұдан артық адам жиналмайды. Қазір жұрттың тіл үйренуге құлқы, ынтасы жоқ. Орталық ересек адамдарға арнап ашылған. Мұнда біз әріптерді ежіктеп отырмаймыз, курсқа жазылған адамның базалық білімі болуы тиіс. Өйткені олар мектеп, колледж немесе жоғарғы оқу орнында оқып, белгілі бір білім алды ғой. Ал орталықта сол білімін пысықтап, әрі қарай жалғастырады, жетілдіреді. Орталық мұғалімдері оларға бірден сөйлеуді, іс жүргізу тілін үйретеді. Курсқа келіп жүрген өрт сөндіруші жігіттер «біздің мамандығымызға байланысты сөздер жоқ екен» деген шағым айтты. Мұны ескереміз деп уәде бердік, - дейді тілдерді дамыту орталығы басшысы Қанат Әшкеев.

Жуырда орталықта қазақ тіліндегі сөздерді жаттауды жеңілдетуі тиіс мультимедиа кабинетін іске қосты.

- Бір деңгейді үш ай, яғни 120 сағат оқытамыз. Сабақ күнде өтуі тиіс. Бірақ адамдардың жұмыс істейтінін ескеріп, сабақ кестесін жұрттың ыңғайына қарай құрдық. Олар аптасына бірнеше рет келеді. Орталыққа кез келген адам келіп жазылуына болады, бірақ біз бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерді оқытуға міндеттіміз. Курсқа жазылғысы келетін адам өтініш жазады әрі жеке куәлігін алып келуі тиіс. Жеке куәлік қалалық сот ғимараты арқылы өткен кезде де керек болады, - дейді Қадыр Әшкеев.

Теміртау қаласындағы тілдерді дамыту орталығы басшысы Қадыр Әшкеев. Теміртау, 13 ақпан 2015 жыл.

Курсқа қатысушыларға үш оқытушы сабақ береді. Қадыр Әшкеевтің айтуынша, олардың қолына берілетін жалақысы 45 мың теңге шамасында.

Теміртау қаласында тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытатын мұндай басқа орталықтар жоқ. Бірақ ақылы қызмет көрсететін репетиторлар бар. Олардың қызмет көрсету құны әр қалай. Мысалы, Теміртау тұрғыны Гүлсара клиенттерін үйінде оқытады және бір сағатқа 700 теңге алады. Жеке репетитордың айтуынша, Теміртауда қазақ тілін үйренгісі келетіндер аз.

- Әзірше тұрғындар қазақ тілін ақша төлеп үйренуге әзір емес сияқты. Біз жеке репетитор сияқты емес, заңды күші бар мемлекеттік сертификат береміз. Егер адам курстан сәтті өтсе, сертификат беріледі, ал үлгерімі нашар болса, анықтама қағаз ғана береміз. Бірақ ондайларға екінші мәрте тегін оқу мүмкіндігі берілмейді, - дейді Теміртау қаласындағы тілдерді дамыту орталығы басшысы Қадыр Әшкеев.

ӨЗ ШЫҒЫНЫН ӨЗІ ӨТЕУ

Жуырда Теміртау қаласы әкімдігінде тіл орталығының тиімділігі мен оны дамыту перспективалары талқыланды. Билік орталық қала бюджетінен қаржыландырылатындықтан бұл мәселені бақылауда ұстап отырғанын айтады. Биыл оны қаржыландыруға 14 миллион теңге бөлінген.

Әкімдік аппараты мәжілісінде қала әкімі Нұркен Сұлтанов орталық директорынан:

- Орталықта көп адам оқып жатыр ма? Ертең, бүрсігүні немен айналыспақсыздар? Мемлекеттік қызметшілерді ғана оқытумен шектелмексіздер ме? Бұлай болмайды. Біздің бәрімізді оқытып болған соң не істемексіздер? Жоспарларыңызды білгім келеді. Бұл қала бюджетінен бөлінетін қаржы ғой. Бізде орталық бар деп есеп беруге жақсы, әрине. Біз бұл орталықты ашуға тиіс болдық, өйткені өзге аймақтардың бәрінде мұндай орталықтар бар. Бұл жағынан сұрақ жоқ. Мүмкін, орталық өз шығынын өзі өтеуге көшуі тиіс шығар? Әлде ақылы курстар ашамыз ба? Мүмкін, мемлекеттік қызметшілерді тегін оқытып, ал қалғандарын... Халықтың өзге топтарымен жұмыс істейсіздер ме? - деп сұрады.

Курсқа көбінесе шенеуніктер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана қатысып жатқанын, ал өзге тұрғындардан екі адам ғана жазылғанын естіген Теміртау әкімі қала тұрғындарының назарын аудару үшін және оларды қазақ тілі курстарына көбірек келтіру үшін тілдерді дамыту орталығы әкімшілігіне халық арасында қазақ тілін жарнамалауды ұсынды.